Пранктың ақыры немесе арсыз әзілдер әлегі
qarmaqshy-tany.kz ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН СЕНІМДІ СЕРІГІМІЗГЕ АЙНАЛҒАЛЫ ҚАШАН. ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ КҮНДЕЛІКТІ АЙНАЛДЫРЫП ОТЫРУ ДА ӘДЕТ БОЛЫП КЕТТІ. ӘЛЕМДЕГІ ӘРБІР ЖАҢАЛЫҚ ЖЫЛДАМ ҚАРҚЫНМЕН БІЗДІҢ ҚОҒАМҒА КЕЛІП ЖАТЫР. ОНЫҢ ЖАҚСЫСЫ ДА, ЖАМАНЫ ДА БАР. АЛАЙДА САРАЛАП ЖАТҚАН ЕШКІМ ЖОҚ. КӨПТІҢ КӨҢІЛІН КҮПТІ ҚЫЛЫП, ҒАЛАМТОРДЫҢ КӨМЕГІМЕН ЖАНДАНА ТҮСКЕН ӘЗІЛ СИПАТТЫ ДҮНИЕ ҚАЗАҚ АРАСЫНА ДА СІҢІСТІ. ОЛ – ПРАНК. АҒЫЛШЫН ТІЛІНЕН АУДАРҒАНДА ТЕНТЕКТІК, ӘЗІЛ ДЕГЕН МАҒЫНАНЫ БІЛДІРЕДІ. ҚАЗІР ҚҰЛАШЫН КЕҢГЕ ЖАЙЫП, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРЫП ЖҮРГЕН ПРАНК ЖАЙЛЫ САРАПТАП КӨРСЕК.
ӘЗІЛІҢ ЖАРАССА...
Ғылыми түрде нақтыласақ, пранк – телефонмен немесе кез келген орында адамды қиын һәм қисынсыз ситуацияға тап келтіріп, оның эмоциясын бақылау әрекеті. Қарап отырсақ, қазаққа «пранк» деген термин еніп, аты өзгергені болмаса мұндай әзілдесу қоғамда бар. Өйткені қазақтың жездемен, жеңгемен, достармен, тіпті «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деп атасымен ойнауы бұрыннан кездеседі. Бірақ мұның бәрі адам эмоциясын көру үшін, туыстарды жақындастыра түсу үшін жасалатын еді. Бүгінгі пранк пен қазақ әзілінің арасында бір ғана айырмашылық бар. Ол – жөн немесе жол. Қазақ кіммен, қалай, қандай сәтте ойнау керегін білетін және сол әзілін жуып-шаяр сыяпаты бар ұлт. Сонымен қатар қазақ әзілдері адамның мінезін ашуға немесе оның ұятты әрекетін әшкерелеуге, сол үшін әрекет иесін ұялтуға бағытталатын. Яғни тәрбиелік мәні болған.
Жеңге мен қайны, жезде мен балдыз әзілдерінің жарқын үлгісі әліге дейін әр отбасында бар. Бұрындары күйеу болып келген жігіттің тымағын итке кигізіп жіберсе, қазір қалыңдығын әкетуге келген күйеудің аяқ киімін тығып қою кездеседі. Алайда мұнан ешкім зардап шегіп жатқан жоқ. Бәрі де өз орнымен. Барлығының шегі мен шектеуі бар. Ал бүгінгі пранктың парқы бөлек. Бұрын ерсі қылық істеген адам жазаланатын еді, қазір жарнамаланатын болды. Бақсақ, осы күні хайп немесе пранк деп, ар мен ұяттан емін-еркін аттай беретіндердің аты озып тұр.
ОСЫНЫҢ БӘРІ – ПРАНК
Пранк сөзі «қарапайым әзіл немесе тентектік, әбес қылық, сотанақтық» деген мағына беретін еді. Кейіннен бұл сөзбен телефон арқылы адамдарды ашуландырып, намысына тиіп сөйлесетін әрекеттерді атай бастады. Ал әрекетті ұйымдастырушы – пранкер деп аталды. Тіпті оның бірнеше түрі де бар екен. Мәселен, телефон пранкерлері – телефон арқылы адамдардың ашуына тиетін немесе телефон арқылы жалған ақпарат таратушылар. Олар таныс емес нөмірмен хабарласып, намысыңызға тиісу арқылы сіздің эмоцияңызды бақылайды. Бұл пранктің артында танысыңыз тұруы ықтимал. Өйткені ол сіздің ашуыңыз бен әлсіз тұсыңызды анық біледі. Ал телефон арқылы жалған ақпарат таратушы пранкерлер әлдебір ғимаратқа бомба қойылғаны туралы немесе басқа да жалған ақпараттармен құзырлы органдарды алдайды. Сөйлесу аяқталысымен әңгімені ғаламторға таратады.
Бейнепранкерлер – өзінің әбес қылығын көпшілік жерде көрсетіп, оларға назары ауған адамдардың эмоциясын камераға түсіретіндер. Сонымен қатар адамды оқыстан қорқытып, қиын ситуациялар ұйымдастырады.
Сондай-ақ көше пранкерлері де бар. Бұл топ өз пранктерін камераға түсіріп, желіге жүктемейді. Өзінің қызығушылығын қанағаттандырушы топ. Дегенмен пранкерлердің әзілдері тым қиын немесе қорқынышты болып жатады. Әлеуметтік желідегі пранкерлер – желіде жалған аккаунт арқылы пранк әрекеттерін жүзеге асырушылар. Мұнымен кез келген адам айналыса алады. Мысалы, жалған аккаунттар арқылы қыз жігітінің немесе жігіт жақсы көретін қызының өзіне деген адалдығын тексереді.
КҮЛЕМІЗ-АУ, БІРАҚ...
Бұл тақырыпты талқыламас бұрын ата-анасына пранк жасап желіні шулатып жатқан жастардың орынсыз іс-әрекеттерін кездейсоқ көзіміз шалып қалды. Жасы келген әжесін туған күнімен құттықтай келген немерелері арнайы торт пісіріп, сол тортты жұртты күлдіру үшін бейшара кейуананың бетіне былш еткізіп жапсыра салды. Не болғанын ұқпай, жүрегі тас төбесіне шығып қорқып қалған әжесіне жырқ-жырқ күлген жастар «Әже, бұл пранк» деп ішек-сілелері қата күліседі.
Пранк дегеніңіз, сөйтсек күлдіремін деп бүлдірудің нағыз үлгісі екен. Түсінікті тілмен айтқанда, біреуді алдап, ерсі әрекетке жығасыз, сол аралықта оны ұялы телефоныңызға түсіріп алып, желіге жүктейсіз. Пранкқа түсіп қалған бейшараның эмоциясы жұрттың күлуіне, қаралымның артуына ғана пайдасы бар екен.
Өзгені келеке ету арқылы өзінің контентін күшейтіп, қаралымын арттыратын адамды кім деуге болады? Әрине, құр қалжың ретінде құрдасыңмен аздап ойнауға болатын шығар, алайда жасы келіп қалған, жүректері нашар бейшара ата-анаңды алдап, пранк түсіргеннен саған келер пайда қане? Біз айтып отырған жайттар жалпы пранктың бер жағы деуге болады.
Бет-аузын қызыл қанға бояп, өлім аузынан қалдым деп өтірік бейне түсіріп, ата-анасын шошытушылар көбейген. «Жүкті боп қалдым» деп әкесіне жазба жолдайтын да пранктар барын байқадық. «Мені алып қашты» деп анасын жылатқан бейнежазбалар да жұртты дүрліктіріп жіберген.
– Жалпы, әлеуметтік желіге жеңіл-желпі қарамағанымыз дұрыс. Осыншама дабыл қағып, дабырайтып айтатын да жағдай емес шығар, алайда бұл тек жастардың жадын ғана улап жатқан жоқ, желінің желіміне аға буынның өзі де арбалып қалған. Арзан тірлікпен айналысып, баласымен жарыса Тик-ток түсіріп жүрген ата-аналар да бар. Осындайда үлкендерден де өнеге кетіп барады-ау деп қынжыласыз. Күлдіреміз деп кейінгіге өзі күлкі болып жатқанын білмейді-ау. Қартайғанда қадірсіз болмау үшін бүгіннен қам жасау керек емес пе? Ал орынсыз ойынның кесірінен өміріне қауіп төніп, жедел-жәрдемнің көмегіне жүгінетіндер, одан әрі сап-сау жүріп ауруханадан бір шығатындар да кездеседі. Осындайда орынсыз әзіл опа бермейтінін ескерген жөн, – дейді көпбалалы ана С.Ибраева.
ОРЫНСЫЗ ӘЗІЛ ОРҒА ЖЫҒАДЫ
Мұндайда қойға қасқыр шапты деп ылғи өтірік айтып, ауылға «аттандап» шауып келетін қойшы бала туралы аңыз ойға оралады. Ел балаға бір рет алданады, екінші рет алданады, үшінші рет шынымен қойға қасқыр шапқанда ауыл оның кезекті өтірігі екен деп сөзін құлақтарына да ілмейді. Сөйтіп қаншама қойды қасқыр қырып кетеді. Мұндағы біздің айтпағымыз, трендтен түспейін деп, әлеуметтік желінің жұлдызы болудың соңы жақсылық емес. Ойыннан от шықпасына кім кепіл? Жалпы, осылай әзілдеймін деп әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатқандар да жоқ емес. Алайда, көбісі көңіл көтеретін әзіл үшін әкімшілік жаза бар екенін ескермейді. Қазақстанда нақты пранк үшін жаза қарастырылмаған. Егер сол әзілді жасау кезінде тәртіп бұзушылықтар тіркелсе, нақты жауапкершілік бар.
Мәселен, метрода пранк жасаған жас жігіттер ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартылған. Олар музыканы дыбыс зорайтқыш арқылы қатты қойып, азаматтардың наразылығына назар аудармаған. Жолаушылар полицияға арызданады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, үшеуі де айыппұл төлеуге міндеттелген. Алайда әкімшілік сот он тәулікке дейін қамауға алу шешімін шығаруы да мүмкін еді. Егер тәртіп бұзушылық бір жылдың ішінде тағы қайталанса, 15 тәулікке қамап тастайды.
Сонымен қатар, әлгі әзілге түскен адамның өзі жауапқа тартылатын сәттер де кездеседі. Мысалы, бір әйел «дүкенім тоналды» деп полицияға арыз түсірген. Сөйтсе, достары пранк жасапты. Олар дүкен иесіне қоңырау шалып, дүкеннің тоналғанын ойнап айтқан. Әйел бірден полицияны шақырды. Оқиға орнына жедел тергеу тобы барды, бірақ дүкеннің тоналғаны расталмады. Артынан келіншек «достарым пранк жасады» деп ақталса да, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Себебі ақпараттың рас-өтірігін тексермей, полицияға жалған хабарлама берген.
Осылайша пранктер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сай жазаланады. Онда қоғамдық орындарда тиісу, яғни қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған әрекет, сондай-ақ бал ашу, қайыршылық, әр сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызмет көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіру үшін нақты жауапкершілік жазылған. Нақтырақ тоқталсақ, жеке тұлғаларға ескерту жасалады, я болмаса 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал тәртіп бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған. Сондықтан елді күлдіремін деп жүріп, айыппұл арқалап кетуіңіз әбден мүмкін.
Түйін Тоқсан ауыз сөзді түйіндей кетсек, пранк дегенің – парықсыздық дегенге келеді. Жақыныңның төбесіне жай түсіргендей әзілдеп, әлеуметтің әулекі тірлігіне үйір болудан еш пайда жоқ. Одан да сол уақытты өзіңді рухани дамытуға, біліміңді арттырып тіл үйренуге арнап, дене шынықтырумен айналысу әлдеқайда пайдалы болар еді. Пранк жасағанда парақшаңдағы лүпіліңнің саны артқанымен, парасатыңды төмендететін мұндай парықсыздықтан неғұрлым аулақ жүрген жөн. Бүгінгі жас ұрпақты біз бұл пайдасыз ойыннан шамамыз келгенше шектегеніміз дұрыс. Әрине, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған желінің жақсы жақтары да бар шығар. Алайда Абай айтқандай, ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, зияны тимек.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ