» » ТРЕНДКЕ АЙНАЛҒАН ТРЕНИНГ: Пайдасы көп пе, әлде зияны ма?

ТРЕНДКЕ АЙНАЛҒАН ТРЕНИНГ: Пайдасы көп пе, әлде зияны ма?

qarmaqshy-tany.kz Бүгінде әрбіріміздің қолымызда бір-бір қалтафон. Бәрі дерлік интернетке жалғанған. Ғаламда болып жатқан жаңалықтар көз ілеспес жылдамдықпен тез таралып, аз уақыттың ішінде көптің талқысына түсуде. Одан бөлек, бір адамның өзі бірнеше әлеуметтік желіге тіркелген. Өзіміз де сол көптің ішіндеміз. Бірі – қажеттіліктен туындаса, екіншісі – заман ағымынан қалмау. Қазір қай әлеуметтік желіні ашсақ та, бай-дәулетті, сұлу болуға, отбасылық бақытқа жетуге, бизнес ашуға, психологиялық білімді арттыруға, мотивация беруге арналған тренингтердің жарнамасынан көз сүрінеді. Екі жыл бұрынғы пандемия уақытында мұндай онлайн тренингтің түрі көбейіп, әлеуметтік желінің әлеуеті бұрынғыдан да арта түсті.
Ал семинар-тренингтерге қатысу қазір тіпті трендке айналғандай. Әлемжелінің ар жағындағы жарқылдаған бейнені көріп, өз өмірінің жарқын боларына сенген халықтың қарасы көп. Олардың қатарында өмірден өз орнын іздеген жастар ғана емес, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған аналар да, абыройлы қызметі, жүріп тұрған кәсібі бар ел азаматтары да бар. Алайда олардың барлығы өз іздегенін тренингтен таба ала ма? Әлде ақшаны ысырап етіп, алтын уақытын текке өткізіп жүр ме? Саралайық.
ТРЕНИНГТЕР ТАРИХЫ
Елімізде 200-ге жуық тренинг орталығы бар. Бұл – тіркелгені. Ал тіркелмегені қанша? Оған шетелден келіп, тренинг өткізетіндерді қосуға болады. Барлық жиын ақылы. Соған қарамастан, тренинг – тренд. Тіпті әлеуметтік желі арқылы онлайн өтетіндер де көп. Тақырып ауаны әртүрлі. Қазіргі кезде таптырмас дүние дерсіз.

Бүгінде әлеуметтік желіде «подписчигі», яғни тіркелушісі көп екі адамның бірі тренер, мотиватор, ұстаз болып кеткен. Қаласаң да, қаламасаң да, қазіргі қоғам осыны қажет етіп отыр. Бақытты әрі бай болудың жолын шындап «меңгергіңіз» келсе, онлайн-тренингке қатысуға болады. Байығысы келмейтін адам жоқ. Тренинг оңай және жылдам баюдың жолын үйретер болса, неге байымасқа?

Тарихқа үңілсек, тренингтердің бастауы – жұртты кәсіппен айналысуға үгіттейтін, оның жолын үйрететін бизнес-тренерлер арқылы пайда болған. Олар ең алғаш АҚШ-та пайда болып, ірі корпорация басшылары кәсіп бастағанда неден қашық болып, неге жақын болу қажеттігін ескертіп, бизнестің құпия сырларымен бөліскен. Осының арқасында олардың абыройы артып, жылдан-жылға қатысушылар қатары көбейген. Кейіннен бұл тенденция әлемге тараған. ТМД елдеріндегі бизнес-тренингтер тарихы Дейл Карнегидің есімімен байланыстырылады. 1990 жылдардағы алмағайып кезеңде жұрт жаппай қысқартуға ұшырап, көпшілік жұмыссыз қалған. Осы кезеңде бай, көшбасшы болудың жолдарын жайып салған Карнегидің кітабын екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыз жандар жабыла оқыған көрінеді. Маркетингті мықты меңгерген автор кітабын қолға ұстаған жан өзін жақын арада байып кететіндей сезінгенімен бұрынғы бәз тіршілігінен арыла қоймаған. Бір қызығы Д.Карнеги өз кітабының бір бөлімін ешқандай ақыл-кеңесті қажетсінбейтін кәсіпкер досына арнаған. Кітабы өз заманында қазіргі тілмен айтқанда «хит» болған Карнеги кейіннен «манипуляция» шебері деп айыпталып, қудалауға ұшыраған. Кейбір деректерде оны өз-өзіне қол салған деп те жазуда.

Ал Қазақстанға мұндай тренингтер дағдарыс кезеңін артқа тастап, ел аяқтан тұра бастаған 2000 жылдары келе бастады. Олар өз жарнамасын сенімді ету үшін, атақты спортшылар мен әншілерді өз мақсатына пайдаланды. Сол уақыттан, тіпті қазірге дейін ел арасында «тренингке қатыссаң, өмірің өзгереді» деген түсінік бар. «Адам өмірінде 3 жағдайда өзгереді. 7 жастан соң, өте қиын жағдайға тап болғанда және семинар, тренингтерге қатысқан соң» дегенді айтып, тренингтің қадірін арттырғандар көптің қалтасын қағуда. Тренерден тәлім алып, өмірінің күрт өзгереріне қатты сенгендер отбасының аузынан жырып, соңғы тиындарын санап беруге де даяр. Нарықтың заңына сай сұраныс болмаса, ұсыныстың болмайтыны анық. Қазіргі таңдағы тренингтердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетуінің бір себебі – қатысуға ниет білдірушілердің көптігінде болса керек.

ІЗДЕГЕНГЕ – СҰРАҒАН
Жұмысы жоқ немесе аз жалақымен күнін өткізіп жүрген әрбір жанның көп жұмыс атқармай-ақ мол байлыққа тезірек батқысы келетіні бар емес пе? Ал тренингтер іздегенге – сұраған. «1 айда миллион теңге табудың жолдары», «40 күнде миллионерлер қатарына қосылыңыз» деген жарнамалар көзді арбайды. Кейбірі тіпті тегін. Мақала даярлау барысында өз қызметін тегін ұсынған атақты тренердің онлайн тренингіне мен де қатыспақ болып өтініш білдірдім. Тіркелу де оп-оңай. Тікелей эфирде сабақ басталды. Қатысушылар саны сол мезетте 15 000-нан асты. Бизнесі бар адамның мүмкіндіктерін айтып көпті қызықтырды. Ал жұрт ынтыға тыңдай бастағанда соңы жарнамаға ұласты. Тегін деп жүрген тренингіміз осы екен. «Ақысыз» бай болуды үйретемін деп жарнамасын айқайлатып, көп адам жинауды көздеген тренердің ойы іске асты. Өйткені, семинарға қатысқанның кем дегенде 10 проценті әлгі тренердің алдына қайта келетін көрінеді. Себебі ол сабақ барысында бай болудың, кәсіп бастаудың құпиясын жайып салмайды, сізге керек «кілтті» өзі өткізетін 1 апталық немесе 3 айлық курсы кезінде ұсынатынын айтады. Сәйкесінше курстың құны да арзан емес. Жеңіл жолмен бай атануды мақсат еткендердің бұл торға талай түсіп, қомақты қаржысынан қағылып, тренерді байытқаны рас. Ал нәтиже шығарғаны саусақпен санарлық.

Бизнес-тренингтердің түр-түріне қатысып, «бапкерлердің» неше алуанын көргендер бизнес-тренерді 4 топқа бөледі. Олар теоретик-тренер, философ-тренер, шоумен-тренер және практик-тренер. Теоретиктер – жоғары білімді азаматтар. Дегенмен, бизнес саласында ешқандай тәжірибесі жоқ. Олар да көпшілік секілді бизнес-тренингтерге қатысып, сондағы естіген нәрселерін өз семинарына келгендерге қайталап айтып береді. Оларға тек ақпарат таратушы деп қараған жөн. Негізінен теоретиктердің айтқанын кітаптан-ақ оқып алуға болады. Ал философтар – қарымқатынасты жоғары деңгейде меңгерген психолог тренер. Олар «неге өзге ұлт өкілдері бай болуы керек? Неге қазақ жастары базарда арба айдауы керек?» деп өздерін ұлтқа, тілі мен діліне жаны ашитын патриот ретінде көрсетіп, көпшіліктің алдында жағымды имидж қалыптастырып алып, семинарда іліп алар ештеңе айтпауы мүмкін. Дегенмен сіз оған, оның сізге деген жылы ниетіне арбалып, келесі семинарына да қатысқыңыз келіп тұрады. Практиктер – бизнесте тәжірибесі бар жандар. Олар – табысы мол компанияның президенттері немесе басшылары. Дегенмен мұндай практик-тренерлер өте сирек. Өйткені табысқа жеткен адам өзгелерге өз байлығының құпиясын оңайлықпен аша қоймасы анық. Олардың бизнес-тренинг өткізуге уақыты да болмауы мүмкін. Ірі кәсіпкерлер ел аралап, әркімді бизнес жолына баулығанша, өз бизнесін одан әрмен дамытқанды жөн көреді.

БАҚЫТТЫ ӘЙЕЛДЕР ТЕЛЕФОНДА
Ал бүгінде «инстаграм» әлемін жаулап алған тренигтің көбісі «әйел бақытына» арналады десек, қате айтқандық емес. Көпбалалы ана, сүйікті жар, тату-тәтті отбасының отанасы екенімен қоймай, бірнеше кәсіпті дөңгелетіп жүргендерін әлеуметтік желіге жариялау арқылы танымалдылыққа ие қылықтылар көп. Әйел атаулыны бақытқа бастайтын осы ілімді үйренгісі келетін нәзік жандылар да аз емес. Мақаланы жазу барысында көптің пікірін білмекке әр сала маманына тренинг жөнінде сауалдар қойдық.

– Мен әлеуметтік желіні белсенді қолданамын. Бірақ арнайы тренингтерге қатысып көрмеппін. Әйелдерге ақыл айтып жүрген бірнеше психологтің парақшасына да тіркелгенмін. Олардың бірі өз жазбасында «Фатиха» мен «Ықыласты» оқып жүріңіздер деп кеңес беріпті. Бұрыннан жатталған, ата-бабамыздың аузынан түспеген сүрелер емес пе? Енеңмен тату бол, күйеуің келгенде қабағыңды ашып, асын дұрыстап бер дегенді әжелеріміз, аналарымыз онсыз да құлаққа құйып өсірді ғой. Меніңше мұндай ақылды тыңдау үшін ақша төлеу – ысырап, – дейді әлеуметтік сала қызметкері.

Ал осы салада көңілінен шығып жүргендер пікірі мүлде бөлек. «Театр көбейсе, түрме азаяды» дегендей, мен коуч психолог, тренерлердің көбейгеніне аса қынжылмаймын. Қай-қайсысын алсақ та, жақсы өмірге бағыттап, дұрыс адам болудың жолдарын ұсынады. Руханияттан, адами қарым-қатынастан алыстаған қазіргі қоғамға бұл қажет дүние» дейді өзінің бір сұқбатында белгілі психолог Кәмшат Бекжігітова.

Шынымен де, адамның ішкі жан дүниесі мазасыз болады. Адамға қойылатын талап та артқан сайын, адамның күйзеліске ұшырауы жиілейді. Жан дүниесіне тұрақтылық табу үшін осындай тренингтер іздей бастайды. Психологқа бара алмайды, себебі ақысы жоғары және қоғамның көзқарасы да оңды емес. Сол себепті адамдар өздеріне қолайлы орын іздеп, өзімен пікірі бір аудиторияда тоғысатын жандарды іздейді.
Ал ұстаз Ақмарал Әлиасқарова «Өз басым мұндай дүниеге қызықпаймын. Сол үшін мән бермеуге тырысамын. Сондықтан керек емес деп ойлаймын. Өйткені бір адам ойлаған затты екінші адам да ойлай алады. Біреудің қолынан келген нәрсе екіншінің де қолынан келеді емес пе? Ол үшін ақша төлеп, білетініңді қайта тыңдау дұрыс емес деген пікірдемін. Егер адам шын ниетімен қалап, мен осыны үйренемін десе, оның басқа да тәсілдері бар. Дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Қажетіңді интернетке, ютуб желісіне жазсаң, алдыңнан шыға келеді» деген пікірде.

ПСИХОЛОГ ПІКІРІ
Ал психолог мамандардың бір тобы «тренинг өткізу – алаяқтықпен тең» дегенді алға тартса, енді бірі – кейбір мұндай тренингтердің пайдасы бар дейді.

– Тренингтің екі түрі болады: бизнес тренинг және әлеуметтік-психологиялық тренинг. Бизнес тренингтердің дамуы жаһандық проблемаларға байланысты. Заман адамдардан белгілі білімді талап етеді. Сондықтан бизнес тренингтер сұранысқа ие болып жатыр. Бизнес тренинг – сыртқы қажеттіліктер. Ал әлеуметтікпсихологиялық тренинг – ішкі қажеттілік. Сондықтан бұл мәселеге басқаша қарауымыз керек. Ең қауіптісі де осы жерде. Әлеуметтікпсихологиялық тренингтердің аудиториясын қарайтын болсақ, көбінесе әйелдер, жастар. Психологиялық тренингтердің көбеюінің тағы бір факторы – саясат. Психологияның саясаты бойынша адамдарды бір-бірден жинағаннан олар аз келеді. Сондықтан топтық психология пайда болды. Мысалы, адамдарды бір топқа жинап, бір мәселені талқылау, – дейді психолог Әмина Кетебаева.

Ал «тренингтен аларым көп, оған жиі қатысамын» десеңіз, мотиватор таңдауда асықпаған жөн. Мәселен, көп жағдайда мотиваторлар өз аудиториясына әлеуметтік желі арқылы шығады. Ең бастысы – кез келген адам әр ақпаратты қайта-қайта тексеруі тиіс.

Мотиватордың өзі не істейді, оның бизнесі қандай, отбасы қандай, ол осы нарықта қанша уақыт жұмыс істеп келеді дегенге бірінші кезекте назар аударуыңыз қажет. Біз кез келген жаттықтырушының үлкен өмірлік тәжірибесі мен білімі болуы керек екенін түсінуіміз керек. Екіншіден, әдемі жарнаманың артында әрдайым дәмді «кәмпит», яғни жоғары сапалы өнім бола бермейді. Сондықтан курс қатысушылары қалдырған пікірлерді оқып, егер мүмкін болса, біз осы тренингтерден өткен адамдардың жекесіне шығып, байланысқан жөн. Егер мотиватордың әлеуметтік парақшасында тек оң пікір болса, сіз одан теріс пікір сұрай аласыз. Жаттықтырушы жоқ деп айтқан кезде, бұлай болуы мүмкін емесіне көңіл бөліңіз. Өйткені барлығына бұл өмірде бірдей ұнау мүмкін емес. Кез келген тренингте кез келген тыңдаушы курсты жүргізетін адаммен келіспейді.

Осы нарықта ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан саналы мотиватор көп нәрсені тегін үйретеді. Өйткені бұл оның ішкі элементі, ол өз тәжірибесін бөліскісі келеді. Ал кәсіби емес жаттықтырушыларда көптеген патология болады. Мысалы «Мен осындай болдым, сосын сәттілік пен байлыққа қол жеткіздім. Мен сізді ынталандырамын» деген сияқты. Ал мұндай тренердің сабағынан кейін көпшілік адам, бәрібір психологтің көмегін қажет етеді.

– Иә, олар жеке терапияға жиі келеді, өйткені курстардан кейін эйфория бір айдан кейін бітеді. Олар сол курстарға қайта бару үшін тағы да көп ақша төлеу керек екенін түсінеді. Курстарда адамға сыртқы ынталандыру беріледі, ол оны «қабылдап», алысқа кете алмайды, өйткені ішкі талдау ұзақ уақытты қажет етеді. Мұндай адамдар көбінесе өздерін түкке тұрғысыз сезінеміз деп айтады. Өйткені курста оларға көптеген құрал, мотивациялық заттар беріледі. Олардың «мені» әлсіз болады және өзін-өзі төмен бағалау басталады. Салдарынан мұндай тренингтерден кейін ол көп бағаланбайды, нәтижесінде мүлдем жұмыс істей алмайды немесе жұмысынан ләззат алмайды. Түрлі сабақтарды көріп, өзгенің жетістігімен танысып, «Мен өте жаманмын, бәрі маған байланысты, мен ештеңе істей алмаймын» деп өздерін құнсыздандырады. Әсілінде, олай емес. Әрбір адам – жеке тұлға. Әркімнің құндылығы өзгеше. Сондықтан «өзгеден қалдым», «мен де сондай болуым керек» деп аптықпай, өзіңізді рухани кемелдікке жеткізгеніңіз жөн, – дейді психолог А.Каналбекова.

ОҢАЙ ОЛЖА ҚАЙДА БАР?
Ақылы жолмен білім үйретуге, экономикалық сауат ашуға болады. Қаржылық сауатыңызды арттыра аласыз. Тіл білуге де мүмкіндік бар. Тіпті тігінші немесе шаштараз болғыңыз келсе де, курсқа барыңыз. Ал әлеуметтік ахуалыңызды тренинг арқылы түзеу мүмкін бе?

Тренинг, марафон, коучинг сабақтардың құны бірдей емес. Бірі бағасын ашық айтса, енді бірін менеджеріне, жекесіне шығып қана білуге болады. Мәселен, «Мотиватор-коуч» сабағын алғыңыз келсе, 400 мың теңге төлесеңіз жетеді. Ал 3 айлық марафонға қатысу құны – 150 мың теңге. Қазіргі сұранысқа ие мобилограф және ютубты дамытуға бағытталған оқу құны – 200 мыңнан кем емес. Соның өзінде бұл баға дәл қазір сатып алсаң ғана. Баға осылай жалғаса береді. Онлайн-сабақтардың да тақырыбы әртүрлі. Бірі – сананы өзгертуге жол сілтейді, бірі – оңай баюдың жолын үйретеді, кейбірі – жетістікке жетудің кілтін көрсетеді. Одан қалса, әдемі фото жасап, видеоны өңдейтіні бар. Бизнес ашып, кәсіп бастағысы келетіндерді де ұмытпайық. Бастысы – мақсат пен қалтаңыз көтерсе болғаны.

Медиа саласына қатысты 6 күндік марафон құны – 50-60 мыңның айналасында. 6 күннің ішінде сіздің миыңызға интернет-маркетинг, SMM, дизайн, копирайтинг, мобилография, жеке бренд тақырыбын құйып шығады. Ұзаса 2 сағат болатын, жиынтығы 12 сағаттың ішінде осы тақырыптың барлығын меңгеріп шығу мүмкін бе?

Қазақта «аңқау елге – арамза молда» деген жақсы сөз бар. Ел аңқау болса, ондайлар көбейе беретіні жасырын емес. Бұл да елдің бүгінгі даму деңгейін көрсетеді. Тренингке ешкім қатыспаса, мұндай онлайн сабақтар да көбеймес еді. Сұраныс болғаннан кейін барлығының саны артып келеді. Байқасаңыздар, тренинг өткізіп жүргендердің кейбірі нақты бір мамандықты терең меңгермеген.

Кей адам тренинг, курс, марафондарға қажеттілік үшін барады. «Үйренсем, білсем» деген талаппен баратындар тағы бар. Бірақ біреудің өмірін немесе тағдырын өзгерте алмайтынымыз анық. Мүмкін, дұрыс жол сілтеп, тура жолға салатын шығар. Алайда барлығына бірдей баюға мүмкіндік туа қояр ма екен?..

Түйін Қанша адам болса – сонша пікір, сонша ұстаным. Өмірді қалай сүреді, ілімді қалай жинайды, ақылды кімнен алады – әркімнің өз таңдауы. Тек жетістікке жетпей тұрып табысты болуды үйреткісі келетін, құрсақ көтермесе де, бала тәрбиесі жайлы айтуға асығатын, тұрмыс құрмай тұрып, бақытты отбасы болудың құпиясымен бөліскісі келетін, кәсібі болмаса да «бизнесмен» болуға жол көрсететін, қалтасында миллионы жоқ бола тұра ақша табуды үйретуші «ұстаздардың» алдына барып, адаспаса болғаны.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
27 шілде 2023 ж. 420 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 312

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 411

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930