Келісіп тон пішетін
qarmaqshy-tany.kz Күнделікті өмірде ел басқарған адамдардың басым көпшілігі «өзім білемін» деуден аспайтын. Ал біздің кейіпкеріміз қарапайым да адал болғанын елдік мәселелерді Қармақшының тұлғалы азаматтарымен ақылдаса отырып шешеді екен. Бүгінде Ахметжан Жанпейісовпен қатарлас, болмаса қарамағында қызмет еткен бірен-саран кісілер жоғарыдағы әңгімелерді айтқанды. «Менің өз басым анда-санда мәжіліс-жиындарда кездескенім болмаса, аралас-құралас болған емеспін. Бірақ та ақсары жүзінен қарапайымдылық сезіліп тұратын. Қармақшылықтар айтқандай «жанға жайлы» кісі екен.
Ақаңның шыққан тегі мен өскен ортасын саралап қарасам, Қаңлы әулетінен тараған Қашқынбайұлы Жанпейістен туған. Жанпейісов Ахметжанның өскен жері Қараөзек өзекшесінің түбегі болмаса №8, №9 бекет маңы, нақтыласам, «Майлықұм» ауылы еді. Қазір Қаңлы әулеттерінің ұрпақтары қайтыс болған кісілерін ТереңөзекҚызылорда асфальт жолы бойына (бабалары қоныстанған жеріне) қоя бастады. Ал А.Жанпейісовті 1988 жылы №9 бекеттегі Палымбет, Нұрымбет қорымы аталатын бейітке қойды. Басына қара мрамордан ескерткіш белгі қойылған. Ұмытып бара жатыр екенмін. Ақаңның әкесі Жанпейіс өнерлі адам болыпты. Мешітте азан шақырып, бос уақытында қобыз, домбыра тартыпты. Атақты Қаңлы Жүсіптің ағалары болып келеді.
А.Жанпейісов осынау өмірде қиыншылық пен жақсылықты да көрген кісі. Мұз жамылып, қар кешіп, неміс фашистеріне қарсы соғысқан азамат. Оны кеудесіне таққан орден, медальдар айқындай түседі.
Ахметжан Жанпейісов 1922 жылы бұрынғы Тереңөзек ауданының, қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылында туған, осында оқыған. Алғашқы еңбек жолын Жаңақорған аудандық май зауытында есепшіліктен бастаған. 1941 жылы майданға алынып, №101 дербес атқыштар бригадасының құрамында Мәскеу маңындағы ұрысқа қатысады. Талай рет алға ұмтылып, жауынгерлерді ұрысқа бастаған-ды. 1946 жылы елге оралысымен Сырдария ауданындағы май зауытында директор, 1949 жылы республикалық Дайындау министрлігінің Қармақшыдағы аудандық өкілі. Осы тұста Мәскеудегі алты айлық курста оқыған. 1955-1957 жылдар аралығында Сырдария аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1957-1961 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқып, бітіргесін арнайы жолдамамен Сырдария ауданындағы бұрынғы қызметіне орналасады. Сырдария ауданының мал шаруашылығының өркендеп өсуіне зор еңбек еткен. Жайлау жолы, Сарысу, Арысқұм жайлауларын игеру сияқты жұмыстардың басы-қасында жүріпті. Көз көргендер солай айтады.
Ахметжан Жанпейісов Қызылорда облыстық партия комитетінің шешімімен 1962 жылдың аяғында Қармақшы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1965 жылы бірінші хатшылығына сайланды. Әрине, мұндай абыройлы, асқан жауапкершілік пен адалдықты талап ететін қызметке, есіктен кіріп, төрге шыққан жоқ. Шаруашылық, кеңес органдарындағы атқарған қызметінің жемісі. Оның өмірбаянын білмейтін кейбір кісілер, оны хатшылық қызметінде көреді, солай бағамдайды. Шындығында олай емес, 1932- 1933 жылдардағы ашаршылық жылында әкеден айырылып, колхозшы болған анасы Рзахия көп бейнетті көрсе де ашаршылық жылдары тірі қалған Ахметжанның өсуіне, адам, азамат болуына бар тілегі мен еңбегін арнапты. Қызылорда қаласындағы балалар үйіне өткізеді. Ахметжан кейін ауыл мектебінде 7-сыныпты бітіргесін қаладағы ауыл шаруашылығы техникумында жалғастырады.
Анасы Рзахия Есжанқызының бір әңгімесінде: «...Келесі жылы Ахметжанды детдомнан алып мектепке бердім. Бірақ аяғына киетін бәтеңке болмай, күн жылы кезде мектепке жалаңаяқ баратын». Осы сөздерден оның балалық шағы жайлы болмағанын аңғарамыз.
А.Жанпейісов пен өткен ғасырдың 1950 жылдарында Қармақшыда қатар қызмет атқарған Исатай Әбдікәрімовпен бірге 1962 жылдың аяғында екінші рет Қармақшы жеріне аяқ басты. Партиялық қызметтің қыр-сырын Исакеңнен үйренген болар.
1947 жылы Ақаң Нартай Бекежановтың бригадасында әнші болып жүрген Айзахан Бижановамен бас қосып, ұлды, қызды болды. Балаларын түзу жолға салды. Барлығы дерлік жоғары оқу орындарын бітірген. Араларында ғылым докторы дәрежесіне жеткендері де бар.
Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде кадрларды таңдау, оларды тыңдау, ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша назар аударады. Кең пейіл, қонақжайлығы арқасында космодром генералдарымен тығыз байланыс жасап, олардың көмектерін молынан ала білді. Алғашқы косманавт Юрий Гагаринмен 1967 жылдың 18-қазанында Байқоңырда бірге болып, қарымқатынасты жақсартты.
1975 жылдың сәуірінде «Союз Аполлон» командирі А.Леонов, осы жылдың қарашасында Береговой мен Иван Кожедубпен кездесіп, дастарханынан дәм татырды. Сыйластықтың нәтижесі болар Сырдария өзеніне Қармақшы тұсынан қалқыма көпірдің дұрыс жұмыс атқаруына космонавтардың үлесі болды десек, артық айтпаған болармыз. Жалпы Байқоңырдағы генералдарды Қармақшыдағы қиын істерге тарта білген. 1975 жылы үнемі батпақ болып жататын Бауыржан Момышұлы атындағы көшеге (су ағып кетпеу үшін дамбы соқтырған) тас төсетіп, асфальттандырған. Сондайақ Сырдария өзеніне көпір салу ісін де қозғапты. Мұндай маңызы бар іске кейіннен Елеу Көшербаев араласты.
Сүйіп қосылған Ақаңның жан-жары Айзахан Бижанқызы өзінің естелігінде «Марал ишан мешітіне барып, құран бағыштауға жолға шықтық. Ақаң да басқалар сияқты құранға жығылды» дейді. Марал ишанның шарапаты болар өмірге Дінмұхаммед атты ұл келді. Жұртшылық Дінмұхаммед (Димашты) Қармақшының перзенті деп атап кеткен-ді.
Белгілі ұстаз, тарихшы Сәден Нұртаев та А.Жанпейісовтің 1974 жылдың жаз айларының бірінде «Марал баба» қорымына барып, құран бағыштағанын және ұл баласы Дінмұхаммедті баба басына әкелген беті еді». Осыдан екі жыл өткенде А.Жанпейісов Жаңақорған ауданына ауысты. Көшерінде ол: «... Қармақшының қасиетті топырағына, оның халқына қатты ризамыз. Іздеген жоғымызды таптық. Көгеріп, көктедім» деп аттанды.
Ақаң Жаңақорғанда дос-жандар тапты. Бар жігер-күшімен еңбек етті. Алайда денсаулығы сыр беріп, 1983 жылы зейнеткерлікке шығады. Ол 1988 жылдың қаңтарында Қызылорда қаласында өмірден өтіп, ата-анасы жатқан қорымға жерленеді.
Ақаңның жерлеу рәсіміне қатысқандардың бірімін. Қазасына қайғырған адамдар көп болды.
Ол «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Қармақшы ауданындағы №105 орта мектепке Ахметжан Жанпейісовтің есімі берілген. Бұл — Қармақшы жұртшылығының Ақаңа құрметі. Сондайақ Қармақшының қадірлі ақсақалдары Цай Ден Хак, М.Ұзақов, Ш.Бектібаев, Н.Нақыпов, Е.Кірекесовтермен ағайынтуыстай араласыпты. Қоғам және мемлекет қайраткерлері И.Әбдікәрімов, Қ.Қазантаев, С.Оспанов, Е.Көшербаев, Е.Сексенбаев, Қ.Қуаңбаев, Ә.Әлжанов, Т.Есетов, ақын А.Тоқмағамбетов, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ә.Дайыровтармен етене араласып, сыйласқан.
Шәкіман Бектібаев «Айзаханға арнау» атты өлеңінде:
«...Ахметжан ерте кетті қатардан,
Амал қанша таусылған соң татар дәм.
Жалғасы бар, мың шүкір ғой Аллаға,
Шыққан ұлың Қармақшыдан көтеріліп», – деп басу да айтқан. Ахметжан Жанпейісовті танитындардың басым көпшілігі ақкөңіл, адал, көппен бірге болатын, түйіні көп істерді шешуде жұртшылықпен ақылдаса отырып шешетін, «келісіп тон пішетін» дегендей, жылы сөздерді айтады. Демек, «Халық айтса, қалып айтпайды» демекші, халық сөзі — таразы.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
ауданның Құрметті азаматы