Әке туралы әңгіме
qarmaqshy-tany.kz Біз әкемді «Көке» дейміз. Ол да өз әкесін осылай атағанынан әрі «Папа» деген орыс сөзін жаратпағанынан болуы керек бізге солай үйретті. Бір кездері көпшілігінде осындай жағдай болды ғой. бірі – көке, бірі – тәте. Анам да әкесін «Аға» деп атайтын. Мен секілді біраз адам әкесін басқаша сөздермен айтатынын білемін. Мектеп оқып жүргенде сыныптастарым мұны ерсі қабылдайтын. Сірә, әкесі жоқ деп түсінетін болуы керек. Әдепкіде бұған іштей қынжылып қалатынмын, десе де оны «Көке» дегенім әкелік болмысы мен қарым-қатынасымызды еш өзгертпейтінін кейіндеу түсіндім ғой.
Көкемнің «собственный, жеке меншік» қызы деп бетімнен ешкім қақпады. Тіпті 4-5 айлық кезімде ол алақанына салып әндеткенде бойымды тік ұстап тұратынымды күні бүгінге дейін мақтанышпен айтып отырады. Дәл сол алақандағы кішкентай қара қыздың бойындағы көп адамда бола бермейтін тікмінезділік осы кезден қалыптасқандай. Өмір бойы еңсемді тік ұстап, қатарымнан кем болмай, жүзімнің ашық болуы үшін көкемнің бір ғана алақанына салғаны жеткілікті болды. Әке туралы әңгіме жазар алдында ұзақ ойланбадым. Көз алдыма балалық шақтағы тәтті естеліктер үзік-үзік орала берді...
Шамамен 3-4 жасар кезім. Ағаммен бірге балабақшаға барып жүретінмін. Күн жылы, далаға бір мезгіл ойнауға шығарады. Балабақшалардың бәрінде қоршауы, төбесінде кішкентай шатыры бар ойын алаңы болатын. Сонда отырғанбыз. Бір сәтте ағам қолыңды жібер, мен ұстаймын деді. Қолымды босатқаным сол еді, басыммен төмен қарай кері айналып құладым. Мұрнымды сырып кетті. Жәй сырған жоқ, терімді тіліп өтті. Оны тіктіру керек болды. Анамның мінезі өте жұмсақ. Ал әкемнің бойында қаталдық бар. Анашым шырылдап жылағанымды көріп шыдай алмасын білді. Сол себепті мені бір кәрістің үйіне көкем ертіп әкелді. Келем дегенше «қызым еш қорықпа, көзіңді жұмып отыр, мен қашан болды, көзіңді аш деп айтамын сол кезде ашасың» деп әбден дайындап алды. Тура сол айтқан жағдай орын алды. Үстелдің үстінде көзімді тарс жұмып алып, әкемнің «болды» деген пәрменін күттім, қорықпадым. Бәзбіреулердің осы күні «мұрныңдағы не тыртық?» деген сұрағына да еш қысылмай, болған жағдайды айна-қатесіз баяндай алатыныма қуанамын. Бұл да әкемнен берілген.
Ел сыйлайтұғын Ерекеңнің (әкемнің аты Ердүйсен) қағытпа қалжыңға да жақындығы бар-ды. Қай ортада болмасын айтатын әзілқой әңгімесі, қыстырма сөзі түгесілмейді. Атын білмейтін кей кісілер оны «анекдот айтатын адам» дейді. Жалпы қыз мінезқұлқы жағынан әкесіне ұқсап жатады емес пе?! Менің де сол азды-көпті қалжың айтатыным да әкемнен қалған секілді.
Көкем ұзақ жыл теміржол саласында еңбек етті. Күндізгі, түнгі ауысыммен жұмыс істеді. Кешкі сағат 9-да жұмыстан қайтады. Ал біз сол уақытта көпқабатты пәтерде тұрдық. Депо біз тұратын жерге жақын. Жұмыстан шығып қалды-ау деген уақытта сыртта күтіп тұрамыз. Уәдесі бойынша дүкенге апарады, қалағанымызды әпереді. Бала емеспіз пе, соған мәз-мейрам болып қайтамыз. Әрбір туған күн, мереке тортсыз өтпейді. Жаздыгүні таңертең анам екеуі ерте тұрып, вокзалға барады. Дәл сол уақытта қауын-қарбыздар арзанырақ болады. Содан үйіп әкеледі. Шетінен жеп тауысамыз. Ол да бір қызық кез екен ғой.
Қазірде әкемнің зейнеттік демалысқа шыққанына да алты жылдан асты. Бойындағы жауапкершілік, қаталдық, тәртіп сол қызметінен қалыптасқандай. Бізді бала күннен темірдей тәртіпке үйреткен де осы әкем. Қойған заты орнында тұрмаса ащы сөзбен бір сыбап алатын. Кейін әкемнің заттарын тақадай қылып қоюға әдеттендік. Айтылған әрбір сөз бен берілген тапсырманы бұлжытпай орындауға осылайша бала кезден бейімделіп өстік қой.
Қазір тұрмысқа шықтық, балалы болдық. Бірақ ауылға барған сайын алдымнан қарсы алып, «айналайын» деп маңдайымнан сүйеді. Бала күні алақанына салса, бүгінде тек маңдайымыздан бір иіскеп қояды. Қалай болғанмен де жүрегінде балаларына деген мейірім, махаббат бары білініп тұрады. Біз де оны сеземіз, жақсы көреміз.
Ол туралы сонау Германияда әскери борышын өтеп жүрген кезінде газет беттеріне жарияланды. Тіпті сол кездің өзінде қатардағы жауынгер болсадағы мінезі мен ұқыптылығының арқасында көзге түсті. Бертін келе жыл сайын тамыз айында тойланатын төл мерекесінде аудандық, облыстық басылымдарда әкемнің есімі жарияланып жүрді. Бірақ тілші болған соң өзі туралы менің жазғанымды құп көріп, естеліктерін, өмірбаянын көрсетіп қолқалады бір жолы. «Иә» деп қысқа қайырғаныммен, біраз уақыт қолым бармай жүрді. Өйткені бірсарынды өмір жолын суреттеп жазғым келмеді. Оның қызметтегі бейнесін емес, әкелік болмысын ашып жазғым келді. Соның сәті бүгін түскендей.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ