» » Тәуелсіздік тұмары

Тәуелсіздік тұмары

qarmaqshy-tany.kz Мемлекеттік Рәміздер - Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстанның дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші, әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, сонымен қатар халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер.
Тарихқа үңілсек, тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жаңа мемлекеттің алдында тұрған басты міндеттердің бірі – Мемлекеттік рәміздерді әзірлеу және оны бекіту қажеттілігі болды. Еліміздің үздік зиялы күштері жұмылдырылған ауқымды жұмыстар жүргізілген.
1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңес Президиумының жаңа мемлекеттік рәміздерді дайындау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы Жарлығы шығады. Соған сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылып, оның құрамына Салық Зиманов, Ербол Шаймерденов және басқа да белгілі тұлғалар кірді.

Елтаңба, Ту, Әнұран үлгілерін әзірлеуге байқау жарияланып, оған 600-ден астам адам қатысқан. Сайысқа қатысушылардың алдында қиын міндет тұрды. Мемлекеттік рәміздер эстетикалық талаптарға жауап беріп қана қоймай, тарихи, саяси, экономикалық символизмді де алып жүруі керек болды. Егеменді жас мемлекеттің саяси мәні мен мақсатын мейлінше айқын көрсететін айрықша шешім табу қажет болды.

Сол уақытта Мемлекеттік Тудың 1200 эскизі ұсынылса, Мемлекеттік Елтаңбаның 245 жобасы мен 67 сипаттамасы және Мемлекеттік Гимннің 750 нұсқасы комиссия қарауына берілген.

Ал, 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстанның жаңа Мемлекеттік рәміздері туралы заң қабылданып, алғаш рет бекітілді. Бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Қазақстан халқы мерекені 31 жылдан бері атап өтіп келеді
.
Әнұранымыз бен көк Туымыз туралы әңгіме болғанда көп жағдайда спортшыларымыз еске түсетіні анық. Өйткені ел намысын арқалаған оғландарымыз халықаралық додаларда атой салғанда еліміздің Әнұраны шырқалып, көк Туымыз көкке көтеріледі.

– Бұл өмірде өз Отанын сүймейтін адам жоқ шығар. Жұмырбасты әрбір пенденің бір ғана Отаны бар. Рас, Тәуелсіздік қандай бағалы болса, мемлекеттік рәміздерді де солай құрметтеуіміз керек. Рәміздеріміздің қасиетін сыртқа шыққанда ғана сезіне бастайтынымыз тағы рас. Жалпы, мемлекеттік рәміздеріміз түрлі спорт жарыстарында танылып жүр ғой. Әлемдік бәсекелерде бұған талай куә болып, өзіміз де ғаламат сезімді бастан кештік. Кез келген әлемдік жарыста қатысушы елдердің байрағы ғимараттың төбесінде тізіліп тұрады. Ішінде, Қазақ елінің, яғни біздің көк ту ерекше. Туды жамылып, трибунада отырғанда кеудемізді керемет мақтаныш кернейді. Еліңнің әлем алдындағы беделін, Тәуелсіз еліңнің қадірін осындайда сезінеді екенсің. Спортшыларымыз шаршы алаңға көтерілген сайын көк туды желбіретіп, «Қазақстан, алға!» деп ұрандатамыз. Спортшыларға да ерекше күш-қуат береді. Ал өзің чемпион болып, ту көкке көтеріліп, өз Әнұраның ойнаған кезде адамның ішінде айтып жеткізе алмайтын ерекше сезім болады. Себебі, тек Қазақстан ғана емес, барлық елдің назары өзіңде болады. Осындайда елдің абыройын асқақтатқаның үшін төбең көкке жетеді. Қазақстаннан, оның ішінде шағын ғана ауданнан келіп, әлемдік додада оза шығып, қарсыластарыңнан бір саты жоғары тұрудың өзі бір мәртебе. Бұл бір ерекше бақытты сәт. Ел намысын қорғаймын деген әрбір жанға осы бақытты сезіну бұйырсын. Еліміздің туы әрдайым биікте желбірей берсін, – дейді әлемдік сайыстарда топ жарып жүрген жерлесіміз Ерасыл Сәулебек.

Патриот болу, Отанға деген адалдық, құрмет – жалпы әр азаматтың бойынан анық көрінеді. Оның жүрістұрысынан, киген киімінен-ақ байқауға болады. Бойында намыс оты ұшқындаған, елім дегенде жүрегі елжірейтін жастарымыз баршылық. Мәселен, бүгінде көпшілік қазақы ұлттық ою-өрнектермен, рәміздеріміз бедерленген түрлі киімдер кие бастады. Мұның өзі де жақсы насихат емес пе?!

– Мемлекеттік рәміздер – әрбір мемлекеттің айбынын асқақтатып, ерлігі мен елдігін танытатын құндылықтар. Туым – тұғырым, Елтаңбам – елдігім, Әнұраным – асқақ әнім. Жастарымыздың бойынан мемлекеттік рәміздерге деген құрметті көріп, қуанамын. Әсіресе, оны еліміздің намысын қорғап жүрген спортшыларымыздың бойынан көп байқаймын. Екі жасар сәбидің өзі Әнұранды естісе, бей-жай тұра алмайды ғой. Оң қолын жүрегіне қоюды да біледі. Бұл олардың мұндай көрініске көзі үйреніп, санасында жатталып келе жатқанын білдіреді. Рәміздерге деген насихатты әлде де күшейту керек. Мәселен, рәміздер туралы арнайы фильмдер түсіріліп, өмірде жетістікке жеткен, нағыз патриот азаматтармен жиі кездесулер ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді ардагер ұстаз Райкүл Қаратаева.

Иә, Әнұранды әспеттеу, Туды тұғырлы ету, Елтаңбамызды ел есінде қалдыру – әрбір азаматқа сын болмақ. Елдігімізді таныту, абыройды асқақтату – қастерлі құндылықтарды қорғай білумен өлшенбек. Сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген таңда өз алдына мемлекет болумен қатар, тұғыры биік Туымызбен, ел тарихын әлемге танытар Елтаңбамызбен және кез келгеннің патриоттық рухын көтеретін Мемлекеттік Әнұранымызбен қарыштап қадам басып келеміз, оған да тәубе! Азат елдің бірден-бір нышаны саналатын рәміздерімізді құрметтеп, қастерлей білу – бүгінгі, ертеңгі ұрпақтың парызы. Тәуелсіз мемлекетіміздің көк байрағы биіктен желбіреп, мәртебесі одан әрі арта берсінІ
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
04 маусым 2023 ж. 203 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 324

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 417

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930