» » Құтқару қызметінің қырандары

Құтқару қызметінің қырандары

qarmaqshy-tany.kz Табиғаттың тосыннан келетін апатына қарсы тұрып күресетін мамандық бар. Ол – құтқару қызметі. Сала мамандары залалмен күресіп қана қоймай адам жанының арашасы да. Адам өміріне төнген қауіпті жағдайларға бірінші болып жетіп, жәрдемдеседі. Су тасқыны, өрт, көлік апаты, тағы да басқа құтқару ісінде өз өмірлерін қатерге тігіп, бек тұрады. Тіпті төтенше жағдайдың алдын алуда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, халықты хабардар етеді.
19 қазан – Құтқарушылардың төл мерекесі. Мамандық иелерінің ең басты міндеті – адам өмірін құтқару, бұл жоғары және жауапты міндет. Бір сөзбен айтқанда халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек, машық, білім мен білік және тәжірибе керек.
Мереке қарсаңында аудандағы құтқарушылардың қызметін оқырманға таныстыруды жөн көрдік. Жалпы ауданда Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты ведомстволық төрт мекеме бар. Олар Төтенше жағдайлар бөлімі, №10 өрт сөндіру бөлімі мен ауданға қарасты Байқоңыр қалалық №8 өрт сөндіру бөлімі және күре жолдың бойындағы медициналық құтқару қызметі. Төтенше жағдайлар бөлімінің негізгі қызметі – аты айтып тұрғандай төтеннен келетін апаттардың алдын алу. Тұрғын үй өртін, судан келетін қауіптерді болдырмау. Осы аталған жұмыстарды басқарып, қадағалау бөлім бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Өмірбек Сақтабаевқа міндеттелген.
– Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті жүктейді. Біз қауіптің алдын алып, оның зардабын жоюға жұмыс істейміз. Мәселен, ауданда тұрғын үй өрті мен суға кету қаупі жиі орын алады. Осыған сай кент және елді мекендерді аралап, тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Нысандарды аралап, өртке қауіпсіздігін тексереміз. Өрт болған жағдайда оның шығу себебін анықтаймыз. Одан бөлек Сырдария өзені аудан үстінен үлкен қашықтықта өтіп жатыр. Көктемде сең жүру кезінде су басу қаупі тіркеледі. Мұндай кезде төтенше жағдайдың алдын алуға 15 қызметтің техникалық әзірлігі мен күштік құралын тексеруге оқу-жаттығу ұйымдастырып отырамыз. Сонымен қатар қараша айының басында «Зымыран – 2023» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу өткізу жоспарланып отыр. Себебі, Байқоңырдан зымыран тасығыштары ұшқан жағдайда аудан апат болуы ықтимал аумаққа жатады. Алда осы жұмыстарды атқару міндеті тұр, – дейді бөлім бастығы.

Өмірбек Жаңабайұлы басқарған инженерлік-инспектор құрамында 4 маман жұмыс істейді. Олар: аға анықтаушы – Данияр Байрахметов, аға инженер – Қайнар Далдиев, инженер – Нұрдәулет Рахымбаев және инспектор – Серіккүл Әбжаева өз ісінің білікті мамандары.
Құтқарушылардың келесі сапындағылар №10 өрт сөндіру бөлімі мен медициналық құтқару қызметі. Айдың, күннің аманында төтеннен өрт шықса, дабылын қосып, өрт сөндіру бөлімі тілсіз жауды ауыздықтауға асығады. Бүгінде бұл бөлімде 35 қызметкер елдің қауіпсіздігі үшін қызмет етуде. Олар төрт ауысым бойынша 24 сағат кезекшілікке түседі. Бөлім басшысы, майор Еркебұлан Қорықбаев өрт сөндірушілердің іс-қимылына жауапты.
Жалпы статистика өрт сөндіруші мамандығын әлемдегі ең қауіпті жұмыстардың қатарына кіргізеді. Себебі, өрт сөндіруші – қаншалықты шаршаса да, көңілкүйі болмаса да әрқашан батыл әрекетке дайын тұратын адам. Ол тілсіз жаудың қанша уақытта өшетінін болжап біле алмайды және келесі өртенген ғимаратта оны не күтіп тұрғанынан бейхабар. Олардың санасына «құтқару» деген ұғым сіңіп қалғаны соншалық, әрдайым тілсіз жаумен бетпе-бет келуге дайын тұрады.
– Өрт сөндіруші қызыл жалынның ортасына кіргенде оның бар назары от ортасында қалған адамды құтқаруға, өртті сөндіруге ауады. Ал алауды ауыздықтау – бүкіл бір команданың жұмысы. Сондай уақытта күш біріктіру – ең басты қағиданы қажет етеді. Бұған қоса, өрт сөндірушілерге шапшаңдық, жүректілік, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік керек. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен де хабардар болуы тиіс, – дейді №10 өрт сөндіру бөлімінің бастығы.

Ал тоғыз жолдың торабы болған Самара-Шымкент тас жолындағы түрлі жазмыш оқиғаларға Иіркөл ауылы тұсындағы медициналық құтқару қызметі дер кезінде жетіп, жедел жәрдем көрсетеді. Құрамында аға дәрігер, фельдшер, фельдшер-диспетчер, құтқарушы және жүргізуші құтқарушыдан тұратын топ, он бес күннен екі ауысым жұмыс істейді. Күре жолдағы құтқару пункті құтқарушылары өзі орналасқан нүктеден елу шақырым қашықтықтағы оқиғаларға барады. Мұндағы мамандардың уақыты есептеулі. Мәселен, шұғыл шақырту түссе дәрігерлер үш минуттың ішінде арнайы көлікпен жолға шығып кетуге міндетті. Жол апатына түскендерді арнайы құралдың көмегімен құтқарып, медициналық көмек көрсетеді.
Құтқару саласының мамандары қандай алғысқа болсын лайықты. Олардың әрбір ісі – ерен ерлікке тең. Себебі өз өмірлерін қатерге тіге отырып, өзгенің өмір сүруіне көмек қолын созады. Ендеше келе жатқан мерекелері құтты болсын дей отырып, дендеріне саулық, қызметте абырой тілейміз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
18 қазан 2023 ж. 385 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031