» » Қазақша сөйле, қарағым...

Қазақша сөйле, қарағым...


Тіл – халықтың басты қарым-қатынас құралы. Қадыр Мырза
Әлінің «Балық тілсіз болса да, халық тілсіз болмайды» деген нақылындағыдай, тілсіз халық түгіл жеке тұлға өмірін елестету қиын. Толыққанды адам ретінде өмір сүрудің негізгі кілті – қоршаған ортамен байланыс болса, бұл байланысты қамтамасыз ететін басты элемент – тіл. Иә, тіліміз туралы толғасақ, тоқтауымыз қиын. Десе де, қазақ тілінің қазіргі жағдайы қиындау. Олай деуімізге себеп те жоқ емес.
Нақты дәлелді алыстан іздемей-ақ жақыннан дорбаласам. Осыдан бір жарым жыл бұрын ғана отағасының жұмысына байланысты ел ордасы Астана қаласына қоныс аударған отбасыны жақсы білемін. 5 жасар ұлы бар жас отбасы. Нағыз қазақы ортада өсіп, орыс тілінен мүлде хабарсыз бүлдіршін бір жылдан соң орыс тілінде сайрап жүр. Ата-анасы үйінде қазақша сөйлейді, өзі қазақ тіліндегі балабақшаға барады. Бірақ, орысшасы тым тәуір. Ата-анасы «Бұл айтатын орысша сөздерді кейде өзіміз де түсінбейміз қаламыз. Кешкісін бір уақыт аулаға алып шығамыз. Сонда үйреніп жүргені-ау» деп қояды. Иә, байқасақ өзімен қатарлас қазақтың қаракөздері бір-бірімен орыс тілінде ғана сөйлеседі екен.
Тарихтан белгілі, еліміз Ресей державасының бодандығында болды. Жалпы бодан елдің жай-күйі ежелден белгілі. Тәуелсіздігінен айырылып, тағдыры көлеңкеленген халық жасқаншақ келеді. Осындай қиын шақта, тілдік құқықтың қорғалуын өзекті мәселе етіп көтеріп, ірі державаға талап қоя білген арыстарымыздың әрекеті, бүгінгі тіл тағдырының бастамасы деуге болады.
Өткен ғасырдағы тіл тағдырының қиындығын бодандықпен түсіндіруге тырыстық. Ал бүгінде егемен ел Қазақстан ретіндегі тәуелсіздік жағдайындағы мемлекеттік тілдің хал-ахуалы қандай?
Тілді құрметтейтін ел ретінде алдымен қазақ тілін біліп, орыс және ағылшын тілдерін белгілі бір мақсаттар үшін меңгеруіміз керек. Еліміздің бәсекеге қабілеттілігі үшін «Үш тұғырлы тіл» саясаты енгізілді. Ондағы мақсат елімізге ағылшын, орыс тілдерін үйретіп, қазақ тілін тереңге көму емес, керісінше дана халқымыздың «өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген нақылы қазақ тілінің маңызын нақтылай түспек. Орыс тілінің басымдығын сөз етсек болғаны, «қаншама жыл орыс құрсауында болдық деген» деген сылтаулар айтылады. Ол дәуір өтті, бүгінде егемен елміз, тілді үйренем деушілерге мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіледі. Көп жағдайда, қазақ тіл дәрежесінің төмендігін оның үйретілу сапсынан емес, сұраныстың аздығынан, тиісті дәрежеде қажеттіліктің болмауынан іздеген дұрыс. Қазақ тілін білуге қойылатын талап жайы тіпті әділетсіз.
Адам анасының құрсағында жатқанда-ақ өз отбасы, өз елі, өз тілімен діні болады. Адам дүниеге адам болып келгеннен кейін адам болып өтуі керек емес пе? Кімде-кім өзінің туған жерінде жүре тұра туған тілінде сөйлеуге ұялса, ол ұят емес, ол надандық болып табылады. Өз тіліңізде сөйлей алмасаңыз, сөйлеуге тырысу керек. Тіпті ежелеп әріптерді жұтып қойып сөйлесеңіз де, өз тіліңізде сөйлеуге ұмтылуыңыз шарт. Себебі сіз өз ұлтыңыздың біртуар азаматысыз, сіз өз тіліңізде сөйлемесеңіз, басқалар сіздің тіліңізді қайтсін. Бір сәт ойлап көріңізші, неге біздің тіл әлемдік тіл болмауы керек, неге біз өз елімізде, өз жерімізде өзге тілде сөйлеуіміз керек? Егер тіліміз жоғалса салт-дәстүріміз, әдеп-ғұрыптарымыз, ұлтымыз, дініміз бен еліміз жойылып кетпек. Біздің ата-бабамыз осы тіл үшін, жер үшін, ел үшін қан төккен жоқ па еді? Сол үшін де біз өз тілімізді сүйіп, өз тілімізді құрметтеп, биікке ұстауымыз керек. Мен де, сіз де, бәріміз бірге өз тілімізді көкке көтеруіміз керек. Ол үшін әркім өзінен бастау керек. Мәселен, дүкенге барып азық-түлік алғанда сатушымен қазақша сөйлесіңіз. Көше атын сұраған адамға қазақ тілінде жауап беріңіз. Үйде қазақ тілін қолданыңыз. Қоғамдық қызметтерді пайдаланғанда автобус билетінің қазақша болуын талап етіңіз, банк қызметтерін, бірлік салу қызметін қазақ тілінде қолданыңыз. Ғаламтордағы парақшаларыңыз қазақ тілінде жүргізіңіз. Қарап тұрсаңыз, қиын дүние емес.
Қоғам – адамдардың жиынтығы. «Өз ойыңды мазалап, өз бойыңды тазалап, өзіңмен алыс, өлгенше» деп Абай айтпақшы, біреуді қазақ тілінде сөйлетем дегенше, алдымен өзіңді ана тілінде таза сөйлетіп алу тіліміздің мәртебесін өсірмесе, өшірмейтіні анық.
Қорытындылай келсек, қазақ тілінің бүгінгі ахуалы күрделі мәселе. Қазақ тілі қолданыста деген сөз тек қағаз жүзінде орындалуға апара жатқандай. «Ұлттың тілі – ұлттың ділі» деген халық даналығын қаперде ұстап, ұлтымызды сақтайық. Қай жерде жүрсек те, ана тіліміздің айбынын асқақтатып, қасиетті қазақ жеріндле қазақ тілінің мәртебесін көтерейік.  Біздің бүгінгі міндет – қазақ тілінде сөйлеуді сәнге айналдыру, әсіресе жастар арасында кең қолданысқа ие болуына ықпал ету, санаға сіңіру. Себебі жастар – егемен еліміздің ертеңі, кемел келешегіміздің жастар. Жастар қай тілде сөйлесе, сол тіл белең ала бермек. Біздің тіліміз – қуатты, тұғырлы ел бола адатындай күшке ие. Сондықтан да әр адам елі үшін еселі еңбек етіп, бәсекеге қабілетті тұлғаға айналса да өз тілінде таза сөйлесе, ана тіліміздің ардақталуына мол үлес қосқан болар еді. Қазақша сөйле, қарағым...
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА


04 тамыз 2023 ж. 305 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 305

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 402

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930