Электронды темекі: Сәнге айналған сергелдең
qarmaqshy-tany.kz Бүгінгі қоғамда көк түтінді түйдек-түйдек бұрқыратып, электронды темекіні ермек еткен жастардың қатары артып келеді. Ең сорақысы жасанды шылым шеккендердің ішінде жасөспірім балалар мен қаракөз қыздарымыз да бар. Олар көпшіліктен қымсынбайды да. Неге шегетіндерін сұрасаңыз бірі «сән», екіншісі «темекіге қарағанда зиянсыз», енді бірі «білмеймін, бәрі шегіп жүр ғой» деп жауап береді. Иә, жасөспірімнің еліктегіш келетінін ескерсек, бұл нәрсеге нақты тыйым болмай, зияны мол дүниеден бас тартқыза қоюымыз екіталай. «Зияны жоқ» деп саудаланатын электронды темекіден келетін қандай кесел бар, ол туралы шетелдіктердің шешімдерін сараласақ. Ал сіз оқып, ой түйіп көріңіз.
Бұл дүние бізге қайдан келді?
Өткен ғасырда Батыста ерлердің көбі трубка мен сигара тартып, шылымға сұраныс аз болыпты. Содан АҚШ заңының олқылығын пайдаланған American Tobacco қожайыны Джеймс Дьюк басқа бағытты тапты: темекіні әйелдер мен балаларға жарнамалай бастады. Сөйтіп, дегеніне жетті: нәзік болмыс иелері көкшіл түтінді түйдек-түйдек бұрқыратуды – ерлермен тең болудың, ал жасөспірімдер – ересек көрінудің нышаны деп қабылдады. Бұл әлемде ауыр дерттің белең алуына соқтырды. «Тарих қайталануда» дейді сарапшылар. Жарнама арқасында әйелдер мен жастар арасында электронды темекі шегу өркен жайды. Ал электронды темекі алғаш 2003 жылы шығыпты. Электронды темекіні патенттеген қытайлық фармацевт – Хон Лик. 2004 жылы Хон Лик Қытай нарығында, сосын халықаралық деңгейде осындай өнім шығаратын және сататын алғашқы адам болды. Темекінің бұл түрінің құтысы кішкентай, иісі шықпайтын болған соң жастар қызығып, шылымның шырмауына байланады. Түрлі тәтті иістер қосылғандықтан барлығы жаппай сатып алды. Себебі түрі сүйкімді, тіпті зиянды зат екен деп ойламайсыз да. Жастар арасында «одноразка», «Вейп», «IQOS» (айкос), «Снюс», «Паучи» сынды сан алуан түрі сатылуда. Мұнан бөлек те, біз білмейтін атауы көп.
Өкінішке қарай, бүгінде көңіл көтерудің бір жолы осы болып барады. Мейрамхана, түнгі клубты былай қойғанда жасанды шылымды үйде отырып шегуді әдетке айналдырғандар да аз емес. Саябаққа шықсаңыз, қу темекінің құрығына түскен жасты да, жасамысты да көресіз. Үлкендер жасанды шылымды «темекіні тастау үшін шегіп жүрміз» деп ақталады. Бірақ, зерттеулер нәтижесі бойынша, электронды темекіні тартқан сайын, шылым шегуді аңсай түсесіз. Себебі, «сәнді» қондырғының құрамында никотин бар. Сондықтан ол шылым шегуді тастауға еш көмектеспейді. Ал санасы қалыптаспаған балалар «ваучерлердің» түрлі дәмі мен түтініне қызығып шегеді. Бірақ, қызығушылықпен шеккен дүние кейін тәуелділікке әкеліп соғады. Темекіге бейімделу кезеңінің бірі – жалындаған жастық шақ. Адамның қызығушылығын арттырып, құмарлыққа тез үйрететін де осы кез. Санаңды улап, шылымға үйір қылып жіберетіні шүбәсіз екенін біле тұра осы жолмен жүргендер азаймай тұр. Бұл қазаққа бөгде елден келген жат қылық. Өзгенің қаңсығын таңсық қылуға бейімделген жастардың еліктеушілігі. Ең жаманы, атаанасы баласының мұндай зиянды заттарды қолданып жүргенін білмей де қалады. Өйткені, электронды темекі шегіп келген баланың үстінен иіс шықпайды. Ал түріне қарап күнделікті мектепке қолданылатын фломастер екен деп қаласыз.
Аты-жөнін жасыруды қалаған 8-сынып оқушысы шылым шегуді электронды темекіден бастағанын айтады. «Бір күні мектепке сыныптастарымның бірі кішкентай құтысы бар, фломастерге ұқсас нәрсе әкелді. «Вейп» екенін кейін білдім. Ол кезде «парилка» деп таныстырды. «Түтін емес, бу жұтасың» деп мақтады. Ақыры ол қолданқолға өтіп, бәріміз дәмін татып көрдік. Сондай-ақ оны темекі секілді тек далада емес, барлық жерде шегуге болады екен. Алғашында мектептің бұрыш-қуысында, киім ілгіште еркін шегіп жүрдік. Соңынан жолдастарыммен бірге шын темекіге көштік» дейді ол. Бұл жағдайдан хабардар болған ата-анасы баласын дереу өзге мектепке ауыстырып, ортасын өзгерткен. Қазір жеткіншек те оның зиян екенін «түсіндім, енді жоламаймын» дейді. Ал күні бойы күйбең тірлікпен баласына уақыт жеткізе алмайтын ата-аналар балаларының мұндай былығынан бейхабар болуы бек мүмкін. Себебі құны 600-700 теңгеден басталатын буға толы «у» кәмелетке толмаса да жеткіншектерге емін-еркін сатылып жүр. Бастысы саудасы жүрсе болды. Мақаланы жазу барысында өзім де аудандағы бірнеше дүкенге 12 жасар жиенімді жүгіртіп көрдім. Расында да ешқандай шектеу жоқ. Керегін сұраған балаға «нешеу аласың?», «тек мынадай дәмдері бар» деп тауарын ұсынып әлек. Баланың жасын сұрамады да. Осыдан біршама уақыт бұрын кезекті бір дүкеннен бірнеше жеткіншектің осы бір улы дүниені ұрлап бара жатқан оқиғаны көзбен көріп едік. Балалардың бұл затты ұрлап қолдануы – тәуелділіктің жоғары екенін аңғартады. Бұл, дабыл қағып, алаңдарлық жағдай.
Сандарды сөйлетсек
Ресми деректерге қарағанда, елімізде 4 миллионнан аса шылымқор бар екен. Халықтың біршама бөлігі әлі күнге дейін никотинге тәуелділіктен зардап шегіп жатыр. Мамандардың сөзіне сүйенсек, темекі тарту адамның белгілі бір психикалық ақауы барлығын білдіреді. Яғни, бұл шылым шегушінің никотинге не психологиялық, не физикалық тәуелділігі бар екенін айтады. Қазақстанда өлім-жітімге және мүгедектікке себеп болатын 10 фактордың арасында темекі тұтыну үшінші орында. Олардың арасында әйелдерге қарағанда (5,7%), ерлер (35,5%) едәуір көп болды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының 16,3 %-ы, қала тұрғындарының 22,2%-ы шылым шегетіні мәлім болды. Егер ер адам орта есеппен 17,4 жаста темекі шегуді бастаса, әйелдер 18,5 жастан әуес болады екен. Ер адамдар күніне орта есеппен 16 сигарет, әйелдер күніне орта есеппен 13 сигарет тартады. Күнделікті темекі шегушілердің арасында 57,5%-ы ояна салысымен 30 минут ішінде темекі шегетінін мәлімдеген. Бұл никотинге тәуелділіктің жоғары дәрежелігін көрсетеді. Шетелдік ғалымдардың пікірінше, таңертең аш қарынға темекі шегу өкпенің немесе ауыз қуысының қатерлі ісігінің, өкпенің созылмалы обструктивті ауруының туындауына әкеліп соқтырады. Темекі тәуелділігінен зардап шеккендермен жұмыс істейтін мамандар қазір елімізде шылымға тәуелді адамдардың саны азаймай отырғанын айтады. Темекі тәуелділігі созылмалы ауру болып саналады. Никотин тәуелділігін дәрідәрмектермен емдеудің де бірнеше түрі бар. Бірақ темекіден арылуға көмектесетін дәрі-дәрмектер арзан емес. Мәселен, арнайы препараттар 10-20 мың теңгеден басталады. Одан да қымбаты бар. Дегенмен темекі шегетін адам, мысалы бір күнде бір қорап темекі шегуі мүмкін, ол қазір 600-700 теңге, кейде тіпті одан да қымбат тұрады. Сол ақшаны 1 айға көбейтсек, емнің жалпы бағасынан кем шықпайды. «Темекі шегуді тастаудың кері әсерлері көп екені жайлы естіп жатамыз. Мұның барлығы әр адамның ағзасына байланысты.
«Өтірік» темекінің «үлкен» зияны
Жалпы «vape» дегеніміз ағылшын тілінен аударғанда «булану» деген мағынаны білдіреді. Құрамында глицерин, пропиленгликоль және ароматты қоспалар бар. Бұл қоспалар вэйп апараты ысыған кезде реакцияға түсіп, адамның денесінде зиянды 31 қосынды түзіледі. Ең қауіптісі диацетил деп аталады. Диацетил вейпті қолданатын адамдардың 75%-ның жағдайында облитерациялық бронхиолит, қалыпты өкпе тінінің дәнекер тінмен орын басуы секілді өзгерістерге ұшыратады. Яғни ел арасындағы электронды темекінің зияны жоқ деген дүдәмал пікір шындыққа жанаспайды деген сөз. Бұл жерде тек жану процесі тек булануға ауыстырылды. Бірақ құрамы іс жүзінде өзгерген жоқ. Никотин екі жағдайда да кездеседі, айырмашылық тек оны жеткізу әдісі мен қарқындылығында. Вейп сұйықтықтарының құрамына кіретін никотин тұрақты физикалық және психикалық тәуелділікті қалыптастыратын нейротоксиндер мен алкалоидтарға жатады, бұл никотинге тәуелділікпен күресте электронды темекінің пайдасы туралы барлық дәлелдерді жоққа шығарады. Никотин тамырларды бұзады, жүрек, тамыр, тыныс алу жүйесінің жағдайын нашарлатады. Никотинді үнемі қолдану, тіпті аз мөлшерде болса да, ауыр ауруларға әкеледі, бұл вейптің жасөспірімдерге тигізетін зиянын тағы бір рет растайды. Жоғарыда аталған аурулардан басқа гастрит, асқазан жарасы, жүрек ауруларын туғызады.
Соңғы зерттеулер вейптер будың тұрақты әсеріне байланысты тістердің жағдайына теріс әсер ететінін анықтап отыр. Сондай-ақ бір реттік түрін бірнеше адам қолданғанда герпес және басқа да жұқпалы ауруларды жұқтыру ықтималдығы артады. Тағы бір ескертерлігі, электронды темекінің тым қауіптілігінде. Егер оларды дұрыс пайдаланбаса, кез келген уақытта тұтанып, кей жағдайда жарылып кетуі мүмкін.
– Электронды темекі – ішінде сұйықтығы, арнайы ауыстыратын картриджі бар, өкпеге тыныс алу жолдары арқылы никотин жеткізетін темекінің бір түрі. Қыздырылатын табак қарапайым темекіден де қауіпті. Электронды темекі құрамында никотин, көмір қышқыл газы, көміртек тотығы, көгеретін қышқыл, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар сияқты 30-дан астам улы зат бар. Электронды темекі адам өкпесін ірітіп жібереді. Бұған дәлел ретінде, Қырым федералды университетінің ғалымдары электронды темекіден немесе вейптардан шығатын бу өкпе тінін бұзатынын дәлелдеді. Тіпті никотин қосылмаған құрылғының өзі де адам ағзасына аса зиян. Егеуқұйрыққа жүргізілген эксперимент нәтижесінде сұйықтығы құйылған жануардың өкпесі 40 күннен кейін іри бастаған. Бұл дәлел шылым шегушілер арасында кең тараған «электронды темекінің зияны аз» деген пікірді жоққа шығарады. Электронды темекі, вейптар – өзіңізді алдау. Табак өндірушілердің жарнамасына еліктемей, өзіңіздің, келешек ұрпағыңыздың саулығын ойлаңыз. Денсаулық – тек жеке бастың ғана емес, ұлтымыздың ұлы игілігі, – дейді дәрігер Айнұр Жұмабекқызы.
Шет елдерде шектеу бар
Бұл синтетикалық індеттен дамыған елдер де зардап шегіп келеді. Мәселен, 2010-2019 жылдар аралығында АҚШта вейпингтің кең таралуы адамдардың өкпесінің зақымдалуына және өліміне әкеліп соқтырды. Коронавирус пандемиясы басталғанға дейін Құрама Штаттарда вейп пайдаланғандардың «өкпенің ауыр кеселіне» шалдығуының 2500-ден астам оқиғасы тіркеліп, 50 адам қайтыс болған. Сол себепті Америкада бұл өнімді сату шектелген. Ал Нью-Йорк штаты 2019 жылдың қыркүйегінде бірінші болып электронды темекілерге тыйым салды. 2020 жылы бүкіл АҚШ-та электронды темекілерге арналған жұпар толтырғыштары бар картридждердің көптеген түрін сатуға тыйым салынды. Бүгінде әлемнің 35 елі вейп темекілерге тыйым салған, 65 мемлекет оның сатылымы мен тұтынуын шектейтін арнайы шаралар қабылдады. Ал Қазақстан әлі бейқам. Қытайдан ешқандай сертификатсыз көп мөлшерде ағылып келіп жатқан электронды және бірреттік темекілерге тосқауыл қойылмаған. Мамандардың айтуынша, вейп құрамындағы никотин стандартты сигареттерге қарағанда 2,5 есе көп. Ал енді 1 грамм никотиннің бір жылқыны өлтіріп жібере алатын күші бар екенін ескерсек, адам баласының күніне қанша «у» жұтып, денсаулығын құртып жүргенін өзіңіз пайымдай беріңіз. Былтырдан бері бұл мәселе үкімет қарауына ұсынылып келеді. Арнайы Заң жобасы да дайындалды. Енді тек заңның қолданысқа енуі қалып тұр. Егер Заңмен тоқтау болса, қателік жасап жүрген біршама жасөспірімнің жаман әдеттен арылуына сеп болар ма еді? Сөреде самсап тұрған дертті сатып ала алмаған соң, сұраныс та азаяр ма еді? Шын тәуелді адам іздеп табар, ал еліктегіш жасөспірім көзіне көрініп тұрмаған соң ұмытып кетер, бәлкім, кім білсін?! Заң қолға алынса, сәнге айналған сергелдең тыйылар деген үміт қой біздікі.
Шариғат шеңберінде
Темекі шегуге қатысты діни ғалымдар арасында бірнеше көзқарас бар. Бірқатар ғалымдар темекінің денсаулыққа зиян әрі ысырап екенін алға тартып, темекі шегуді харам деген. Алла Тағала Құранда «Өздеріңді өз қолдарыңмен құрдымға кетірмеңдер...» деп көрсетсе, Пайғамбар «Өзіңе де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» деп ескерткен.
Имамдар Тахтауиән-Нәжмуәл-Ғазидің мына сөзін келтіреді: «Темекі Дамаск қаласында XV ғасырда пайда бола бастады. Ол мас қылмаса да адамның әлін кетіретіндігі үшін харам болады. Умму Саламадан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз «Әрбір мас етуші және әлді кетіруші нәрсеге тыйым салды» делінген. Біз ұстанатын ханафи мазһабы бойынша да мынадай пікір бар. «Төрт нәрсеге байланысты темекі тарту харам болып табылады. Олар: денсаулыққа зияндығы, есірткінің бір түрі, әрі адамның әлін кетіретін болғандығы, жағымсыз иісінен темекі шекпейтін адамға зияны тиюі, ысырапшылдық».
Сондай-ақ, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы және ислам медицина ғылымдары ұйымы ғылыми тұрғыдан электронды темекінің, калянның және басқа да шылымның түрлері адам баласының денсаулығына зиян екендігін нақты түрде айтқан. Сондықтан электронды темекіні қолдану харам деп саналады. Себебі электронды темекінің зияны әдеттегі темекіден асып түспесе кем емес. Мысыр, Иордания елінің пәтуа комитеті элетронды темекіге тыйым салған. Қорыта айтсақ, шариғат шеңберінде электронды темекі адамның денсаулығына айтарлықтай зиян болғандықтан және ысырапқа жататындықтан харам болып табылады. Оны қолдануға мүлдем болмайды.
Түйін
Халқымызда «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген сөз бар. Жаман әдет тез жұғады. Еліміздің санасын улайтын, жұртты адастыратын электронды шылымнан іргемізді аулақ салғанымыз жөн. Бұл үлкен қасірет. Дені сау ұрпақ өсіріп, байтақ жерімізді жасыл етіп сақтағымыз келсе, әр ата-ана жасөспірім балаларын қадағалауы тиіс. Өскелең ұрпақ көк түтіннің шырмауында қалмасын десек, электронды темекіден бас тартуымыз керек. Болашақ өзіміздің қолымызда. Адамзатқа індет болған жаман әдетке әуес болмай, салауатты өмір салтын ұстанып, жарқын өмірге қадам басайық. Осыны қаперіңнен шығарма, электронды темекіні ермек қылған жас ұрпақ! Ой түйерліктей ақпараттар ұсынылды. Өзіңіз сараларсыз. Біздікі сырты сұлу болғанымен, іші «у»-ға толы сәнді темекіге алданып, сергелдеңге түспесе деген ниет.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ