» » «Жетінші перзентімізді күтіп отырмыз»

«Жетінші перзентімізді күтіп отырмыз»

qarmaqshy-tany.kz Наурыз мерекесі қарсаңында аудандық емхананың психолог-маманы Әмина Кетебаеваның ұйымдастыруымен өткен басқосуға шақырылғанымыз бар. Онда дөңгелек үстелді айнала медицина саласының ардагер аналары, дәрігерлер, сала қызметкерлері, медбикелер, ауданның белсенді нәзік жандары мен жас қыз-келіншектері жайғасқан.
Мерекелік шарада аналарымыз жақсы көңіл-күйде лебіз білдіріп, өрелі әңгіме өрбітті. Олардың арасында аққұба өңімен, басына ақ орамал тартып, әдемі қамзол киген жас келіншек көптің назарын өзіне аударып отырды. Сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысы қандай, нағыз қазақ келініне тән сыпайылық дестік іштей риза болып. Сұрай келгенде бұл жосалылық көпбалалы жас ана, «Күміс алқа» иегері Әлия Қалыбекова екен.

Тек отырмай әдепті келін жайында білуге тырыстық. Сонымен, ол Жаңақорған ауданында 1992 жылы дүниеге келген. Кішкентай кезінде ата-анасы жұмыс бабымен Байқоңыр қаласына көшіп келеді. Өзі отбасындағы тәрбиеленген төрт баланың бірі. Орта білімді Ақай ауылындағы №199 мектепте алған. Еті тірі, қоғамдық іске бел шеше кірісетін мектеп оқушысының қол жеткен табыстары да аз емес болыпты. Түрлі іс-шараға қатысып, мақтаумадақтау қағаздарын алған. Небәрі 31 жасында алты баланың анасы атанып отырған кейіпкеріміз бүгінде аудандық емхананың педиатр кабинетінің медбикесі болып жұмыс істейді. 13 жылдан бері медицина саласының қыр-сырын меңгеріп келе жатқан білікті маман.

«Отбасында берекенің болуы – үлкендерге де көп байланысты. Менің келін болып босаға аттаған шаңырағым бақытыма қарай, жайлы, жақсы кісілер болды. Сол асыл жандардың арқасында алаңсыз кызметімді жасап, өмірге ұрпақ әкелудемін. Жан жарымның да қолдауы маған үлкен күш. Жанұяда бірлік, сыйластық болса, ондағы балалар да өнегемен өседі. Қажеттілік болғасын ішіп-жеу, киіну, дүние жию дұрыс шығар, бірақ жарық дүниеге келгендегі ата-аналық миссиямыз мұнымен өлшенбейтіні анық. Сол себепті оттың басындағы басты құндылық – ол бала тәрбиесі, ұрпақ құндылығы. Үлкендерімізге деген сыйқұрмет үзілмеуі керек. Бұл жағынан екінші ата-анамды өте қадір тұтамын. Құрметтеймін. Ұл-қыздарымның осындай атасы мен әжесінің болғанына шүкір етемін» дейді жас батыр ана шынайы пейілмен.

– Жолдасымның шаңырағына 18 жасымда келін болып түстім. Кеше ғана қосылған сияқты едік, қазір қарап тұрсам жарыммен отау тіккенімізге де 13 жыл толады екен. Жұбайымның есімі – Берік. Мен де, ол да көпбалалы отбасынан шыққанбыз. Өзімізді бақытты отбасымыз деп толық айта аламын. Екінші ата-анамнан алған тәрбием, тәжірибем өте көп. Бұл кісілерге айтар алғысым шексіз. Мені өз баласындай мәпелеп келеді. Осы кісілердің арқасында ешбір ойсыз жұмысымды істеп келемін. Қазақта: «Жақсы жерге түскен келін – келін...» деген қанатты сөз бар. Сол айтқандай, осындай үлгілі отбасына келін болғаныма қуаныштымын. Арқа сүйерім де, қолдаушым да – өздері. Қай кезде де ақыл-кеңесін беріп, демеп жүреді, – дейді жас ана Әлия Ерғалиқызы.

"Отбасы – кіші мемлекет" десек, ондағы ұрпақтың тәрбиелі, білімді болып ержетуі – сол үйдің атмосферасына тікелей байланысты. Жанжақты дамыған бала бір отбасының ғана емес, мемлекеттің де байлығы. Қоғамдық жұмыстарға араласу, өнер, спортпен белсенді уақыт өткізу – Ембаевтар жанұясында да қалыптасқан үрдіс. Жанұяның тұңғышы Ерзат 6 сыныпта оқыса, Ерке 5 сыныптың оқушысы. Құрмет 1 сыныпқа барып жүр. Мариям мен Ибраһим «Сардарбек» балабақшасының тәрбиеленушілері. Жас жұбайлардың кішкентайы – Ханзада бір жастан енді асқан. Балалардың бірі – өнерлі, бірі – спортпен шұғылданады. Сабақтан тыс уақытта атасы мен әжесіне қолқабыс етеді. Ата-анасына да қал-қадірлерінше көмек береді. Мысалы, Ерзат – бокспен айналысады, оның қарындасы би үйірмесіне қатысады. Бірі – озат оқушы болуды мақсат етсе, балабақшадағы бүлдіршіндер суретке бейім.

Ембаевтар шаңырағының отағасы Мыңжасар Мәженұлы ұжымына, ағайын-туысына сыйлы азамат. Ол ұзақ жылдар бойы емханада қызмет етіп келе жатса, отанасы Пернекүл Әлімқызы шаңыраққа келген қонағының жайын жасап, үй шаруасымен, бала күтімімен айналысқан ардақты ана, немерелерінің асыл әжесі.

– 18 жасымда бала келін болып келсем, қазір енем мені тәрбиелеп дана келін етті. Ас бөлмесінен асты қалай дайындау керек, баланың қалай күтімін жасау керек, қонақты қалай жайғау қажет, басқа да әйел-ананың көптеген шаруасын қалай атқаруға болады, келіндік қызметім бар, соның бәрін үйретті. Қатты сөз айтпай, көңіліме жел боп тимей, мейіріммен қарап маған өнегесін көрсетті. Осының өзі керемет үлгі, тәлім-тәрбие. Болашақта осы кісідей болсам, – дейді енесіне деген сый-құрметін білдірген бүгінде жан жарымен бірге жетінші перзентін күтіп отырған бақытты жас ана.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
25 сәуір 2023 ж. 582 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 329

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 419

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930