Бірлік пен толеранттылық елі
qarmaqshy-tany.kz Еліміздің атауын естігенде санамызға бірлік, татулық, өзара достық қарымқатынас ұғымдары қатар шоғырлана қалатыны ақиқат. Әлем мемлекеттері де бізді татулығы мен бірлігі тұтасқан ел ретінде танып, ынтымақтастықтың жаршысы деп біледі. Еліміздегі 130-дан астам ұлт өкілінің бір-бірімен дос-бауыр, жанашырқамқор көңілмен етене араласып, тонның ішкі бауындай бірлесе әрекет етуі сөзіміздің жарқын дәлелі болмақ.
Бірлік, бейбітшілік ұғымы қай қоғамда болмасын өте өзекті. Адам баласы ежелден тыныш, бейбіт өмір жолында күресіп, ұрпағының жақсы заманда өмір сүруін армандап, сол жолда күш-жігерін сарп етіп келеді. Тарих күнделігінің парақтарын ақтара отырып, сонау ерлеріміздің бес қаруын бойынан тастамай, ер жастанып, ат үстінен түспеген күндері мен өткен ғасырдың алып оқиғасы – Ұлы Отан соғысының бейбітшіліктің қадірін ұғындырып кеткенін түсіну қиын емес.
Халқымыз қашаннан ешбір ұлтты жатсынбай, кең-байтақ даласының бір пұшпағын бөліп беріп, достық пейілін ұсына білген. Қазыбек би: «Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз», – дегендей, адам баласымен, халықтармен достық қарым-қатынасты сақтау – еліміздің басты стратегиялық мақсат-мұраттарының бірі. Әлем тарихында жүздеген ұлттың бір елде тұруы таңқаларлық жайт емес. Дегенмен, олардың өзара бірлесе өмір сүруі, татулық мәселесі тұрғысынан Қазақстан халқының көпұлттылығы бірнеше ғасырға созылып, оң жалғасын тауып келеді.
Қоғам ілгері дамыған сайын бейбітшіліктің маңызы артуда. Мәселен, баршамыздың бойымызға қорқыныш ұялатқан «Қаңтар қырғыны» тұсында еліміздің тыныштығына іріткі салып, адамдар арасындағы алауыздықтың өртін тұтатуға тырысқандар болды. Сындарлы сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген халқымыз бассыздық әрекеттердің одан әрі өршуіне жол бермей, ел президентінің жанына ұйысып, бірлескен әрекетті қолдады. Соның нәтижесінде үлкен қалалардағы бүлікке тез арада тойтарыс беріліп, адам шығынының одан әрі артпауына, ел іргесінің сөгілмеуіне айрықша мән берілді.
Ел басына күн туған қиынқыстау кезеңде жан-жаққа тарыдай шашыраған қазақ халқы да әлемнің түпкір-түпкіріне қоныс тепті. Атажұртты аңсаған бірқатары елге қайтуға мүмкіндік туа салысымен туған топырағына қайта табан тіреді. Түрлі жағдайлармен тұрмыс-тіршілігін өзге елде жалғастырған қандастарымыз мұхиттың арғы жағы мен кәрі құрлықта, көршілес мемлекеттерде өмір сүріп жатыр. Шетелдегі қаны бір ағайынның қамы өз Отанымызда емін-еркін ғұмыр кешіп жатқан бізді де алаңдатары сөзсіз. Олардың жат жерде теперіш көрмей, бірлік туының астында қамсыз, уайымсыз жүргендері – біздің көңілімізге медеу. Сол секілді біздің жерімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарап, ортақ Отанымыздың бауырына басу өзара сыйластықтың қарымтасы іспетті.
«Бірлігі мықты ел озады, бірлігі жоқ ел тозады», – демекші, тарихы бай, халқы кемеңгер, құшағы кең еліміздің болашаққа қарыштап қадам басуы жолында бірлігіміз мызғымас берік болуы керек. Ол үшін әрбір адам өз бойын жат пиғыл, арам ниеттен аулақ салып, айналасымен ізгі қарым-қатынаста болып, достық көпірін мықты етіп қаласа болғаны. Тұрғындары бір-біріне мейіріммен қарап, достықтың, адамгершіліктің, сыйластық пен бірліктің нағыз үлгісін көрсететін елдің іргесі мызғымайды, керісінше беки түседі. Тіршілік жәрмеңкесіндегі тірлігіміздің оңға басуы – бейбіт өмірдің көрсеткіші.
Лаура БАҚТЫБАЙ