Бейбіт күннің қолбасшысы еді
qarmaqshy-tany.kz Туғанына 100 жыл толып отырған Исатай Әбдікәрімов туралы көп жазуға да болады. Көп жазбай-ақ Исекеңнің қызметтік жазбасын оқып-ақ ол кісінің қандай азамат болғанын кім болса да түсінеді. «Көп екен көргеніңнен көрмегенің» атты 1993 жылғы естелік кітабында көп нәрсенің басын ашады. Отбасының хал-жағдайы, аштық оқиғаларын, тағы басқа жағдайларын тебіренбей оқи алмайсыз. Осынау биік дәрежеде қызмет атқарған ағамыздың өмір жолы тақтайдай тегіс болмапты. Жаңақорғанның Өзгентінен шыққан қара баланы «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы болады» деп кім ойлапты.
Оқушы, колхозшы, студент, әскер қатарында болып ысылған жігітті 1946 жылы Қызылорда облыстық партия комитеті жұмысқа алғаннан бері, облыстың біраз аудандарында, комсомол, партия ұйымдарында басшылық қызметте болады. 1946-1952 жылдар аралығында Жаңақорған, Қармақшы аудандарында жастар ұйымының жетекшісі, 1952-1953 жылдары облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, ауыл шаруашылық басқарма бастығының орынбасары, облыстық атқару комитетінің жауапты хатшысы, Шиелі, Қармақшы, Жалағаш аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Жалағашта жүріп «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды. Қажырлы еңбегі бағаланып, 1978 жылдың желтоқсан айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президумының төрағасы болып сайланды. Аудандық, облыстық, республикалық, одақтық съездердің депутаты, мүшесі болып сайланған. 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде алған медальдары мен ордендерін есептемегенде бейбітшілікте ел басқарудағы қызметі үшін, 2 рет Ленин, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен қатар, ондаған медальдардың иесі атанды.
Қайраткер азаматтың жүріп өткен жолына қарап отырсақ, артында игілікті істері тұр. Шиеліде аудандық атқару комитетінің төрағасы Қ.Қазантаевпен бірге аудандық мәдениет үйін, Қармақшыда жолдарды жаңартты. «Космодром генералдарының» бетін Жосалыға бұрды. Жалағашта жүргенде аудан орталығы тұсынан Сырдария өзеніне алып көпір тұрғызды десе болғандай. Сол тұста да, бүгіндері де Әбдікәрімов салдырған көпір деп жатады. Жалағашта өзімен қоянқолтық шаруашылық басқарған Алдаберген Бисенов, Ұзақ Еспанов, Қазына Жүсіпова мен Несіпбай Әпірезов, Тұршабек Елеусіновтер Еңбек Ері атанды.
Ақын әрі кеңшар директоры болған Ұзақ Еспанов 1993 жылы былайша жыр арнаған:
«Мансапқа мастанбаған, тасымаған,
Ренжіп өткен іске жасымаған.
Мен білсем сырбаз мінез, салауатты,
Керемет жаны жайсаң асыл адам» – деп, жырға қосты.
Қоғам және мемлекет қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімовпен 2-3 рет кездесіп сөйлескеніміз бар. Осы жылы туғанына 100 жыл толып отырған мерекелік жылында өз естеліктерімді айтпақпын.
1977 жылдың қаңтар айының 2-сінде Тереңөзек ауданының Қараөзек кеңшарын аралауға Исекең келді. Ол кісімен 2 күн бірге малшыларды араладық. Менімен бірге кеңшар директоры Оспантай Мұстаяпов, ауылдық кеңес төрайымы Алмагүл Бақтиярова ауданнан Махсұт Әбдіразақов пен Әнес Өтегеновтер бірге болды, озат шопан Соцалистік Еңбек Ері Ахмет Халықовтың отарын араладық. Мал келіп жатқан кез болатын. Көмекшілікте жүрген орыс жігіттің ісіне қарап, «Ақа дұрыс істегенсіз, жұмсаңыз» деді. Одан кейін белгілі шопан «Құларынды» қыстап отырған Дәрікүл Сайғұтованың үйінде болып, сонда қондық. Сол күні Исекең ағадан көптеген ел мен жер туралы, тағы басқа саладағы әңгімелерін тыңдаған едік. «Інім далаға шығайын» деп, таза ауамен демалып тұрғанда өзімнің немере ағам, атақты комбайншы Жамбыл Балбыров туралы айтылғанда «мен соның інісімін» дегенде, «Жамбыл нағыз еңбеккеш, өнертапқыш жігіт» деп менің арқамнан қаққаны әлі есімде.
И.Әбдікәрімов жайлы көптеген ақынжазушылар өлеңдерін арнады. Соның басында белгілі ақын Әбділда Тәжібаев «Исатай ініме» атты өлеңінде:
«Адам аласармайды кеміткенмен,
Кеміттім деп ойлайды еріккендер.
Ақ ниетті, ақ шашты Сыр Анамыз,
Сақтар тағы пәледен төніп келген», – деп күш беретін өлеңін жазған. Жоғарыда аталған кітабында Исекең «Өйткені өз басымның да кемшіліксіз болмағанын білемін. Мұндағы мұратым – кейінгі жастар шындық бұлағынан суарылсын, біз басқан ызалы жерді олар баспасын, біз жіберген қателіктерден өмірлік сабақ алсын деген ой» деп кітабын түйіндепті.
1946 жылы Үмугүлсім Мәмбетқызымен отау құрып, үлкен шаңыраққа айналды. Ұлды болды, қызды болды. Әкесін ел-жұрт «Ақсақ Әбдікәрім» дейді екен. Мұсылманша оқыған, әрі қожалығы ескеріліп Әбдікәрімовтер отбасы да біраз қуғындауды бастан өткізген. Исекеңнің дастарқанынан кімдер дәм татпады дерсің, басы Дінмұхаммед Қонаев. Оған арналған өлең жолдарын саралап қарасақ, бәрінде И.Әбдікәрімовтің аса қарапайымдылығы мен биік адамгершілік қасиеттерін паш етеді. Демек, Исекең нағыз толық адам. Ол кісі туралы 50-ден астам мақала мен естелік жазылған. Қайраткер ағамыз 1923 жылы қазіргі Жаңақорған ауданындағы, Өзгент ауылында өмірге келген.
Биыл Исекеңнің туғанына 100 жыл, Қармақшы ауданының құрылғанына 95 жыл толуда. Осыған орай, мен де аға туралы аз-кем естелігімді жаздым. Ол қасиетті Қармақшы өңірінде 2 рет басшылық қызметте болды. Бірінде (1948 жылы) жастардың жетекшісі болса, екіншісінде толысқан шағында (1962- 1965 жылдары) Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқара білді. Мұнда да талай дос-жаран тауып, еңбек адамдарын көтерді. Цай Ден Хак, Ерназар Сексенбаев, Әбен Тоғызбаев, Сәлима Жұмабековалармен сыйлас болды. Олардың еңбектерін әрдайым әділ бағалады.
Халқы сыйлаған Сыр азаматы Исатай Әбдікәрімовтің атында Қызылорда қаласында аграрлық-техникалық колледж, бірнеше ауданда оның есімімен көшелер аталған.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы