» » Дала дарабозы

Дала дарабозы

Бар саналы өмірін ауыл шаруашылығы саласына  арнап, аймағымызда құрметтілер көшінде жүрген қарт диқан Жақсылық Жалғасбаевтың есімі мен өнегелі өмір жолы  аға буын өкілдеріне жақын таныс. Бала жасынан кетпенді серік етіп, бақша егіп, кәсібінен береке тапқан абыз аға, ауданның Құрметті азаматы биыл 89 жасқа толып отыр.
Жақында  бағбанның бақшалығында болдық. Онда барғанымызда диқан егінін суғарып, су жүретін жолды кетпендеп  жүр екен. Қос жанына тоқтап, көліктен түстік.  Аға да қолындағы кетпенін қойып, бізге қарай жүрді.  Алдынан шығып амандасып жөн сұрасқан соң ол:
– Тілшілер келіп қалыпты  ғой, – деді де  өзі жол бастап, бақша басындағы қосқа кірді. 
Өзі төрге жайғасып, бізге де «Отырыңдар» дегендей, жанындағы орынды көрсетті. Әрі қарай «Тілшілер қайнаған тірліктің ортасында жүресіңдер ғой, айналайындар келген бұйымтайларыңды айтып отырыңдар. Ауданда  нендей жаңалық болып жатыр. Ел-жұрт аман ба?» деген сұрақтарды жаудырды.
Біз де қарап отырмай ауданда атқарылып жатқан іргелі істер мен осы жерге келу  мақсатымызды айттық. Содан соң ақсақалдан өзінің балалық шақтан естелік айтып беруін сұрадық.
Диқан езу тартты да әңгімесін бастап кетті.
«Балалық шақ дейсіңдер ме? Сол бір зұлмат жылдармен қатарласа өскен біздерде балалық шақ болды дейсің бе?» деп қарсы сұрақ қойды да «Әй қайдам, біздер  балалық шақ  дегенді білгеніміз жоқ қой. Мен соғысты жеті жасымда қарсы алдым. Сол жылы күзде мектепке барамын деп дайындалып жүрген кезімде  фашистік Германиямен соғыс басталып кетті де  ер-азаматтар майданға аттанды. Ауылда қарттар мен әйелдер, 18-ге толмаған жастар мен шиеттей бала-шаға қалдық. Олар қолмен бидай орып, малға шөп дайындады. Майдандағы ер-азаматтарға қолдау көрсетті ғой. Төрт жылдан астам уақыттан соң талай жанның отбасына қасірет әкелген соғыс та аяқталып, майдангерлеріміз елге оралды. Ер жетіп, ауылдағы шаруашылыққа жұмысқа орналастым. Мен шаруа отбасында тәрбиелендім. Әкем де, анам да едәуір жаста болды. Ол кезде нан, киім дегендер қат еді. Кейде марқұм әкем өлген сиырдың терісін жұқалап тіліп, оны шыбыққа байлап, отқа пісіріп берген кездер де болды. Мен қырманда жұмыс істедім. Өзіммен қатар балалармен бірге «Коммунал» деген астық тазалағыш агрегатпен бидай, күріш  тазаладық.  Сонда өзім сияқты балалар күріш, бидайды тазалап жатып, арасында ұрлайтын. Ондайға әуестенбеген мен кейін келе аштықтың кермек дәмін татып, оларға қосылдым. Амал нешік, олай істемесек аш қаламыз. Кейде оны үйге апарамыз, анам әкелген бидайды қол диірменге тартып, ұн түйіп, нан пісіретін. Аштық, жоқшылық  бізді  ерте есейтті. Сол кез менің мәңгі есімде. Сонда өзіме «өскен соң отау құрып, балаларыма жоқшылықты көрсетпеймін» деп серт бердім. Өсе келе  шаруашылықтағы еңбекақы төлейтін жұмысқа тұрдым. Алғашқы еңбекақымды  анама әкеліп бергенім әлі есімде.  Айналайын, анашым көзіне жас алып, «Сенің де жігіт болғаның» деп маңдайымнан сүйіп еді. Арада жылдар өтті. Еңбекке араластым. Жоғары білім алдым. Сол бір зұлмат жылдарда  бір үзім нанның қадіріне қанығып өскен жалаң аяқ қара бала бүгінде мына қара кетпеннің күшімен тоқсанға аяқ басып отыр», – деді абыз аға.
 Иә, «Өмір – өзен» демекші, Жақсылық аға аудан экономикасын нығайтуда  коммунистік партия жолдамасымен түрлі лауазымдық  қызметтерді абыроймен атқарған. Ақжар, Ақтөбе, Жосалы ауылдарында басшылық еткен жылдарда сол елді мекендердің дамуына, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласын өркендетуде үлкен жұмыстар істеп, ел ықыласына бөленген.
Осы ретте абыз ағадан ұзақ жасаудың сыры неде екенін сұрағанымызда ол: «Жас жайына келсек, мен ешқашан  алдыма ұзақ жасайын деп мақсат қойған адам емеспін. «Тоқсан көрем деген жасым ба еді, быламық ішем деген асым ба еді»  деп қазақ атам  айтқандай, менің жасыма келген де, келмеген де бар. Бұл әрине Алланың маған берген сыйы деп білем. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп ақын Абай айтқандай,  кейде қазақ халқының данышпан қариялары байырғы өмір өрісінде қалып кеткен бе деген де ой келеді. Олай дейтінім, бала кезіміздегі  қырық жастағы ағаларымыз біздер үшін үлкен жастағы кісілер сияқты көрінуші еді. Әкеміздің қатары  жастарына жетпей ақсақалдықтың жолына түсті. Қазірде осы мәселе мені ойландырады. Жасы жетпістен асқандар арасында үлкендіктің жолын ұстанудың орнына такси болып, жастармен бірге шарап ішіп жүргендерді кездестіремін. Біле білгенге тоқсан өте үлкен жас. Десе де, мен тоқсанға келсем де әлі кетпен ұстап бақша егіп жүрегеніме Құдайға  шүкіршілік  деймін» деді Жақсылық аға.
Сондай-ақ, ақсақал өмірден түйгені мен еңбек тәжірибесі жайлы ойын былай тізбектеді.
«Адам адал өмір сүрсе, әрине ол әрдайым Алланың қамқорлығында жүреді. Менің оған көзім жетті. Әділдік пен тазалық осы адалдықтан шығады.  Мен  Жосалы кеңшарын 15 жыл басқарып, кейіннен өз еркіммен қызметімнен босап, қолыма кетпен алып, жұмысымды диқаншылыққа ауыстырдым. Еліміз егемендік алғаннан кейін аудан бойынша  шаруа қожалығын құрған кәсіпкерлердің  алғашқыларының бірімін. Сол жылдары  жеке меншіктік кәсіп деген ұғым енді ғана айтыла бастаған. Халықтың көбі кәсіптің не екенін де білмейтін. Бірақ мен тәуекелге бел будым да осы кәсіпті бастадым. Тоқ етері кәсібімнің келешекте отбасымды асырайтынына сендім. Рас, қауіп те болды. Қазақ халқында «Шешінген судан тайынбас» деген керемет ұғым бар. Атам қазақ ұрпақтары  негізінен егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысқан. Содан арада өткен отыз жылдан бері шаруа қожалығын құрып, оны басқарып келемін. Қазір жасым  89-ға келді. Жас кезімдегідей күш-қуатым жоқ болса да алған бетімнен қайтпай, тынымсыз тіршілік етіп келемін. Жер аударып, тас қашап жатпасам да жұмыс барысында бірер минут демалыс жасап, қайтадан қолыма кетпенімді аламын. Тірлігім өзіме ұнайды. Мүмкін бұл жұмыс өмірімді ұзартатын да шығар. Осы жасыма дейін ешкімнің ала жібін аттаған жоқпын. Өмір бойы өзімнің табанақы, маңдай теріммен адал еңбек етіп келемін. Сегіз балам бар. Оларды оқыттым, барлығы да  жоғары  және арнаулы білімді маман.  Ал, енді сенің сұрағыңа келсек, жеке кәсіпкерлікке келуім отбасымның, нақты айтқанда әйелімнің қолдауымен жүзеге асты. Ешкімге қол жайып бармадық. Ешкімнен бір тиын сұрамадық. Тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк болды. Соның арқасында келіншегім екеуміз балаларды жетілдірдік. Сол уақыттары маған қолдау көрсеткен, әрбір тірлігімде өзіндік үлесі бар әйеліме ризамын. 450 гектар жеріміз бар. Оған қоса 80-ге жуық мүйізді ірі қара өсірудеміз. Уақ мал да бар. Жоңышқа ектік.  Бақша, оның ішінде қауын-қарбыз, асқабақ, қызанақ, қиярға ерекше көңіл бөлемін. Үлкен ұлым Жомарттың баласы Абзал, Байқоңыр қаласында тұратын Нұрлан,  күйеу балам бәрі бақша егеді.  Олжас деген көмекшім бар. Одан басқа өзімнің жақын жұрағаттарым да бақшадан  нәпақа табуда. Мен оларға кеңесшімін. Қазір кемпіріміз екеуміз шөбере сүйіп отырмыз. Енді шөпшек сүйеміз ба деген үмітіміз де жоқ емес. Арманым  ұрпақтарымның қай-қайсы болсын  көзім тірі тұрғанда ешбір таршылық көрмесе екен деймін. Қолымдағы ұлым Владимир мен келінім Гүлнұрдан туған 4 немерем бар. Владимир елге  беделді азамат. Арманым  орындалды. Ұрпақтарым өмірден өз орнын тапты. Немере саны 30-ға жетті. Жетпіс жылға жуық бір шаңырақ астында бақытты өмір сүрген жарым қасымда. Бұдан артық маған қандай бақыт керек. Аллаға шүкіршілік  етемін» деді ол.
«Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады.
Тектілердің тұяғы,
Таңдайды құз-қияны.
Шын тектілер халқы үшін,
Өлімге басын қияды.
Жақсы, жаман деместен,
Жанына жұртын жияды...» деп Бекасыл әулие айтқандай, қарт диқаннан «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер...» деген даналық ұғымның мәні-мағынасы жайлы  айтып беруін сұрағанымызда ол бізге күле қарап: «Дұрыс айттың, әрбір азамат өзінің тегін білуі тиіс. Мен де ұрпақтарыма  қай жерден шыққанымызды, кім екенімізді саналарына сіңіріп келемін. Енді өз тегіме келсем, мен Кіші жүздің  Жетіру тармағы, оның ішінде Керейттің Андағұлымын. Негізінен көнекөз қариялардың айтуынша бізді «Бидастың бес баласының бірі» дейді. Отанымыз Жалағаш өңірінде. Кеңес өкіметі аудандар арасында жерді бөлгенде ата-бабамыз Қармақшы ауданының аумағында қалып қойған. Содан алпыс үйлі Керейт  бұрынғы Сталин кеңшарында қалған екен. Мен 1934 жылдың жазында дүниеге келіппін. Анамның айтуымен 1 шілде деп көрсетіліпті. Бұл анамның сол кездегі ауылдық кеңес хатшысына «Ашаршылықтан кейінгі бірінші тоқшылық жылының пісімшілігі басталғанда тудым» деп берген анықтамасы екен. Алла қаласа шілдеде 89-ға толамын. Адам бұл жалған фәниге пенде болып келгенде оның келешегі маңдайына жазылып қойылады екен. Ешкім одан аттап өте алмайды. Барым да, байлығым да  қуанышым мен қайғыма ортақ болып келе жатқан жарым Любамен өмірімізді тағдырластырдық. Оның қолдауымен  түрлі лауазымдық  қызметтер атқардым. Әңгіме болсын, екеуміздің  бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз, қазіргілер оны махаббат деп атайды. Сонымен менің Любамен қарым-қатынасым әскерге кетпей тұрғанда  басталды. Үш жыл бойы Отан алдындағы азаматтық парызымды атқарып жүргенімде екеуміз хат жазысып тұрдық. Ол мені күтті. 1957 жылдың желтоқсан айында әскерден келгесін, өз  үйіме емес, Қызылордадағы Любаның үйіне бардым. Ойласа келе шаңырақ көтердік.  Біраз уақыт екеуміз оның ата-анасының қолында  тұрдық. Еңбек жолымды қаладағы жайылымды суландырумен айналысатын «Бурводстрой» трестінде жүргізуші болып бастадым. Кейіннен шеберлік қызметке ауыстым. Арада бір жыл өткесін, яғни 1959 жылы Зина есімді тұңғыш перзентіміз дүние дидарын ашты. Содан кейінгі жылдарда  4 ұл, 4 қыз сүйдім. Аллаға шүкір, балаларымның бәрі мейірбанды, тәрбиелі болып өсті. Соның бәрі жарым Любаның арқасы. Ұлым Жомарт та, оның келіншегі Ләззат, басқа да ұрпақтарым мен келіндерім аналарының асты-үстіне түсіп отыр. Ал, қыздарым аналарына ерекше өліп-өшеді.  Мен «Ақжар», «Ақтөбе», «Жосалы» кеңшарында  гидротехник, өндіріс бригадирі, партия жұмысының ұйымдастырушысы, кеңшар директоры болып қызмет істеп, аталған ауылдар мен шаруашылықтардың өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қосқанымды, басшы болып, атқа мінгенімді айтып жатырмын. Бұл елді мекендер тұрғындары алдында әжептәуір беделім де бар. Осы күні балаларыма «Құдай қосқан қосақтарыңмен жарасып тұрыңдар, бір-біріңді бағалаңдар, сүйіңдер» деп ақыл-кеңесімді беремін.
Түйін
Жақсылық Жалғасбаев ағамыздың елге сіңірген еңбегі өлшеусіз. Бала жасынан қара кетпенді өміріне серік етіп келе жатқан қарт диқанның өскелең ұрпаққа бергені де,  берері  де әлі көп. Оның өнегелі өмір жолы бәрімізге үлгі. Десе де, сөз арасында айтқанымыздай «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады» ағайын? Міне, елім деп жүрген  Жақсылықтай  қарт диқан, абыз ағаны қай жағынан құрметтесек те артықтық етпейді. Тіпті омырауына  мемлекеттің жоғары бір наградасын тағуға, облыстың Құрметті азаматы, облыстың Құрметті ақсақалы деген де атақты неге бермеске. Бұл азаматымызды құрметтеп, оның есімін ардақтау барша ұлтжанды азаматтың міндеті деп білген дұрыс. Біз қарт диқанның қазақ халқы, оның ішінде Сыр бойында  бақша шаруашылығын  дамыту жолында әлі талай үлгілі істер қосарына сенеміз.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
06 маусым 2023 ж. 733 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 323

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 417

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930