Мамандық таңдау — маңызды
qarmaqshy-tany.kz Қазіргі таңда мектеп бітіруші түлектердің алдында үлкен өмірге қадам басу, өз-өзін іздеу, өмір алдындағы өз орнын табу таңдауы тұр. Осы мәселеге қатысты мен сіздерге Құтқарушы мамандығын таңдауды ұсынып отырмын. Мамандықтың ең басты міндеті – адам өмірін құтқару, бұл жоғары және жауапты миссия. Халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Апат айтып келмейді. Тосыннан болған апат кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек, машық білім мен білек және тәжірибе керек.
Әр өңірдегі департтаментте де жедел құтқару жасағы, өрт сөндіру, апаттық медицина, судан құтқару секілді бірнеше құрылым бар. Құтқарушыларға физикалық жағынан мықты әрі кәсіби маман болу жеткіліксіз. Өйткені, олардың тынымсыз қызметінде апат, зілзала, өрттен бөлек түрлі жағдайда зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетуге де тура келеді. Бұл мамандық ең игілікті деп бекер айтылмаған, себебі өрт сөндіру, адамдарды құтқару – нағыз ерлік. Қиын әрі аса қауіпті жұмыс болғанымен көптеген ер-азаматтар осы мамандықты таңдауда. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитеті Көкшетау техникалық институты еліміздегі құтқарушыларды дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны болып табылады.
Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына қабылдау және іріктеу Ережесіне сәйкес Академияның іштей оқу бөліміне Қазақстан Республикасының 25 жасқа дейінгі және оқу жылының басына дейін 17 жасқа толған, орта және жалпы орта білімі бар, әскери қызметке денсаулығы жарамды, оқуға түсерде емтиханды (қазақ немесе орыс тілі, Қазақстан тарихы, физика және математика пәндерінен) жетістікпен тапсырған және сайыстан мүдірмей өткен азаматтар қабылданады. Академияда іштей оқу мерзімі 4 жыл. Бұл шұғыл әскери қызметке теңеледі. Академия курсанттары республикалық, облыстық және қалалық спорттық, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысады. Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған әскери шерулерінің тұрақты қатысушылары қатарында. Іштей оқуға түскен азаматтар казарма тәртібі бойынша мемлекет есебінен тамақтанумен, шәкіртақымен қамтамасыз етіліп, жақсы жабдықталған жатақханада тұрады. Оқуды тәмамдаған соң, түлектерге мемлекеттік үлгідегі диплом тапсырылып, арнайы «Азаматтық қорғау» лейтенанты атағы беріледі. Түлектер әрі қарай ҚР ТЖМ органдарында және бөлімшелерінде қызметін жалғастыру үшін жолдама алады.
Е.ҚОРЫҚБАЕВ,
Қармақшы ауданы №10 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры