» » Қармақшылық жігіт белгісіз тілде жазады

Қармақшылық жігіт белгісіз тілде жазады

Ол кезде жаз болатын. Туыс ағамыз масаханада қарындасымен жатса керек. Түрлі-түсті шамы жарқ-жұрқ еткен өзге планеталықтар келіпті-мыс. Ал Антон еш мүдірместен әлгілердің ізінен ілесіпті. Қарындасы қорыққаннан үйдегілерді оятып, іздейді. Таппайды. Тек екі сағаттан соң ғана өзі үйге келіпті. Сондағысы ерекше қабілетке ие болып, тіпті бір қарыс жерге аяғы тимей ауада тұрады деседі. Арада ұзақ уақыт өтпей Антон белгісіз себептермен өмірден озды. Ал артында түсініксіз әріптер жазылған бір қойын кітабы ғана қалды. Оның сырын күні бүгінге дейін ешкім аша алған емес.
Біз жазғалы отырған жай осы оқиғаға ұқсас. Тек кейіпкердің бойындағы қабілет басқаша өрбіпті. Бауыржан Орынбаев ол кезде небәрі 17 жаста болған. Бір күні әлдекім құлағына бөлме дайындауын бұйырыпты. Арнайы киімі, тіпті терезесін жауып қоятын пердесі де бар. Оны түнімен көз ілмеген анасы ай мен күнді бейнелеп тіксе керек. Үйдің түпкі бөлмесі Бауыржан үшін құдды білім ордасындай. Ол осында 4 жыл тылсым күштен дәріс алған.
– Осы жылдар арасында той-томалаққа да бара алмадым. Жібермейтін. Анам ыдысқа толтырып тамақ әкелсе, жартысын жегізбей қайтарып жіберетін. Бірде ірі денелі, сауыт киген батыр келді. «Менің есімімді жаз. Сыртқа жарияла» деді. Ол Рим империясы кезінде өмір сүрген болуы мүмкін. Тек тарихта аты қалмаған. Одан соң бір профессор келді. Маған 8 тілді меңгертті. Олар жаз дейді. Ал қолыма қалам мен парақ алсам, еріксіз жаза жөнелемін, – дейді Бауыржан.
Бір қызығы – жазған жазбаларын тастай салса, оны қайта алып келуін бұйырады екен. Ал жазбаса жаны қысылып, еріндері тілім-тілім болып қанайтын көрінеді. Оның жанын жегідей жегені де осы – қабілеті. Өзге түгілі өзі түсінбейтін белгісіз белгілерді жазудан, белгісіз тілде сөйлеудің сырын аша алмай келеді. Осы кезге дейін түсініксіз түрлі жазу-белгілермен қырықтан аса қалың дәптерді толтырып үлгеріпті.
– Ол кезде дұрыс білмейміз ғой. Біраз абдырап қалдық. Екі жылдай әулие-әмбие араладық. Марал ишанның басына барып, бір апта қондық. Келген аянның барлығында да «ұлың бақытты болады» дейді. Сол кездері «Хабар» арнасына бардық. Серік Аббасшахтың өзі күтіп алып, бірқатар тілшілер көмек қолын созды. «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының журналисі Сағитжан Бермағамбетов те ҚМУ-дың профессорларына апарып, иран, неміс тілінде сөйлегенінің дұрыстығын тексертті. Расымен оқылуы дұрыс екен. Солай жүргенде ауылдан хабар келді. Қайтпасқа амал қалмады. Бауыржан 10 жыл әкесінің қасында болып, өмірден озамын дегенше қарайлады. Сол кезде ізденгеніміздің бәрі ұмыт болды. Бізге мұның сырын ашудан өзге ешнәрсе қажет емес, – дейді Бауыржанның анасы.
Бір айтарлығы – өзінен жазып-сызған белгілерін оқып беруін сұрай қалсаңыз, ол еш мүдірместен заулата жөнеледі. Алайда Бауыржан жазған-сызғандарының мән-мағынасын ашып айтып бере алмайды. Ол оқып жатқанда құдды бір қисса-дастанды жатқа айтып жатқандай әсерге енеді. Бауыржан айтқан сөздерді ести қалсаңыз не араб, не парсының көне тілі ме деп қаласыз. Себебі әр сөздің дыбыс-ырғағы араб-парсы тіліне ұқсас. Ал оған белгісіз бір дауыс "осыны жаз!" деп бұйыратындай. Әрине, баста айтып өткеніміздей Бауыржан тек 4 жыл ғана тылсымнан дәріс алған. Бүгінде олар келмейді дейді. Бірақ қабілеті сақталған. Қағазды қаламымен түрте қойса, белгісіз күш ығына жықпай қоймайды.
Бауыржанның айтуынша, оған келген Мұхаммед Пайғамбар. Бұл жайында дін не дейді? Бір жақты ой қалыптаспас үшін мешіт имамдарымен тілдесуді жөн көрдік.
– Мешітке түрлі адам келеді. Бірі – бойындағы тылсым күштен арылуын сұраса, енді бірі – оны ырқынан тыс белгісіз біреу басқаратынын айтады. Бірде мынадай оқиғаға тап болдық. Құранды толық жаттаған, аят, сүресінің бәрін жатқа айтатын азамат болды. Өзің жаттадың ба деп сұрасақ, бұл қабілет өзі келді дейді. Сөйтсек ішіне Құранды жаттап алған жын кірген екен. Осы секілді дүниелер көп кезігеді. Ал Мұхаммед Пайғамбар тек тақуа, бес уақыт намазын қаза қылмаған, иманы мықты адамға ғана аян беруі мүмкін. Қандай жағдай болмасын мешітке келіп, Құранмен оқытылған дұрысырақ, – дейді Ораз ахун мешітінің имамы Нұрболат Рахметтулаев.

Түйін
Әрине тылсым күштің барына бірі – сенсе, енді бірі – күдікпен қарайды. Мұны тек басынан өткергені ғана түсініп, сырының қайда жатқанына талпынып әлек. Әлемде біз білмейтін талай оқиға орын алуда. Күні бүгінге дейін газет бетіне шығып, қабілетінің сырын ашуға ұмтылған біздің кейіпкер де жәрдемдесетін жан іздеуде. Ендігі кезек ғалымдардың еншісінде.

Айнұр ӘЛИ
14 қазан 2019 ж. 1 987 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 321

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 416

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930