Бәріне бірдей мүмкіндік
qarmaqshy-tany.kz Қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру. Осы жаһандық мәселеге әлем ғалымдары мынадай анықтама береді: инклюзивтік білім беру дегеніміз – барлық баланы, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждығына арнайы қолдау көрсету.
Ерекше білімді қажет ететін балаларды толыққанды тәрбиелеу және әлеуметтендіру, білім беру процесіне қосу үшін жағдай жасау, соның негізінде инклюзивті оқытуды енгізу мемлекеттің әлеуметтік саясатының бір бағыты болып табылады.
Инклюзивті білім беру – ерекше білім қaжеттілігі мен жеке мүмкіндігін ескере отырып, бaрлық оқушылaрдың білім aлуынa тең қол жеткізуді қaмтaмaсыз ететін үрдіс, білім беру жүйесінің өзгеруі және баланы бүкіл мектеп деңгейінде қабылдау. Сондай-ақ ерекше білімді қажет ететін балалар мен жасөспірімдердің әдеттегі мектептің білім беру процесіне белсенді қосылуы мен қатысуын ғана емес, сонымен бірге барлық баланың білім алу қажеттіліктерін қамтамасыз ететін жүйе ретінде жаппай білім беру процесін қайта құруды қарастырады. Инклюзивті оқытудың негізгі принциптері мыналар. Олар адам құндылығы, оның мүмкіндігіне қарай қабілеттілігі, әрбір адам сезуге және ойлауға қабілетті, әрбір адам қарымқатынасқа құқылы, барлық адам бірбіріне қажет, білім шынайы байланыс шеңберінде жүзеге асады, барлық адамдар құрбы-құрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді, әрбір оқушы үшін жетістікке жету – өзінің мүмкіндігіне қарай орындай алатын әрекетін жүзеге асыру, жан-жақтылық адам өмірінің даму аясын кеңейтеді.
Қазір әлемде өскелең ұрпақтың әлеуметтік дамуы өзекті мәселенің біріне айналуда. Ата-ана мен оқытушы балалардың сенімді, бақытты, ақылды және мейірімді болуын қамтамасыз ету жайында алаңдайды. Балалық шақта әлеуметтік ортаға үйлесімді және тиімді бейімделе алатын, өзінің «мен» бейнесін басқа адамдардан ерекшелейтін баланың әлеуметтік дамуы жүреді. Әлеуметтік даму әлеуметтену және даралау процестерін біріктіреді, баланы тек объективті әлемге ғана емес, сонымен бірге жақын ересектер және құрдастарымен байланыс арқылы қарым-қатынастың әлеуметтік негізін құрайды. Ерекше білімді қажет ететін бала құрдастары сияқты қабілетті және талантты бола алады, бірақ оның талантын ашуға, дамытуға, олардың көмегімен қоғамға пайда әкелуге мүмкіндік теңсіздігі кедергі келтіреді.
Әлеуметтену – жеке тұлғаның қалыптасуын сипаттайтын кең ұғым. Бұл баланың әлеуметтік өмірдің дайын формалары мен әдістерін, материалдық және рухани мәдениетпен өзара әрекеттесу жолдарын, қоғамға бейімделуді ғана емес, сонымен бірге өзінің әлеуметтік тәжірибесін, құндылық бағдарын және өмір салтын дамытуды (ересектермен және құрдастарымен бірге) саналы түрде игеруін қамтиды. Әлеуметтену ұзақ және өте күрделі процесс. Бір жағынан, кезкелген қоғам, ең алдымен әр баланың әлеуметтік және моральдық құндылықтар жүйесін, мақсатын, мінез-құлық нормалары мен ережелерін қабылдап, игеріп, осы қоғамда өмір сүріп, оның толық мүшесі болуына мүдделі.
Қорыта айтқанда, қазіргі таңда әр оқушыға жеке тұлға ретінде қарап, саналы тәрбие, сапалы білім беру өмір талабы. «Бәріне бірдей мүмкіндік», «Сапалы білім – барлығы үшін» деген ұстанымды қолдаймын.
Кәмшат СЕРІКҚЫЗЫ,
№269 мектептің арнайы маманы