» » Лудомания: қоғамға келген қатер

Лудомания: қоғамға келген қатер

Кейінгі кезде елімізде құмар ойынға беріліп, зардап шегушілер саны артып бара жатқаны жасырын емес. Бұл ғасыр дертіне айнала бастады. Сарапшыларға сенсек, соңғы екі-үш жылда елімізде букмекерлік кеңселер мен казинолар саны сегіз есе өсіпті. Ал олардан түсетін қаржы айналымы – жарты триллион теңгеге жақындаған. Мұндай жеңіл жолмен ақша табуға деген шектен шыққан құмарлық әсіресе, кешегі ел басына күн туған індет кезінде тепсе темір үзетін жігіттердің арасында өрбіген көрінеді. Соның кесірінен қаншама үміт үзілді, қанша тағдыр күйреді. Ата-ананы уайым басты. Шаңырақтар шайқалды, талай отбасы ойран болды. Расында да қоғам болып алаңдарлық жайт. Біздің қоғамға келгеніне көп болмаса да көпті күйретіп үлгерген құмар ойын мен оған құмартушылар туралы сараптасақ. Кінә кімнен? Себеп неден? Шешім бар ма?

Құмар ойын көптің назарында
Құмар ойын – адамның біліктілігіне қарағанда, сәттілік арқылы жүзеге асатын, жеңіл жолмен байлыққа кенелудің бір түрі. Алайда, бұл оңайлықпен келетін нәрсе емес. Себебі, құмар ойындардың заңдылығы да осында. Әуелі ұйымдастырылған сәттілікпен жеңіске жеткен ойыншы, қанағатсыздық танытып, олжасын еселегісі келеді. Әйткенмен, стратегия бойынша, адам ақыры соңында қалай болмасын жеңіліске ұшырауы шарт. Барынан айырылғанымен қоймай, келесі жолы айым оңынан туады деген соқыр үміттің арбауында қалып, тоқтаусыз келе беретіндер де аз емес, тіпті көбейіп барады.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелерін қарастырды. «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды» деді президент. Ол осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды. Осыған байланысты мемлекет басшысы салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеді.

«Президент құмар ойынға тәуелді азаматтардың қатысы бар қылмыстар көбейгеніне құқық қорғау органдарының назарын аударып, алдын алу жұмыстарын жүргізіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді. Президент елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті» делінген Ақорда хабарламасында.

Сондай-ақ әскерде де құмар ойынға құмартқандардың қатары көбейген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Жастарды қолдау жөніндегі республикалық Кеңес отырысында айтты. «Әскердегі қоқан-лоқы көрсетудің ар жағын зерттеп қарасақ лудомания тұр. Тіпті, бөлімше командирі өздері ойынға кіріп кетеді де, қарамағындағы қарапайым сарбаздарды ұрып-соғып, үйінен ақша әкелуді талап етеді. Бұның барлығы өмірде болып жатқан оқиға. Сондықтан Қорғаныс министрлігі бұл мәселеге жеке мән беру керек деп ойлаймын. Министрліктің өкілдері де осындау іс-шараларға қатысуы керек» деді Ринат Зайытов.

Депутат лудомания дертінен қоғамды қорғау үшін танымал тұлғалардың аудиториясын пайдалану керек екенін айта кетті.
– Тағы бір маңызды дүние – үгіт-насихат жүргізу. Қорғаныс министрлігі Жоғары білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, танымал тұлғаларды пайдалану керек, себебі ойын платформаларды тек қана танымал тұлғалар пайдаланады. Содан кейін жастардың сүйікті футболшылары сондай (ойын жарнамасы жазылған) футболка киіп шыққаннан кейін, соны насихаттағаннан кейін оған (құмар ойынға) өте оңай. Оған қарсы қолданылатын қару тек қана өнер жұлдыздары, блогерлер бір ауыз сөзбен айтқанда қоғамдық пікір айта алушылардың барлығын тартып, өңірлерге жіберуіміз керек, – деді мәжілісмен.
Ринат Зайытов «лудоманияның салығынсыз өмір сүре алмайтын болсақ, қарапайым адамдарға ойынның қолжетімсіздігін арттырайық. Мысалы жеке шотында 10 млн-нан кем қаржысы бар адам ойын ойнай алмайтын болсын» деген ұсыныс білдірді. Бұған дейін де Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жыл басынан бері қазақстандықтар құмар ойынға 100 млрд теңге жұмсағанын айтқан болатын. Бұл тақырып осы уақытқа дейін де көптің талқысында еді. Ал қазір су бетіне қалқып шығып, үкімет бақылауына көшті. Оң шешім боларына үміттіміз. Десе де, бұл дерт біздің қоғамға қашан, қайдан келді?

Тарихқа зер салсақ...
Құмар ойындардың тарихы ежелден бастау алады. Бүкіл әлемдегідей, көне Үндістанда да ертеде сүйек ойыны белгілі болған. Ол жайында «Бхавишья-пурана», «Махабхарата» қолжазбаларында деректер сақталған. Мәселен, осы кітаптардың бірінде сүйек ойынына берілген ханзаданың мал-мүлкінен, билігінен, тіпті, әйелінен айырылғандығы хақында жазылған. Грек-рим тарихы да құмар ойындардың болғанын дәлелдеді. Ал, немістерде жеңіліс тапқан ойыншы өз азаттығынан да айырылып, ортаға тігер ешнәрсесі қалмағанда, құл болып кетуге де барған деседі. Қытайда құмар ойындардың арқасында бүкіл бір армия қаржыландырылып отырған екен. 1700-1709 жылдары оның арқасында британ колонияларын тамақтандырған. Бірнеше жыл артқа салып, америкалықтар лотореяны білім беру жүйесіне пайдаланған. Бастапқыда тек сүйек лақтыру арқылы ғана ойналатын ойын 1423 жылдары картаға көшкен. Қазір де оның бірнеше түрі танымал. Құмар ойындардың дамуы кез-келген адамның ойнау құқығы бар ғимараттардың іске қосылуынан басталды.

Оның кең етек жайғандығы соншалық, құмар ойындар турасында әдебиет пен өнер де құр алақан емес. Мысалы, Пушкиннің «Пиковая дама», Гогольдің «Ойыншылар», Лермонтовтың «Маскоде», «Шотоссе», Достоевскийдің «Ойыншы», Мандельштамның «Казино» сынды туындылары адам өмірінде құмарлықтың алатын орны жайынан сыр шертеді. Онымен қоймай, ХVІ ғасырдағы Виллем Дейстер, Жорж де Латур, Караваджолардың құмарлықтың тағдырға әсері хақындағы танымал картиналары да дүниеге келген. Ал, бүгінде, даму қарқыны жоғары болып отырған құмар ойындар ойнауға болатын арнайы қалалар да бар. Олар Лас-Вегас, Монте-Карло. Лас-Вегас – АҚШ-тың Невада штатында орналасқан. Ол әлемде ең үлкен ойын бизнесінің орталығы болып табылады. 80-ге тарта казино мен 1000-ға жуық ойын павильондары, күн сайын болатын шоу бағдарламалар мен ұтыстар қалаға ағылған туристер санын арттыруда. Моннако кінәздігінің қаласы Монте-Карлода дәл осындай жағдай орын алған. Әйткенмен, бұдан бөлек әлемнің кез-келген нүктесінде отырып ойнауға еркіндік берілген ғаламтор арқылы жүзеге асатын онлайн құмар ойындарын қолданатындардың саны тіптен көп. 1994 жылы Microgaming компаниясы ойлап тапқан платформаның арқасында онлайн түрінде құмар ойындарды еркін ойнауға болады. Ол әзірге дәстүрлі казинолармен теңеспесе де, қолданушыларға көп мүмкіндік туғызып отыр екен. Құмар ойындардың интернет арқылы жүзеге асатынынан бөлек бірнеше түрі ажыратылады. Олар: ойын автоматтары, букмекер орталықтары, лоторея, викториналар мен ұтыс ойындары, тотализатор, карта және казино. Ойын автоматы ең алғаш 1887 жылы Англияда ойлап табылған. Өз жұмысын ойыншы қаржысын апаратқа салғаннан кейін ғана бастайды. Адамды қызықтыратын ең тартымды тұсы өміріңде жеңіп ала алмайтын, бос сандырақ «джекпот» екен. Букмекер орталықтары – ақша тігу арқылы жүзеге асады. Әсіресе, спорт, саясат тұрғысынан жасалатын бәстердің негізінде пайда болған. Тотализатор – әсіресе, жануарлар қатысатын бәйгелерге бәс тігу арқылы жүзеге асады. Викторина, лотерея және ұтыс ойындарын – құмар ойын деп ойламауымыз да мүмкін. Десек те, күнделікті жеңіл жолмен ұтысқа кенелу әркімнің қалайтын дүниесі. Алайда, бұның да дерті бар. Құмар ойындардың бұл түрі 6 ғасыр бойы ойналуда. Карта – құмар ойындардың ең қорқынышты түрі. Соның ішінде покер деп аталатын түрі ойынханаларда үлкен сұранысқа ие. Аталған ойын түрінен күллі әлем танитын профессионалдар бар. Профессионал ойыншылар ойынхананы бизнес көзіне айналдырып, көлемді қаражат тауып отыр. Казино – Еуропада 1638 жылдан бастап ойналып келеді. Бертін келе Венецияда, 1765 жылдан Францияда кең етек жайған. Бұл құмар ойындарының барлығының жиынтығы, топтық құмарлық болып саналады.Жоғарыда айтылған құмар ойындардың әрбір түрінің айтарлықтай қаупі бар.

1917 жылға дейін біздің елімізде құмар ойындардың карталық түрі жеке клубтар мен орталықтарда ғана ойналып жүрді. Қалталылар мен профессионалдардың заңсыз ойындары әсте қадағаланбаған болатын. 1989 жылдан бастап, КСРО аумағына ойын автоматтары таратыла бастады. Оның ішінде Қазақстанға да бұл дерттің басы жетті. Ал 1993 жылдары казинолар ашылып, 2000 жылға қарай Қазақстанның ірі қалалары ойынханалар желісіне айналып, тәжірибесіз азаматтарды өзіне тарта бастады. Мемлекетімізде адам бойында пайда болатын бұл дертке байланысты заң да қалыптасқан. Құмар ойындар жайында қарастырылған арнайы заңнама 17 баптан тұрады. Заңның 15-бап 1-тармағы бойынша, жиырма бір жасқа дейінгі азаматтардың құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуына тыйым салынады. Алайда телефон арқылы ойнауға тыйым жоқ.

Таптырмайтын табыс көзі
Расында, ойын-сауық бизнесіне бізде тыйым салынбаған. Ешқандай шектеу жоқ. Осы саланың өкілдері мұны барынша тиімді пайдаланып-ақ жатыр. Қазір әлеуметтік желілерде ұтылыссыз ойынға бәс тігу, несие алу, түрлі депозиттерді ұсынған жарнамалар қаптап жүр. Тіпті онлайн-бәс тігу дегенді де шығарып қойған. Осының бәрі – құмар ойынға жол ашатын бірден-бір баспалдақ. Сарапшылардың айтуынша, орасан табыс көзі букмекерлік кеңселер мен казинолардан гөрі, қатардағы қазақстандықтардың осындай жарнамаларға бәс тігуінде жатқан көрінеді.

Онлайн-бәс тігу деген пандемия кезінде тіптен өрістеп кетті. Психолог Арай Каналбекова адамдардың сол бір сыртқы әлемнен бөлініп қалған кездегі іс-әрекеттерін «суға кеткен тал қармайдының» кері деп бағалайды. «Жұмыс та, сауда жасау да, көңіл көтеру де онлайн болған кезде адамдарға жеңіл ақшаның жолын ұсынушылардың айы оңынан туғанын жасыруға болмайды. Көбі үйлерінде отырып, уақыт өткізіп, жиған-терген ақшаларынан айырылды. Өйткені ол кезде ақша ұтқандардан ақшасын ұтқызғандар анағұрлым көп болды. Мәселен, сол кездің нақты бір айғағындай елорданың бір сауықтыру орталығында осындай ойын бизнесінен дертке шалдығып, ем алып жатқан 60-70 адамды білемін. Олардың жартысынан көбіне (80 пайызына) «лудомания» диагнозы қойылған. Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, мұндай адамдардың 90 пайызы өзінің тәуелділігін мойындамайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша лудомания ресми түрде психикалық ауру деп танылды. Сондықтан оған шалдыққандар мәжбүрлі түрде емдеуге жатқызылады» дейді ол.

Қазір елімізде 350 мыңға тарта лудоман бар делінеді. Олардың тең жартысынан көбі – жасөспірім көрінеді. Бір ойыншының қарызы орта есеппен 10 миллион теңге шамасында. Құмар ойыншының әр 10 жұбының 7-уі отбасынан безгендер, яғни айырылысып кеткендер. Суицид, асылып өлу, ұрлық-қарлық, кісі өлтіру де осы лудомандар арасында көп кездеседі.

Ал лудомания – адам өмірінде басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Азарт адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратқан жоқ, сондай-ақ рухани тұрғыда да әбден азғындатты.Лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Олардың негізгі пациенттері – букмекерлік кеңсе ойыншылары. Қазір онлайн ойындардың құрбаны болғандар да өз қателерін мойындап, орталық қызметіне жүгінеді екен.

Емі бар ма?
Құмар ойыншы өзіне, айналасындағыларға ғана емес, мүлде бейтаныс жандарға да кесірін тигізеді. Көңіл-күйінің тез құбылмалылығы мен өзін-өзі ұстай алмауынан кез-келгенге қол көтеріп, дөрекі сөйлеп, жеңілісінің өшін алуы мүмкін. Кейде ішімдікпен басып жатады.
Мамандардың айтуынша, адамдарға «лудоман» диагнозын қою үшін бірнеше белгілері сәйкес келуі керек екен. Оның айтуынша, қанағаттанбаушылық, жалғыздық, жұмыс істемей байып кету және психикалық дертке жақындығы бар адамдар «лудоман» қатарын толтыруы бек мүмкін.

Адам құмар ойынға тәуелді болар алдында бірнеше кезеңнен өтеді. Бастапқы кезең – жеңіс фазасы. Бұл кезде бірнеше рет асығы алшысынан түсіп, оңай олжалы болу деген ой санасын жаулап алады. Жеңіс фазасында бәс құны аз болғанымен, ойынға жұмсайтын ақша мен уақыт жылдам өсе бастайды. Бұл жеңіліс фазасына әкеліп соғады. Онда лудоман қарызға, кредитке ақша алады. Ақыр соңында белшесінен қарызға батып, жұмысынан да айырылады.

Мұның барлығы көңілсіздік фазасына келіп тіреліп, туған-туыстармен қарым-қатынасы нашарлап, отбасынан айырылады. Ойынға құмарлығы тоқтамаса, қылмыстық жолмен қаражат табу схемасы ойластырыла бастайды. Дер кезінде ем-дом шараларын бастамаса, дерт соңғы кезеңге жетеді. Яғни, шарасыздық фазасында науқас алкоголизм, наркомания дертін қосып қана қоймай, қамаққа алынып, өз-өзіне қол жұмсайтындай халге жетеді екен.

Психологтің айтуынша, лудоманияны емдеудің негізгі тәсілі психотерапиялық методика.Науқастың емделіп шығамын деген ұмтылысы мен келісімі аса маңызды. Емдеу кезеңі қиын әрі көп уақытты талап етеді. Бойынан бірінші фазаның белгілерін байқаған адамға көмек пен қолдау қажет. Өйткені, білікті психолог пен психотерапевтке жолығып, топтық психотерапияға сеанстарына барған уақытта ғана нәтижеге қол жеткізеді екен.

Барлық дәрі-дәрмек тек емдеуші дәрігердің қатаң бақылауымен тағайындалады. Әрине, мұндай жағдайға тап болған құмар ойын­шыны ең бірінші психологтар емдеп, ал тым тереңдеп кеткен, күрделі жағдайларда психотерапевтер мен психоаналитиктер араласады. Бір айта кетерлігі, Қазақстанда бүгінгі таңда бірде-бір мемлекеттік сауықтыру орталығы болмай тұр. Тек бұл түйінді түйткілмен айналысуға көмектесетін жекеменшік сауықтыру-оңалдыру орталықтары мен қоғамдық қорлар ғана жұмыс істейді.

Тағы бір айта кетерлігі, құмар ойынға салынған адамның өзімен ғана емес, отбасымен бірге жұмыс жүргізуі тиіс екен. «Тәуелділік – бір ғана адамның мәселесі емес, отбасының мәселесі. Тәуелді адамның өзін ғана емес, оның ата-анасын да емдеу қажет. Себебі, емделіп шыққан адамның сол жолға қайта салынуына 70% ата-анасымен қарым-қатынасы әсер етеді.  Алайда, осы жұмыстардың нәтижелі болуы 99% емделушінің ынтасына, ерік-жігеріне байланысты. Емделушінің өз қалауы, ерік-жігері болмаса, құмар ойынына тәуелділік ешқашан емделмейді» дейді психолог Арай Каналбекова.
Кешенді шара керек
«Бір қиыны, Қазақстанда ойын бизнесінің қауіптілігіне әлі жете назар аударылмай отыр. Бұл сала нақты бақыланбайды. Шыны керек, бұл – қоғам дерті. Оны шешу үшін кешенді шаралар қабылдануы тиіс. Құмарға берілген адамның бүкіл сана-сезімі соған тәуелді болып қалады, дұрысын айтқанда уақытын босқа өткізіп, жіпсіз байланады. Егер ол адамның отбасы болса, бүкіл жауапкершілігінен айырылып, соңында отбасының шырқы бұзылады. Бұл нағыз қасірет емес пе?» дейді кент тұрғыны Нұрбек Сабыров.

Бізде де мұндай кісілер аз емес. Түр әлпеті мен киім киісі дұрыс, әңгімесінен салмақты ой, патриотизм аңқитын, бірақ қарыз сұрап, жан-жағын мезі ететін адамдар көбейіп барады. Тіпті, күнімен қара жұмыс істеп, кешке бар тапқанын ойын автоматына салатын кей жігіттерді білеміз. Адамды құрығына түсіру үшін айтқан сөзін жүрекке тигізіп, дегеніне жететін қабілетіне еріксіз таң қаласыз. Мұндай азаматтар ортамызда жүр. Тіпті сіз оны аңдамай да қалуыңыз мүмкін.

Жалпы мұндай азаматтардың өзгелерді алдап-арбап мақсатына жетуі бір бөлек, осы ісі арқылы сенімге селкеу түсіріп, адамдарды қарапайым қиналғанға қол ұшын созатын қасиетінен айырып жатқандай әсерге қалдырады.

Өмір болғасын неше түрлі жағдай болады. Дегенмен аталған дерттің кесірінен қанша жан, қанша отбасы жапа шегіп, адамдар арасында бұрыннан келе жатқан жақсы қасиеттер жоғалып бара жатқаны өкінішті. Ойын-сауық бизнесін, оның жарнамасын, орналасқан жерін заң, мемлекеттік әкімшілік ресурс арқылы реттеп, шектемесе, жаңа құрбандар көбейе бермек.

Расында да, құмар ойынға тәуел­ділік мәселесі қоғамды толғандырады және қатаң шешімдер қабылдауды талап етеді. Бүгінде жастар арасында да есірткінің, әсіресе синтетикалық заттардың заңсыз айналымымен қатар ойын құмарлықтың да белең алып бара жатқаны өкінішті-ақ. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке төнген үлкен қатер. Мұндай келеңсіздіктерге қарсы тұру үшін лудомания да – нашақорлық сияқты әлеуметтік құбылыс ретінде қоғамда қатаң айыпталуы керек. Жастармен әлеуметтік желілер арқылы жан-жақты әрі жиі ақпараттық жұмыстар жүргізуі керек. Ең бастысы, мұны үкімет назарға алып, кешенді шаралар қабылдағаны жөн. Әйтпесе, ертең бәрі кеш болады.

Түйін
Ата-бабамыз «Ойынға ойсыз құмар» деп дөп басып айтқан. Бабалар тарихына үңілсек, құмар ойнау деген ұғым қазақ танымында болған емес. Дінімізде де бәс тігуді құп көрмейді. Қазақ «тілсіз жау» деп өрт пен суды атаса, бүгінгі қоғам бейнесіне қарап, өз тұжырымымызда үшінші жау ретінде «Лудомания» дертін де қосуға болады. Бұл дерттің өрттен несі кем? Үнсіз келіп адами құндылықты өрттей жалмап, талай жастың ғұмырын жалындай шарпиды. Бұл – біріне бизнес болса, біріне құмарлығын қанағаттандыратын іс болып есептелетіні хақ. Соған қоса, ол қазақ қоғамының тамырын кесетін, қасіретті әрекеттердің бірі. Тек қазақ қоғамы ғана емес, адамзаттың – індеті, дерті. Сондықтан, әр адам өз құмарлығы мен нәпсісін тыя білуді үйренсе дейміз. Бұл жерде нәпсімен саналы түрде тоқтау болмаса бәрі бекер. Ойынға құмарту –өміріңді өз қолыңмен құрдымға жіберу. Таңдау – өзіңізде.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
20 қыркүйек 2023 ж. 903 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 264

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 363

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930