» » Майдангер теміржолшы

Майдангер теміржолшы

qarmaqshy-tany.kz Адамзат тарихында Ұлы Отан соғысы деген атаумен мәңгі есте қалған сұм соғыс талай елге, отбасыға қасірет әкелді. Бұл соғысқа Африка, Еуропа, Жапония елдерімен бірге Азия халқы да қатысты. Оның ішінде Қазақстаннан да миллиондаған адам Кеңестер Одағы құрамында туған елін қорғауға атсалысты.
Ал, киелі Қармақшы өңірінен 5 мыңнан астам азамат елін жаудан қорғауға аттанса, оның жартысынан астамы ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты, енді бірі майдан даласында хабар-ошарсыз кетті. Қалғаны туған елге оралып, халық шаруашылығын қайта қалпына келтіруге өмірін арнады.

1922 жылы Жосалы кентінде шаруа отбасында өмірге келіп, енді еңбекке араласа бастаған Торыбай Аманжолов өз еркімен Отан қорғауға сұранғанымен, оны әскери комиссариат тоқтатып, келер жылға қалдырады. Алайда қайта-қайта әскерге сұранған Торыбайдың арманы орындалып, 1942 жылы ол Бекетай Әлжаев, Бәкір Қожаев, Қанашбай Айтқожаев, Әбілхамит Киізқапов, Владимир Костиндей бір топ ауылдастарымен бірге майданға аттанады. Бұл 1942 жылдың жазы болатын.

Майдангер Торыбай жерлестерімен неміс басқыншыларына қарсы ұрысты Ресейдің Полтава қаласында бастайды. Одан әрі №268 гвардиялық атқыштар полкінің жаяу әскер тобында Ресейдің басқа да қалаларын басқыншылардан азат етуге қатысады. Майдангер Батыс Украина әскері құрамы арқылы Харков қаласын азат етіп, алғашқы әскери медаліне ие болады. Нақтысын айтқанда, әскер қолбасшысынан Алғыс алады. Одан әрі ол әскери жорықтағы үздік ерлікті істерінің арқасында жай жауынгерден кіші сержант әскери лауазымына көтеріледі. Осындай атаққа ие болған қарапайым қазақ жауынгері соғыста көптеген ерлік көрсетіп, бірнеше рет әскери басшылықтан алғыс алады. Отанын жаудан азат ету жолындағы қанқұйлы ұрыстарда үш рет түрлі жарақат алып, неміс фашистерін елімізден одан әрі ығыстырып, жеңісті Польша елінде қарсы алады.

Осындай ерліктері үшін әрбір майдангердің арманы болған Ұлы Жеңіс парадына қатысуға мүмкіндік алады. Осылайша қатардағы қарапайым кіші сержант 1945 жылы мамыр айының 8 жұлдызында Мәскеу қаласында өткен Жеңіс парадына қатысады.

Ал, соғыстан соң ол өзі қызмет еткен бөліммен бірге соғыс зардабын көрген Тула қаласын қайта қалпына келтіруде бір жыл құрылыс жұмысына қатысып, келер жылы туған еліне оралады.

Соғыстан аман-есен оралған майдангер Қазалы вагон пайдалану депосының Жосалы техникалық қызмет көрсету бекетінде слесарь-жөндеуші болып жұмысқа орналасады. Көп ұзамай оның жұмысқа деген жауапкершілігін бағалаған басшылық оны вагон қарау қызметіне ауыстырады.

Жауынгерлік формасын теміржолшы киіміне ауыстырған Торыбай Есетұлы өзіне сеніп тапсырған міндеттерді аса жауапкершілікпен орындап, басшылық тарапынан қолдау табады. Ерен еңбегі үшін де бірнеше рет мемлекеттік, салалық мадақтамаларға ие болады. Жауапкершілік пен тиянақтылықты санасына сіңірген ол жылдар өте басшылықтың ұйғарымымен аға вагон қараушы болып қызметі жоғарыласа, араға бірер жыл салып Жосалы вагон бақылау және жөндеу бекетінің шебері қызметіне тағайындалады. Бұл қызметте де білікті маман абырой биігінен көрініп, еңбегі жанады.

Ел алдындағы елеулі еңбегі, оның ішінде ел экономикасының күретамыры атанған теміржол саласының өркендеуіне қосқан ерекше еңбегі үшін Торыбай Аманжолов көптеген мемлекеттік марапатқа ие болады. Оның ішінде, ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек Данқы» орденімен, «КСРО Құрметті теміржолшысы», «Үздік вагоншы», «Еңбек белсендісі» төсбелгілерімен, басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталады. Сондай-ақ, бірнеше рет аудандық атқару кеңесінің депутаты болып ел мүддесі үшін қызмет етеді.

Өмірлік жары Ұрхия Қарақұлова да бар саналы өмірін теміржол саласына арнаған. Ол жарымен бірге аталмыш салада ұзақ жыл бірге қоян-қолтық еңбек етіп, құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан майталман маман. Отағасымен бірге 11 бала тәрбиелеп, «Батыр ана» атанған ардақты жан бүгінде ұл-қызынан 26 немере, 32 шөбере сүйді.

Балалары арасында да ата-ананың жолын қуып, оның жалғасуына жұмыс істеп жатқандар да бар. Ұлқыздары Мырзәли, Жаяхмет, Марат, Мәуегүл, Жұлдызай да теміржол саласында еңбек еткен. Ал, ортаншы баласы Жаяхмет 43 жыл үзіксіз темір жол саласында еңбек етіп, бүгінде құрметті сала ардагері атанып отыр. Оның жары Бақыткүл де осы салада еңбегімен абыройға бөленген теміржолшы.

Жаяхмет ағамыз «НОД10» мекемесінде, содан кейін ұзақ жыл Қорқыт стансасында басшылық қызметін атқарып, «Адал еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» және басқа да салалық, аудан әкімдерінің Алғыс хатына ие болған.

«Ата кәсібі – ұрпаққа аманат» дегендей, Торыбай атаның немерелері де ата жолын жалғастыруда. Жаяхметтің үлкен ұлы Алмат – Астана қаласындағы Қазақстан Теміржолына қарасты «ПМС» мекемесінде вагон құрастырушы болып еңбек етсе, кішісі Сарманби – Жосалы стансасында теміржолшы.

Міне, майдангер-теміржолшы, құрметті азамат Торыбай Есетұлының салған сара жолын ұрпақтары одан әрі дамытып, бүгінде егемен еліміздің өркендеуіне елеулі үлесін қосып, құрметтілер қатарынан көрінуде. Осы ретте, атпал азаматтың есімі болашақ ұрпақ есінде мәңгі сақталу үшін оның құрметіне Жосалы кентінен бір көше атауы берілсе деген ел тілегі де бар.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
02 тамыз 2023 ж. 394 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 312

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 411

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930