» » Бір белгі

Бір белгі

Қазір газеттің екінші жарты жылдығына жазылу науқаны жүріп жатыр. «Әне-міне дегенше 6 ай өте шығыпты. Газет оқымасақ отыра алмаймыз ғой» деп жақында редакцияға тұрақты оқырманымыз бас сұқты. Күн ыстық болған соң сәл аялдап, демін басып алмаққа біздің кабинеттегі диванға жайғасты. Өзі орыс тілді. Мектепті де орысша оқыған көрінеді. Бірақ газетке деген ықыласын көріп тәнті болып қалдық. Ашық жарқын, күліп тұрған кісі екен. Әңгімесін «ә» дегеннен бастап кетті.
– Балам, кім боласың?
– Есімім – Ақнұр, тілшімін аға.
– Ее, газет келгенде бірінші Ақнұр, Ардақ деген автордың жазғанын оқимын. Стилі, бояуы басқа. Бірсарынды емес. Жастарсыңдар ғой. Түрлі актуальды тақырыпты қозғап жүресіңдер. Еңбектерің жана берсін!
– Рақмет, көп-көп!
Ағаймен таныстық қысқа қайрылды да, енді шынайы өмірдегі әңгімеге жалғап әкетті. Біз жазудың адамы болған соң, кейде кісінің сөзін бөлмей тыңдап отыратынымыз бар. Сол әдеттен жаңылмай, үнсіз отырмын.
– «Атың жаман болса сатып құтыласың» деген сөз бар ғой. Мына айдап жүрген велосипедімнің қадірі қашты. Біресе дөңгелегі, біресе тежегіші істен шығып берекемді алып болды. Қайтсем екен?! Жаман адам демеймін, тек «жолы болмайтын» біреуден сатып алып ем. Аларда мән бермегенмін-ау.
– Сондайға сенуші ме едіңіз?
– Тіпті білмеймін, енді ой таразысына салсам, расымен әбден ығырымды шығарды.  Осы келгенде шаққа жүріп келдім. Негізі кей дүниенің өз адамы болады екен. Біреуге бақ болады, біреуге сор болады. Асқар деген досым бар-ды. Оның бірер жыл бұрын қара машинасы болған. Сол көліктен сиырды да қақты, адамды да жарақаттады, соңында үлкен темірге машинасын соқты. Жасырып қайтейін, шығыны мен кесірі көп келді. Құдай сақтағанда өзі дін аман. Тек көлігі ...
– Аға, ол кісіге бір емес, бірнеше белгі берілген сияқты ғой. Әдепкі мал соққанында алғашқы белгі болғандай, құтылу керек деген секілді. Одан кейін адамды жаралағаны тағы бар. Соңын қарасаңызшы енді. Манағы сіз айтқан өзінің адамы болмай тұрғандай көрініп отыр. Анығын білмейміз ғой..
– Дұрыс. Кей адамдардың теріс энергиясы алыстан сезіліп тұрады. Оларға жоламауға тырысамын. Тіпті танысам-дағы қарамай өтіп кететін кездер болады. Өйткені ол жағымсыз әсерді өзіме қабылдап алуға қорқамын. Екінші біреуге жолыққанда әлгі "негативті" соған ысырып жібергім келмейді. Ал кей адамдардың жанында мен жай табамын, жақсы энергияға қуаттанамын. Ашылып сөйлесемін, әзілдесіп ойнай да аламын. Маған сол күй ұнайды. Сондықтан құтымды қашырған осы затымнан арылғым келіп отыр. Жаңасын алсам, бірден өртеп жібергім келеді. Зияны тағы біреуге тимесе екен.
– Иә, мұныңыз жөн болар.
Біз аз уақыт ішінде біраз дүниені қаузап тастадық. Бірақ, мұны сіз бен біз өмірде жиі кездестіріп, көріп жүрміз. Әлгінде айтқан осы сөздер біраз ойға қалдырды. Бұл рас нәрсе ғой. Қазақта "кие" деген ұғым бар ғой. Ол да текке айтылмаса керек. Сондықтан адамға шын көңілмен, шынайы ниеттің болуы маңыздырақ қой деймін. Себебі ашығын айтпасақ, кесірі екінші адамға тиіп жатады. Өмір – бумеранг. Жасаған жақсылық та, жамандық та айналып өзіңді табады. Қарғыс та дәл солай. Орынсыз болса, өзіңе қайтады.
Бізде күнделікті өмірде түрлі белгі беріліп жатады. Бәлки оны елемейміз, мойындағымыз келмейді, жақсылыққа балай алмай жататын да шығармыз. Бірақ мұның барлығы себепсіз болмайды.
Анам ылғи "баламызға зияны тиіп кетпесін" айтып отырады. Мәніне үңіле бермейтін едім. Кейде тілмен біреуді төпеп қаламыз. Сондайда қатемізді түсініп Алладан кешірім сұрамасақ, ол өзіңе келмесе, ұрпағыңа кесір келтіруі мүмкін. Сол себепті жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табатынын ұмытпайықшы!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
03 шілде 2023 ж. 260 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 315

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 413

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930