Инклюзивті білім берудің маңызы
qarmaqshy-tany.kz Қазіргі таңда бүкіл әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе – балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру.
Дефектология ғылымда жаңадан тұсауын кескен сәбидей алғашқы қадамын елімізде енді бастап келеді. Ананың денсаулығынан ба, әлде әке қанынан ба, ауаның ластануы, бәлки жазмыш болар, әйтеуір бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалардың саны азаймай отыр. Санаға салып сараласақ, бұл біздің елімізде бей-жай қалдырмайтын үлкен мәселе. Инклюзивті білім беру – ерекше мұқтаждығы бар балалар мен қалыпты балаларды тең оқыту болып табылады. Демек, инклюзивті білім беру негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Осы бағыт балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру жағдайын қалыптастырады. Қазіргі уақытта даму мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасаудағы өзекті мәселе инклюзивтік білім беру. Инклюзивтік білім беру мүмкіндігі шектеулі балаларға өзінің құқықтарын іске асыруға мүмкіндік береді. Инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі балаларға балабақша, мектеп, институт, мектепке дейінгі және мектеп өміріне толық көлемде қатысуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларды теңдікке, тең құқылыққа ынталандыру қорына ие болып табылады.
«Бала дамуының алға жылжуы неғұрлым жоғары болса, мұғалімнің білімі одан да жоғары болуы керек» деп неміс психологі П.Шуман айтқандай, өз мамандығымды қаншалықты жақсы көрсем, соншалықты еңбек етуді үйреніп келемін. Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен ұйымдастырылған ойын түрлері, балалардың сөйлеу тілінің қалыптасуына зор ықпалын тигізеді.
Кәмшат САМАРТАЕВА,
No269 орта мектептің арнайы маманы