Цифрлық этикетті сақтайсыз ба?
Қазір барлығымыз телефонға тәуелдіміз. Сол арқылы жұмысымыз реттеліп, шаруамыз шешіліп-ақ тұр. Оны мойындауымыз керек. Егер, телефон қолымызда, жанымызда болмаса «емізігін іздеген сәбидей» алаңдап, сабылып кететініміз де рас. Сондай-ақ бәріміз әлеуметтік желінің әрбірінен аккаунт ашып алғанбыз. Уақымыздың көбі интернетпен өтетіндіктен цифрлық этикет немесе дижитал әдеп туралы жақсы білуіміз керек. Өйткені білместікпен өзгелерге қолайсыздық тудырып, араларыңызға сызат түсіріп алуыңыз мүмкін. Жай күні көзбе-көз көргенде қалай әдеп сақтау керек болса, виртуал әлемнің де өзіне тән ережелері бар.
Алдымен дижитал әдеп деген не? Соған тоқталсақ. Бұл әлемнің де жазылмаған заңдылықтары бар. Яғни онлайн-кеңістікте өзіңізге де, өзгелерге де зиян тимейтіндей араласу ережелерін сақтау керек. Бекітілмеген демесеңіз, бірқатар ережені қарай келе, оның ойға қонымды екеніне көз жеткізесіз. Президент жарлығы секілді бұлжытпай орындалу керек деп айта алмаймыз, әрине. Десе де, қарым-қатынас орнатқанда ұстанған пайдасын тигізбесе, зияны болмасы анық. Жалпы шынайы өмірде де ашулы адам жетерлік. Желіде тіпті одан да көп. Сол тұрғыдан алғанда этикет қажет-ақ. Байқап қарасақ, виртуал іс-шараларды ұйымдастырушылар кейінгі кездері байланыстың басты ережелерін басында-ақ бекітіп қоятын болып жүр. Мысалы, бір марафонға қатысып жатсаңыз, ортақ чатқа қосылғанда ең алдымен ережелерді таныстырады. Оның ішінде бір-біріне құрметпен қарау, негатив жазбау, ұрсыспау, боқтық сөздер айтпау дегендей шарттар қойылады. Ережені бұзған адамдарға жаза да тағайындалады. Ендеше, жалпыға ортақ, көпшіліктің ұстануына ұсынылатын ережелерді бірсыпыра тізіп шықсақ.
Ең бірінші виртуал әңгіме барысында тірі адаммен сөйлесіп тұрғаныңызды ұмытпаңыз. Әдеп сақтау керек. Күнделікті өмірде этикетті қаншалықты ұстанатын болсаңыз, цифрлық әлемде де сондай болыңыз. Чат, форум, онлайн-қауымдастыққа қосылған кезде бірінші сөзді жазып, жолдамас бұрын ережелермен танысып алыңыз. Өзіңіздің де, өзгелердің де уақытына құрметпен қараңыз. Егер адамның сізбен сөйлескісі келмесе, ығырын шығармаңыз.
Екіншіден, әрдайым сыпайы болыңыз. Қатесіз жазыңыз. Алайда көпшілік қатесіз жазуды этика әдебі деп есептемейді. Тіпті жастар арасында түсініксіз қысқартылған сөздер де жиі қолданылады. Ал хабарламаларға сауатты жауап беру сіздің мәдениеттілігіңізбен қатар білім деңгейіңізді көрсетеді. Сондықтан беделіңізді түсірмеуге тырысыңыз.
Үшіншіден әлеуметтік желіде дауласудан барынша аулақ болыңыз. Эмоцияңызды ұстай біліңіз. Интернетте анонимдік бар екен деп ойыңызға келгенді жасамаңыз. Біреуді негізсіз қорлау, жалған ақпаратпен жала жабу заң бойынша қудаланатынын да есте ұстаған жөн. Телефон бізге қаншалықты көп қызмет қылса, соншалықты зияны бар екенін де есте ұстаған жөн. Ұялымыздың мүмкіншілігі көбейген сайын, біздің оған енгізіп жатқан жеке деректеріміздің де көп екендігін ескерген дұрыс. Қанша анонимді болсаңыз да, шын іздесе пікір жазған аккаунттың иесін де, телефонын да, мекен-жайын да табуға болады.
Ал енді көбіміз ескере бермейтін офлайндағы цифрлық этикетке келсек. Бір адаммен кездесіп отырған кезде гаджетті оңды-солды қолға ала бермей, керек кезде ғана қолданған абзал. Егер қажет болып қалса, жаныңыздағы адамға міндетті түрде бұл туралы айтып, түсіндіріңіз. Егер аудио не видео түсірілім болатын болса, сұхбаттасушының келісімін алуыңыз керек. Жазып алған әлгі материалдардың алдағы уақытта қолданылатынын ескертіп, рұқсатын сұраңыз.
Кез келген қоғамдық орында, мейлі жұмыста, концертте, кинотеатрда, театрда, кездесу кезінде, жиналыстарда телефон хабарламасының дыбысын да, пернетақтаның тырсылын өшіріп қойыңыз. Бұл басқаларға кедергі болуы мүмкін. Сондай-ақ көпшілік ортада түрлі бейнероликтердің дауысын айқайлатып көру, өзгені күттіріп қойып телефонмен басқа адаммен сөйлесу де ерсі қылықтар.
Сондай-ақ жаныңызда отырған басқалардың телефонына үңілмеңіз. Жеке суреттер мен видеоларды көпшілік жерде қарамаңыз. Өйткені бәрі бірдей «басқаның телефонының экранына қарамау керек» деген ережені ұстанбауы мүмкін. Аса қатты керек болмаса, біреудің телефонын сұрап алмаңыз.
Ал жұмыс барысымен хабарласар болсаңыз, бірінші қазір кең қолданысқа ие «WhatsApp» мессенджеріне хат қалдыруыңыз шарт. Танымайтын адамға ұзақ аудиохабарлама жіберу де этикаға сай емес. Бейтаныс нөмірден келген аудиожазбаны көпшілік тыңдай да бермейді. Өйткені алатын адамға аудиоңызды тыңдау қолайсыз болуы мүмкін. Әрі ондағы ақпарат мәтінге қарағанда есте жақсы қалмайды. Кейін қайта қарап, тауып алуға да ыңғайсыз. Сіз жіберген хатты тыңдау үшін басқа жаққа барып не құлаққап іздеп жүрмесін. Ал хатыңыз жауапсыз қалмас үшін, өзіңізді үш сөйлем арқылы таныстырып, ол кісіге хабарласудағы мақсатыңыз туралы жазба қалдырған дұрыс. Хабарламаңызға 24 сағат ішінде жауап келмесе, немесе сізге тез арада хабар алу қажет болса мынаны қаперде ұстаңыз. Қоңырау шалған кезде ар жақтағы адамның уақыты бар ма, оған сөйлесу қолайлы ма сұрап алу керек. Егер әңгіме ұзаруы мүмкін болса, алдын-ала ескертіңіз. Мүмкін болса, ертерек жоспарлап қойған абзал. Қоңырауыңызды бір рет көтермесе, қайта-қайта хабарласа бермеңіз.
Бұл қарапайым ережелерді ұстану негізі аса қиын емес. Сондай-ақ, көбіне қоңырау шалғаннан гөрі хат жіберген жақсырақ. Себебі қоңырау шалу арқылы қарсы тарапты шаруасынан қалдыруыңыз, орынсыз алаңдатуыңыз мүмкін. Ол адамның сағат белдеуі басқа болса, ол жұмысын аяқтап, ұйықтап жатуы да мүмкін. Сондықтан өзіңізге керек ақпаратты келесі тарапқа да қолайлы форматта алу керек. Аса шұғыл болмаса жұмыс уақытынан тыс уақытта қоңырау шалмаған абзал. Қажеттілік туындаған кезде арадағы келісім бойынша хабарласу керек. Жоғарыда атап өткеніміздей, іскерлік байланыс белгілі бір ережеге шегеленуі керек. Егер сол ережелерді ұстанатын болсаңыз, дұрыс түсінбей қала ма деп қорықпайтын боласыз. Қалай десек те, желідегі әдепті бәрінің білгені жөн. Желідегі әдепті жүйелеу – өзінің де, өзгенің де уақытына құрметпен қараудың айқын көрінісі. Желіде жөнсіздік көрсеткен жанның, өмірде тектілік көрсетуі мүмкін де емес.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА