Қалаулы істе қадір бар
Ниет етсе, бітпейтін іс болмайды екен. Ол тіпті жасқа да қарамайды-ау. 80-ге таяған шағында Зарқұм Сартайұлы жары Дина Базаралықызымен сонау Алматы шаһарынан жеңіл көлікпен қатынап жүріп, өз қаражаттарына «Дәметкен ана» оңалту орталығының құрылысын бастап, бірер жылда іске қосты. «Жақсы жоспар – жартылай біткен іс» деуші ме едік, жоспар болғанда да қайырымы мол шаруаны бастау да, әрі қарай ел игілігіне жалғап кету де бір күнде біте салатын тірлік емес. Оған қанша күш-жігер, ақыл-парасат жұмсалу керек. Ауызға оңай болғанымен, қолға алған шаруаның кедергісі де аз болмады. Бірақ дейміз-ау, екі қарияның да жай шағыла салатын жаңғақ емес екені осы істе дәлелденді. «Әрекет түбі – берекет» дегендей, бүгінде орталық жұмысын жүйеге келтірді. Адал да еңбеккеш көмекшілерді тапты. Өздері болмағанда орталықтағы тірлікті солар атқарып, қиын да күрделі әлеуметтік саланың нағыз майталмандарына айналды.
Зарқұм атамыз бірінші зайыбы Дәметкен анамен ұрпақ өсіріп, отбасылық өмірдің ыстық-суығын татады. Коммуникация, транспорт институтының оқытушысы, кейіннен ғылыммен үздіксіз шұғылданған оның жан жары үнемі қолдап, алаңсыз қызмет етуіне жағдай жасады. Балалардың тәрбиесінен ши шығармай, отбасында ұйытқының жарық шамындай болды. Шаңыраққа келген қонақты да қабақ шытпай күтіп, жайдары жүзімен қарсы алып, небір жақсы-жайсаңдардың талайына дәм татқызып, қолынан шай құйып берді. Кейде өмір адамның ырқына көне бере ме? Айрандай ұйып отырған отбасының басына бұлт төніп, балалар анасынан, жары алақанына салып отырған отанасынан айырылды да қалды. Жаның жаралы болса да, жарық дүниенің әрі қарайғы өз қызығы, сәулесі бар. Тірі адам тірлігін жасайды дейміз ғой. Кеткеннің артынан кетпек жоқ. Осылай мұңды күндердің арасынан жылт еткен үміт сәулесі пайда болды. Әйелге қарағанда ер адамның табиғаты бөлек. Оған күтім керек. Үйдің тірлігі бар, балаларға да мейіріммен қарау керек. Азамат үшін ол бір жас та емес, кәрі де емес кез болатын. Жақсы күндердің бірінде екінші рет тағдыр табыстырған адамын кездестіріп, шаңырақтың отын қайта жақты. Жанұяда екі бірдей оқымысты ғалым бір-біріне сүйеу болып, қатпарлы жолдардан содан беріде бірге өтіп келе жатыр. Олар ерлі-зайыптылар ғана емес, әрбір істе демеп, қолдап отыратын сенімді достар, ажырамас жұп.
Дина апамыздың мінезі ақжарқын, жандүниесі жігерге толы. Әр көргенімізде идеялар айтып, орталықтың жетіле түсуіне тынбай еңбек етіп жүргені. Ағамыздың бірінші жары Дәметкен анаға деген құрметі ерекше. Ол кісінің қандай адам болғанын, отбасына сіңірген еңбегін айтып беруден шаршамайды. Жары туралы айтқанда да аузынан «Зәкеңі» түспейді. Есейіп кеткен балалар мен немерелерін де мақтанышпен атап отырады. Олардың қуанышы – өзінің қуанышы, олардың бақыты – өзінің бақытындай. Адам бойындағы зиялыл қасиет осындай да көрініс бермей ме?
Мұны бәрін неге айтып отырмыз. Бар ғұмырын елдің дамуына, ғылымына арнаған қос қарияның қызмет жолы бүгінде қайырымдылық, әлеуметтік іс-шараларымен жалғасқан. Орталықта басында ерікті түрде жұмыс істеген қызметкерлер қазір сол жердің білікті мамандары. Бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған орталық 5-6 жылдың ішінде республикаға танылды. Ғимарат ішін түрлі жабдықпен толтырып, ерекше балалардың жайын жасауға барын салды. Аула алдын жазғы маусымда гүлдендіріп, келушілердің көңілін жадыратып қойған. Мекемеге кіргеннен бастап төргі бөлмесіне дейін Зарқұм Сартайұлының қолынан шыққан түрлі ұлттық нақыштағы ағаш бұйымдары орталықтың бағытын айшықтап, көркін келтіріп тұр. Халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардан жүлде алып жүрген әлеуметтік нысан қызметкерлерінің алған асулары мен шыққан белестері де аудан халқының назарында. Оңалту жұмыстарынан өзге, ерекше балалардың сурет салып, сахнада өнер көрсетуіне де себепкер болып отырған орталықтың алда атқаратын жұмыс жоспары көп-ақ!.
«Еңбектің өтеуі – алғыс» демекші, қартайған шақтарында жеке басты күтіп отыруды емес, экологиялық аймақ болып есептелетін біздің өңірдің жас жеткіншектеріне қайырым қолын созуды мұрат еткен ата мен әже туған жер топырағына оңтүстік астанадан жиі ат басын бұрады. Олардың әрбір келісі бекерден-бекер емес. Бұл жолғы келістің де өзіндік маңызы бар. КСРО «Білім беру ісінің үздігі», инклюзивті мәдени-сауықтыру орталығының негізін қалаушы, Қазақ коммуникация, транспорт университетінің мәртебелі профессоры, «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» Зарқұм Бекжанов 85 жасқа толып отыр. Мерейтой қарсаңында бірқатар құрметтер көрсетілуде. Соның бірі – өзі қызмет еткен жоғары оқу орнында онымен кездесу ұйымдастырылып, иығына шапан жабылса, оқу орнының бір аудиториясы «Профессор Зарқұм Бекжанов» атына берілді. Сондай-ақ, құрметті азамат университеттің бір студеніне өзінің атында арнайы шәкіртақы тағайындап, айына 50 мың теңге көлемінде қаржы бөліп отыр. Профессордың стипендиясына лайықты студент те таңдалған. Үздік шәкірт ғалым атасы атындағы сыйақыны оқу бітіргенше алу мүмкіндігіне ие.
Жуырда ауданымыздың құрылғанына 95 жыл толу мерекесіне орай, Зарқұм атамыз тағы бір марапаттың иесі атанды. Ол ааудан әкімінің қолынан «Ауданның 95 жылдық» мерекелік медалімен марапатталды. Бұған қоса, Қазақ Ұлттық медицина университетінің бала аурулары кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының «Алтын дәрігері» Дина Базаралықызы 25 қазан – Республика күні қарсаңында Астана қаласындағы «Қазмедиа» орталығында өткен ХІ Қазақстанның Азаматтық форумы аясында «Таңдау» республикалық сыйлығының сатанатты марапаттау рәсіміне қатысып қайтты. Онда «Дәметкен» жеке қайырымдылық қоры «Әлеуметтік ықпал және қайырымдылық» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің және «Қазақстан Азаматтық Альянсы» қауымдастығының Дипломымен марапатталды.
– Форумға еліміздің әр жерінен 500-ден аса және онлайн түрінде 2000-ға жуық делегат қатысты. Кең көлемдегі форумда әлеуметтік жобалардың «Азаматтық бастама аумағы» атты көрмесі тамашаланды. ҮЕҰ-дың әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы табысты жұмыстары насихатталды. «Қоғамдық кеңестер институтының дамуы», «Әлем. Әйел. Қауіпсіздік» және басқа да тақырыптарда семинарлар өткізілді. Форумның қорытындысында қайырымдылық шараларына атсалысқандар үшін «Таңдау» сыйлығы өз иелеріне табысталды. Біз өте қуаныштымыз. Мұндай марапаттар – оңалту орталығы жұмысының жетіле түсуіне, алға басуына тың серпіліс береді деп сеніммен айта аламын, – дейді қордың президенті Дина Исмаилова.
Міне, бұл зейнетке шығуға асығып жүретін кейбір отандасымызға үлкен үлгі болғандай. Зейнетке шығу – елге қызмет етуді тоқтату дегенді білдірмейді екен. Қайта керісінше екінші тынысыңды ашады екен. Егде тартқан ерлі-зайыптылардың әрбір ісінен қалаулы істе қадір бар екенін ұғынғандаймыз.
Сәрсенкүл АҚКІСІ