Барымызды бағалайық!
qarmaqshy-tany.kz Ауылда анамның сіңілісі бар-ды. Бесінші қызын өмірге әкеліп, осыдан соң ұл болсыншы деп ырымдап, есімін ұлдана қойды. Өзінен кейінгі інісінің бөбектері жоқ еді. Нағашы әпкемнен сол қызды сұрап, асырап алды. Ол кезде мен 8 жастамын. Кішкентай болсамдағы әлі есімде. Әпкеміздің үйінде қыз көп болған соң демалыс сайын қыдырып, ойнап қайтуға баратынбыз.
Қателеспесем, Ұлдана ол кезде 2-3 айлық. Бір барғанымда әпкемнің «есін білмей тұрып берейік» деген әңгімесін естіп қалдым. Арада көп өтпестен әлгі сәбиді келініне берді. Мұнан соң аға-жеңгемдер тағы бір баланы асырап алды. Көп ұзамай жеңгеміз де құрсақ көтеріп өмірге сәби әкелді. Ал, әпкем одан кейін бала көтермеді. Ұлданадан соң ізін ұл жалғайды деп сенген. Дегенмен, бауырының тілегін өзінің тілегінен биік қойып, оның қуанышына осылай ортақтасқан еді...
Қазақтың қайсыбір салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын алсаңыз да астарында мағыналы ой жатады. Жоғарыда айта кеткеніміздей бала асырап алу да құрсақ көтермеген әйелдің сәбилі болуына септігін тигізеді. Бала асырап алу ежелден келе жатқан ғұрып. Ертеректе баласы жоқ отбасы жаттан емес, ағайын-туғанының баласын алатын болған. Мұны бауырына салу емес, «асырап алу» дейді. Бауырына басу мен асырап алу екі бөлек дүние. Бауырына салу – үйдің тұңғышы өмірге келгенде баланы ата-әже тәрбиесіне беруі. Бауырына салған бала өз ата-анасын біледі, ал асырап алған бала қайтпайды, ол – сол үйдің атын шығарып, сол шаңырақты ұстап қалады. Мұның айырмашылығы – осы.
Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Бүгінде бала асырап алатындардың қатары көбейді, заң да қатаңдады. Бала асырап алудың өзіндік ережесі, заңы бар. Мәселен, еліміздегі «Неке және отбасы туралы» кодексіне сәйкес, бала белгілі бір отбасыға асырап алу үшін патронаттық тәрбиеге, қамқоршылыққа немесе баланы қабылдауға дайын отбасыға беріледі. Демек, кез келген ата-ана жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан немесе жақындарынан айырылған баланы отбасына қабылдайды. Асырап алушы жауапкершілікті өз мойынына алуы тиіс. Баланы қай жағынан болсын өзінің туған балаларымен қатар қойып, оның тәрбиесіне жауапты екенін ұмытпауы қажет.
Ислам дінінде бала сүю, сүймеу Алланың бұйрығымен болатын іс. Бұл жөнінде Құран Кәрімде былай деп айтылған: «Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Қалағанын жаратады. Кімге қаласа қыз, кімге қаласа ұл береді немесе ұл мен қызды жұпжұбымен береді. Сондай-ақ, қалағанын бедеу етеді. Күдіксіз ол, толық білуші, аса күшті» («Шұғара» сүресі, 49-50 аяттар). Олай болса, адам баласына ұрпақ сүйгізу – Жаратушының ісі. Ұрпақсыздық – бақытсыздық емес, Алланың сынағы.
Қалай десек те, жетімін жылатпаған қазақтың бүгінгі ұрпағының тастанды сәбилерді көбейткені, жетімдер үйінің жылдан-жылға саны артып келе жатқаны көніл қуантарлық жайт емес.
Пайғамбарымыз жетімнің басынан сипағанға оның қанша тал шашы болса, сонша сауаптан жазылатынын айтқан. Ал, енді ата-ана мейірімінсіз өсіп келе жатқан балаларды бауырына басып, жан жылуымен бөліскен, тәрбиелеп, өсірген жандарға қанша сауаптан боларын өзіңіз бағамдай беріңіз.
А.ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ