Құт-береке дарыған, жыр тербеген
qarmaqshy-tany.kz Қармақшы ауданы Қызылорда облысының орталық бөлігінде орналасқан. Ол 1928 жылы құрылған. Жер көлемі – 31 мың шаршы шақырым. Орталығы – Жосалы кенті. Жерін толығымен Тұран ойпаты алып жатыр. Қиыр солтүстігінен Арал Қарақұмының Жіңішкеқұм және Көлқудықұм құмды алабы, орталық тұсында Алақайдың ақтақыры және Жосалы даласы, оңтүстігінде Қызылқұмның төбелі құмдары орналасқан.
Қармақшы ауданы жерінің ең биік жері солтүстігіндегі «Тарғыл тауы» биіктігі – 160 метр. Аудан жерінің орта тұсынан Сырдария өзені ағып өтеді. Оңтүстігінде Сырдария өзенінің ежелгі арналары Жаңадария, Іңкәрдария өзендерінің ескі арналары жатыр. Қармақшы ауданының жерінде «Ташкент-Орынбор» теміржолының 110 шақырым телімі өтеді. Байқоңыр ғарыш айлағы түгел ауданның аумағында орналасқан. Байқоңыр ғарыш айлағы салынбаған кезеңде «Жер кіндік» деген жота тау іспеттес қазір ұшыру алаңы орталығына айналған.
«Қармақшы» атауы XVII ғасырдан бастау алған. Қараөзек арнасының Сырдария өзенімен қиылысқан жерін ежелгі тұрғындар «Қармақшы өткелі» деп атаған. Ресеймен байланыс орныға бастаған жылдардан (шамамен 1850 ж) осы өткел «Қармақшы форт-2» деп аталған. Аудан аумағында Қорқыт ата мазары, «Жеті асар», «Шірік Рабат», «Сырлы там», «Қосқала» секілді көптеген көне заманның тарихи-архитектуралық ескерткіштері бар. Аты аңызға айналған орта ғасыр ойшылы, күй атасы Қорқыт бабаға, «Рүстем-Дастан» эпосының қазақша нұсқасының авторы, алты шығыс тілін меңгерген классик ақын, Сыр бойының Абайы атанған Тұрмағамбет Ізтілеуовке, Екінші дүние жүзілік соғыс майданында қаза тапқандарға арналған ескерткіштерді ауданды 8 жыл басқарған болжампаз, көреген басшы Елеу Көшербаев салдырғанын қазіргі жастардың бірі білсе, бірі білмес. Сонымен қатар сол жылдарда ауданда Сырдария өзеніндегі уақытша жинамалы көпір орнына стратегиялық маңызы бар «Самара-Ташкент» үлкен көпірі салынды. Қармақшы кеңшарындағы «Абыла» теміржолы бекетінің үстінен асып өтетін стратегиялық маңызы үлкен көпір салынды. Сол жылдары «Ташкент-Орынбор» теміржолы үстінен асып, Жосалы кенті теміржолы үстінен де салынған көпір пайдалануға берілді. Сол жылдары аудан орталығы Жосалы кентінен музыка мектебі ашылып, оған арнайы 60 орындық жатақханаға арналған бөлмелері кең, жарық мекен-жай салынды. Мектеп арнаулы музыкалық білімі бар мамандармен толықтырылып, алғашқы шәкірттерін қабылдап, өз жұмысын бастап еді.
Сол жылдары аудан орталығы Жосалы кентінде 2 қабатты қонақүй бой көтеріп, партия конференциясына сайланып келген делегаттарды алғаш рет қабылдап еді. Ал Елеу Көшербаевтың басшылығымен салынған Қорқыт бабаға орнатқан ескерткіші түркі тілдес елдердің ортақ рухани құндылығына айналса, Сыр бойының дүлділ ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуовке орнатылған ескерткіш бүкіл қазақтың мәдени байлық қорына айналып, Тұрмағамбет ақынның 100 жылдық мерейтойы 1982 жылы маусым айында Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы 10 күндігімен ұштастырылып өткізілген еді. Сол жиынға Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы, ақын Жұбан Молдағалиев, ақын Әбділда Тәжібаев, сыншы Мұхаметжан Қаратаев, ақын Сырбай Мәуленов, ақын Аян Нысаналин, ғалым Әуелбек Қоңыратбаев, зерттеуші-ғалым Мардан Байділдаев, мүсінші Хакімжанов, Шәкәрімнің, Жамбылдың немерелері, ғалым Серғали Толыбеков, Рахманқұл Бердібаев және басқа да белгілі қоғам, мемлекет қайраткерлері 100 ақынжыраудың қасиетті мекенінің кіндігіне айналып сол Тұрекең ауылында Елеу Көшербаев кезінде өзі айтып, армандаған Сыр сүлейлерінің аллеяларын, саябақтарын салу жұмыстары Қызылорда қаласының орталығынан бастау алып, Тұрмағамбет ауылында Ешнияз сал атындағы ақындар мен жыраулардың жаңа өмірге, қоғамға үндес, қазіргі заман талаптары стандарттарына сай салынып, пайдалануға берілгенін үлкен қуаныш деп білеміз.
1990 жылы Балқы Базардың, атақты Базар жыраудың туғанына 150 жыл толуына орай Өзбекстан Республикасының Бұхара облысына қарасты Кенимех, Тамды, Үшқұдық аудандарында тұратын қандастарымыз 300-ден астам ақ боз үй тігіп, Қазақстаннан арнаулы делегация шақырып, Базар жырау мерейтойын мереке етіп тойлаған болатын. Сол үлкен іс-шараға Базар жыраудың туған жері Қармақшы ауданы бола тұра біз осы үлкен дүбірлі мерекеден хабарсыз болдық. Арнайы шақырту келіп, қолымызға тимеді ме қайдам, сол уақытта аудандық кеңес атқару комитетінің осы салаға байланысты орынбасары бола тұра менің өзім хабарсыз болдым. Базар жыраудың мерейтойы Өзбекстанда өткеннен кейін 1-2 ай уақыт Алматы қаласындағы сол кезде А.Пушкин атындағы кітапхананың шағын залында сол Базар жырау мерейтойына байланысты ғылымитеориялық конференция өтетіні хабарланды. Алты Алашқа мәлім болған Базар жыраудың өзі өмір сүрген жері сол кездегі Жаңақала кеңшары аймағы болғандықтан кеңшардың сол кездегі партия ұйымы хатшысы Камалбек Тоқшылықов, белгілі жыраулар Орақ Дәнекеров, Алшынбек Сәрсенбаев, Бидас Рүстембеков, Шамшат Төлепова, Жаппар Тұңғышбаев, тағы басқа да жырауларды мен басқарып бардым. Кітапхана залында біздерді белгілі этнограф ғалым Мардан Байділдаев, қазақтың белгілі суретшісі, жерлесіміз Сахи Романов, тағы басқа журналистер мен қазақ өнеріне еңбегі сіңген ғалымдар қарсы алды. Мардан ағамыз Жаппар жырауға әуелі сахнаға сен шығасың, деп ескертіп-ақ жатыр. Жаппар аға болса оған көнбей, «мен Жиенбай жыраудың немересі, Рүстембек жыраудың бел баласы Бидас тұрғанда бірінші болып сахнаға шықпаймын, бұл менің аруақтар алдындағы өтінішім» деп Бидастың сахнаға бірінші болып шығуын Мардан ағаға түсіндіріп-ақ жатыр. Сонымен не керек, Бидас жырау бірінші болып шығып ғылыми конференцияға қатысушылардың зор қошеметіне бөленіп, залдан жібермей қайта-қайта шақырғаны есімізде қалып еді. Конференцияға Өзбекстанның Бұхара облысының Кенимех, Тамды, Үшқұдық аудандарынан келген сол аудандардың бірінші басшыларымен қатар, белгілі ардагерлер, өнерсүйер ақындар мен жазушылардың да саны басым екенін байқаған едім. Конференция аяқталғаннан кейін жаңағы Өзбекстаннан келген қонақтар мені өздеріне шақырып, осы топпен Бұхара облысына келіп, халық арасына, еңбек адамдарының ортасына осы жыраулар тобын алып келуді сұрап, уәдемізді алды.
Алматыдан оралғаннан кейін ауданның сол кездегі басшыларымен ақылдастым. Сол уақыттағы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы марқұм А.Әлібеков онша қуаттай қоймады. Күн болса суық, алыс, көрмеген жер, не бар онда барып дегендей сөздер айтып шығарып салды. Бұл мәселе жөнінде облыстық кеңес атқару комитетінің орынбасары Дина Есжанқызы хабардар болатын. Сол кісімен хабарласып, осындай кезекті мәселені шешуге көмек жасауын өтіндім. Ал, өзімнің тікелей басшым Аппаз Камаладин аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болатын. Ол кісі бірден қолдау көрсетіп бар жауапкершілікті өз мойнына алып, дайындап жатқан жұмыстарымызға бағыт сілтеп, Өзбекстанға баратын экспедицияның «Базар жырау жолымен» деп айту керек екенін де алға тартқан-ды. Сонымен не керек, Өзбекстанға баратын «Базар жырау жолымен» жыраулар сапары Қазақ журналистикасының негізін қалаушы белгілі қоғам, мемлекет қайраткері Темірбек Қожакеевтің «Сатира жанры» деген кітабында «Арлан ішіктен» басқа сатиралық повесть жазылмаған деп баға берген сол «Арлан ішік» сатиралық повесінің авторы, ақын, жырау әрі әнші Қали Шыңғысов «Бұл экспедиция сапары екі көршілес, туысқан республика арасындағы «Сыр бойы ақын-жыраулардың өнерінің үлкен баға жеткісіз тарихи форумы бола алды» деп жазған еді, жарықтық. Сонымен Өзбекстан сапарына баратын экспедиция құрамы: жоғарыда Темірбек Қожакеев арнайы баға берген ақын, жырау әрі әнші Қали Шыңғысов, атақты жырау, Қазақ КСР-нің мәдениет қайраткері, Нартай бригадасының бұрынғы мүшесі Шамшат Төлепова, Жиенбай жыраудың немересі, Рүстембек жыраудың бел баласы Бидас Рүстембеков, белгілі жырау Жаппар Тұңғышбаев, Сәрсенбай жыраудың бел баласы Алшынбек жырау, белгілі Алмас жыраудың ұстазы Орақ Дәнекеров, сол кездегі аудандық мәдениет бөлімі меңгерушісі Талапбек Серікбаев, фотограф Нағашыбай және сол уақытта аудандық кеңесі атқару комитетінің орынбасары болған өзім және қызметтік көлік жүргізушісі Бекен Әбдиевтер, барлығы 14 кісі болып жолға жиналып, ортамыздағы Қали Шыңғысов ағайдан бата алып, аруақтарға құран бағыштап Өзбекстанды бетке алдық.
1990 жылдың желтоқсан айы. Сол күні қар жапалақтап жауып тұрған сәтте жүріп кеттік. Ол кезде шекара деген мәселе жоқ, бәріміз бір үйдің балаларындай көршілес Жалағаш ауданына қарасты Аққыр кеңшарының үстімен «Меңей» Қуаңдария арнасына салынған көпір арқылы терең Қызылқұмның ортасымен жүретін бұрынғы «Жібек жолы» атанған тарихи жолмен жүріп бағытымыз әуелі Үшқұдық ауданына «Авангард» ауылының орталығына бару. Сол жерден Өзбекстанның Бұхара облысы атанған 1 миллионнан астам қазақ мекен еткен үш ауданның басшылары жасаған жоспарымен жүру белгіленген. Солай болды да. Сол елдегі болған қандастарымызбен, жерлестерімізбен, рулас ағайындарымызбен, атағы жер жарған еңбек адамдарымен болған жүздесулерде елге есімі белгілі болған бірнеше маман қазақтар осы жердің алтынын қазып, Ленин, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері атанғанын білдік. Қайсар қазақ, шопан Жабай Балиманов екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанып, есімі бір қой кеңшарына беріліпті. Атақты шопан Кете руының Әлмембеті, екі шақырылымдағы КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты болған, Мәскеуде жерлесіміз Социалистік Еңбек Ері, Жоғарғы кеңес депутаты Сәлима Жұмабекованы жеңгем деп кездесіп, елдің амандығын біліп тұрыпты. Оны Сәлима апамыз бізге жыр қылып айтып отыратын-ды.
1973 жылы жазда аудандық партия комитеті бюросының тапсырмасымен сол кездегі аудандық кеңесі атқару комитетінің орынбасары марқұм Нағмеддин Егізбаевпен бірге Кекірелі фермасына іс-сапармен бардық. Жаңақаланың бас зоотехнигі марқұм Рүстем Ахметовті кеңшардағы орталық ауруханасының меңгерушісі марқұм Бекмағамбет Бадановты бірге ала кеткен едік. Кекірелі қой фермасы орталығында қырқым жұмысы сол уақытта ерте аяқталды. Сонымен сол жерде «Обаға қарсы күрес» мекемесінің дәрігерлері мен мамандары жұмыс жасап жатқан екен, олармен де пікірлесіп, жағдай біліп жаңа келген Газ-66 машинасын Нағымет аға сұрап алды. Ондағы мақсатымыз – Базар жырау жерленген «Жалпақтауға» бару. Бұл жер Өзбекстанның Үшқұдық ауданына қарайды. Ол шамамен Кекірелі мал жайылымынан терең Қызылқұмның жолымен жүргенде 80, 90 шақырым шамасындағы жол. Міне сол Жалпақтауға мұнан 50 жыл бұрын барған едік. Онда Базар атамыздың жерленген бейіті басына құран бағыштап, тағзым еткенбіз. Ал мына екінші сапарымыз осыдан 33 жыл бұрын болып отыр екен.
Міне тарих деп осыны айтыңыз. Базар жырау жерленген «Жалпақтаудың» басына көп халық жиналған адамның санында есеп жоқ. Бұдан бұрын көрген «Жалпақтау» емес, өзбекстандықтар Базар жырау атамыздың басына күнмен шағылысқан үлкен кесене орнатыпты. Кесененің қабырғасында қазақ домбырасы салынған шағын шкаф орнатылыпты. Оның ішінде қалам, қағаз қойылған екен. Кесенені аралап көргеннен кейін Қали Шыңғысов ағамыз «Базар жырау кесенесі басында» атты өлеңін небәрі 10 минут ішінде тез жазып, Бидасқа жаттап алуын өтініш етті. Ол болса 1-2 оқығаннан жаттап алып, сол кесене басында бірнеше мақамға салып орындағанда, есебі жоқ қандастарымыз Қали ағай мен Бидастың шалт өнеріне таңғалып еді-ау. Өнер деген қандай құдірет десеңізші. Ал, Тамды ауданының еңбеккерлерімен кездесу өткізетін жерге жақындап қалғанымызда далада күтіп тұрған кісілердің қарасы қалың екенін байқадық. Дегенмен жаңағы бізді күтіп тұрған қарасы қалың халықтың арасына келіп тоқтадық. Жиналғандар арасында 40-тан асқан бірнеше жігіт ағасы мен келіншектердің санының көбірек екенін байқадық. Оның мәнісі былай екен. Шамшат апай 1950 жылдары Нартай ақын бригадасының құрамында болып, осы өңірде болған екен. Біз қазақ қашанда ырымшыл халықпыз ғой. Сол кездегі Шамшаттың әнін, жырын, термесін тыңдаған қандастарымыз сол жылдары өмірге келген балаларына Шамшат деп ат қойыпты. Жаңағы жерге жиналып тұрғандардың біразы Шамшат атанғандар екен. Байқап қарасаңыз бұлардың арасында термешілер, ақындар, жыраулар, журналистер, жазушылардың болғанына таңданудан басқа амалымыз болмады. Шамшат апамды ортаға алып, ал Шамшат апам болса олардың беттерінен сүйіп, ақ батасын беріп жатыр. Өнер адамының мұнан асқан бақыты бола ма деп Шамшат апама ризашылығымызды білдіріп жатырмыз. Сөз басында Өзбекстан сапары жөнінде сол кездегі аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Аппаз Камаладиннің бар жауапкершілікті өз мойнына алып, қолдау көрсеткені қазір үлкен тарихи әңгімеге айналып отыр.
«Қорқыт – өнердің басы, бүкіл өнерпаз атаулының сыйынар пірі» деп атақты ғалым Шоқан баға берген, бүкіл түркінің мақтанышы Қорқыт атаның күй сарыны абызды жырының Сыр өңіріндегі мұрагер ұрпақтары, даңқты Сыр сүлейлері деген атқа ие болған Ешнияз сал, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, Жиенбай, Тұрмағамбет, Тұрымбет ақындар мен жыраулар осы мұраны, ақындық, жыраулық дәстүрді өздерінен кейінгі – Рүстембек, Молдахмет, Нартай, Мұзарап, Сабыт, Рахмет, Әлібек, Құтбай, Күндебай, Әбділда, Сәрсенбай, Шамшат, Көшеней, Бидас жырауларға қалдырды. Ғалымдар Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Әуелбек Қоңыратбаев, Әлкей Марғұлан, Асқар Тоқмағамбетов, Мардан Байділдаев, Үбісұлтан Аяпов, Әлқуат Қайнарбаев, Әлиакбар Жұматаев, Әбілахат Жанәділов, Тынышбек Дайрабай секілді көкірегі шежіре қарттарымыз бен ғалымдарымыз ол кісілердің асыл мұраларын жинап, оны ұрпақтан-ұрпаққа қаз қалпында қалдырудың қамын ойлап, еңбек етті. Ұмытпасам 2006 жылды Қызылорда облыс жұртшылығы «Өнер жылы» деп жариялап, үлкен бағдарламалар жүргізді. Міне осы мүмкіндікті Қармақшы ауданының әкімі ретінде өте жақсы пайдалана білген Рзақұл Сәденұлының еңбегі ерекше екенін айту парыз.
Алматыдағы 3000 орындық Республика сарайында тек қана Қармақшы ауданының жыраулары мен термешілерінің «Сыр сүлейлері ізімен» барып қойған концертінде ине шаншар орын болмай, көрермен түрегеліп тұрып көргені есімізде. Сол өнер кешіне арнаулы вагондарға тапсырыс беріліп, ауданның ардагерлері, өнер сүйер қауым өкілдерінің барғанын қуанышпен еске аламыз. Сәл шегіністен кейін «Жыр керуені» деген атпен Астана «Конгрес Холл» сарайының төрінде өнер көрсетіп, Парламент үйінде болып арнайы түскі сыбағалы ас берілуінің өзі өнерге деген құрмет деп түсінген дұрыс. Сол жылдары бұрынғы кинотеатр ғимаратының Жыраулар үйі болып ашылып, оның штаттық кестелері шешіліп, оған Көшеней Рүстембековтің аты беріліп, алдына Көшенейдің ескерткіші орнатылып, жыраудың 60 жылдық мерейтойы сол жыраулар үйінде тойланып еді. Ардагерлер үшін арнайы тегін теміржол вагонын ұйымдастырып, Астана қаласының көрікті жерлерін аралауға мүмкіндіктер жасалғанын аудан ардагерлерінің есінде қалған сапар болғанын қазір сағынышпен еске алады. Сол жылдар республикалық «Көкіл» мектебінің филиалы ашылып, олар №29, 30 орта мектептерде жұмыс жасады. Алтынның сынығы атанған Бидас жыраудың туған жерге оралуы, ақын Талайлы Досымованың Жамбыл облысынан елге қайта келіп қызмет жасауынан көп жақсылықтар болғанын қалай жасырамыз. 2012 жылды сол кезде ауданды басқарған Мұрат Ергешбаев «Тұрмағамбет жылы» деп жариялап, оның осы жылғы 130 жылдық мерейтойын атап өтудегі жұмыстарын, елдің көңілінен шыққан игілікті іс болғанын мақтанышпен айтамыз. Шығыстың жеті жұлдызының бірі – Әбілқасым Фирдаусидің отыз жыл бойы жазған еңбегін жырға (өлеңге) айналдырып, шығыстық сюжеттегі «Шаһнама» дастанын Тұрмағамбет ақын он ай уақыт ішінде он бір буын өлеңмен өрнектеп жазып шығуы – ақынның ақындық қуатының аса зор, білімінің өте терең, талантының даралық сипатқа ие екендігінен хабардар боламыз. Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезов «Фирдаусидің «Шаһнамасынан» тікелей жазылған аударма демейміз. Сол Фердауси үлгісінен халық ақыны өзі өлең етіп жазған Рүстем-Дастан жөніндегі шығармасының қазақша варианты дейміз» деп өте жоғары баға бергені бүкіл түркі жұртына мәлім.
Осы жылы марқұм журналист Рашид Жарылқасынов екеуміз зейнетақымыздың есебінен Алматы қаласына екі рет барып, «Аңыз адам» журналының редакторымен жүздесіп, сол журналдың журналистерімен пікірлесіп, Тұрмағамбет ақынның 130 жылдық мерейтойына байланысты «Аңыз адам» журналының арнайы нөмірі жарық көрген еді. Сол жылы аудан әкімі Мұрат Ергешбаев аудандық Ардагерлер кеңесіне «Некси» маркалы машинасын алып беріп еді. Аудан ардагерлерінің «Сарыағаш», «Жаңақорған», «Мерке», «Бурабай» демалыссауықтыру орындарына барып демалып қайтулары тегін ұйымдастырылды. Ауданның 80 жылдық мерекесі зор мереке ретінде аталып өтілді. Сол жылдары 1200 орындық орта мектеп, 90 орындық балалар бақшасы, Т.Көмекбаев ауылында 300 орындық мектеп үйі, Диірментөбе, елден шалғай орналасқан «Шобанқазған» елді мекенінде медициналық пункттер салынып, пайдалануға берілді. Жосалы кенті су құбыры құрылысының 3-ші кезеңі, Ақтөбе, Ақжар ауылдарында ауызсу жүйесі жаңартылды. Осы кезеңде ауданды мемлекет, қоғам қайраткері Биғали Қаюпов басқарды. Ауданның 80 жылдық мерейтойына сәйкес арнаулы кітап-альбом шығарылды. Қармақшы ауданында туып, жат жерде еңбек етіп жатқан қармақшылықтар 80 жылдық мерейтойға арнайы шақырылып, түрлі кездесулер өткізіліп, сый-сияпаттар жасалды. Мерейтойға байланысты халықаралық «Дала» журналының арнайы нөмірі шығарылды.
Нұртілеу САЛЫҚОВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы