Адал қызмет алғысқа бөлейді
Күз – ең жомарт, молшылыққа толы бай мезгіл. Бұл уақыттағы науқан кезі астық пен егіннің, жеміс-жидек пен көкөністің уылжып пісіп, қазан болатын маусым. Көктемнен басталған тынымсыз тірліктің қайтар кезеңі, еңбектің еселенер шағы. Қайнаған тіршілікті, берекелі бірлікті, асып-тасқан молшылықты көз көретін сәтке жақындап қалғандаймыз.
«Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, аудан шаруалары күзгі жиын-терім науқанына белсене кірісіп кетті. Қандай қоғам болмасын, оның әміршісі ол әрине – еңбек. Адал тер төгіп, еңбек еткеннің жүзі жарық, мерейі үстем, жолы ашық болары анық. Олардың қатарында жас та болса еңбегімен көпке үлгі болатындары бар. Солардың бірі дүроңғарлық –Амангелді Мәмбетов.
Ол еңбектің арқасында, диқаншылықтың астарында даналық жатқанын ұғынып жүрген жан. Негізі, кәсібіңді жан қалауымен жасасаңыз, қай салада болмасын шыңға шығуға болады. Біздің әңгімеге арқау болып отырған кейіпкеріміз өз кәсібіне деген адалдығынан айнымайды. Оны алғашқы орақ түсу рәсіміндегі күрішті қолға алып суретке түскелі жатқан сәтте байқап қалдық. Орынсыз шашпауымызды сұрап, өзінің күтіп-баптаған күрішінің қадірін біліп, басқаларға да айта жүргеніне сүйсіне қарадық.
– Адам адал өмір сүрсе, қашанда Алланың қамқорлығында жүреді. Өзін өзі сыйлайтын, өзін қастерлейтін адам баласы үшін адал өмір сүргеннен артық мәртебе жоқ. Әділдік пен тазалық осы адалдықтан шығады, – дейді кейіпкеріміз.
Амангелді Рахманұлын қоғам тынысына дем беріп, қауым елдің жан қалауына айналған, бейнеті мол саланың шын шебері ме дерсіз?! «Жаңажол» ЖШС-де 2010 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ол шаруашылықтағы №4 егіс бригадасында күріш сушысы. Комбайнға отырғанына екі жылға жуықтапты. Сондай-ақ биыл 53 гектар жерге егін егіп, жақында Дүр Оңғар ауылында өткен алғашқы орақ рәсімінде еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің алғыс хатымен марапатталды.
– Күрішпен тілдесе білсең ғана табысқа жетесің. Яғни, бабын тапса Жер-Ана да несібесін аямайды. Әрбір күрішші жер мен дақылдың жайын жетік меңгерсе, жомарт жер өнімді мол береді. Тынымсыз тірлік еткеннің мерейі қашанда үстем болады. Біз мезгіл таңдамай, күні-түні еңбек етеміз. Еңбектің еленгеніне қуанамыз. Аллаға шүкір, республикадан алғыс алдым, бұл мен үшін мәртебе, – дейді қуанышын жасырмай.
Күз болғанда ерте көктемнен қоңыр күзге дейін уақытпен санаспай, күннің ыстық-суығына да қарамай, сайманын сайлаған еңбеккерлердің маңдай теріне қарап жадырай түсеміз. Диқандар да қамбаға астық толсын деп жатпай-тұрмай, өнімді өз баласындай мәпелей өсіреді. Жайлылықты қажет ететін егіншілік талай диқанның құтты орнына айналғандай. Көктемде тырбанып, жер тырнаған диқанның бейнеті өтелетін шақ қой бұл. Күзгі күн райы да қарасып тұр. Диқандарға да керегі осы. Енді кезекте төкпей-шашпай мол өнім алып, табысқа кенеліп, еңбеккерлердің еңбегі ақталса деген ізгі ой біздікі.
Ақнұр САҒЫНТАЙ