Дәрі өндірісінің дәрмені қандай?
qarmaqshy-tany.kz ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ҚЫСЫП, БАҒА КҮН САНАП ӨСІП ЖАТЫР. АУЫРЫП ҚАЛСАҚ, ДӘРІХАНАҒА ЖҮГІРЕТІН ПЕНДЕ ЕМЕСПІЗ БЕ?! ДЕРТКЕ ДАУА, ЖАНҒА ШИПА БОЛАТЫН ДӘРІ-ДӘРМЕК БОЛМАСА, СЫРҚАТТАН ДЕР КЕЗІНДЕ САУЫҒУ МҮМКІН ЕМЕСТЕЙ. БІРДЕ ДӘРІХАНАДАН БІР ҚАЛТА ДӘРІМЕН ШЫҚҚАН АПАЙДЫҢ «ОСЫҒАН 20- 30 МЫҢ ТЕҢГЕ АҚШАМ КЕТТІ. ӨЗІ ҚҰРТТАЙ БОЛҒАНЫМЕН, БАҒАСЫ «У» ҚЫМБАТ. ҚАЙТЕЙІН, ДЕНІМНІҢ САУЛЫҒЫНАН АЯЙМЫН БА?» ДЕП КЕЙІП ЖАТҚАН ӘҢГІМЕСІ БІРАЗ ОЙҒА ҚАЛДЫРДЫ. БАСЫ АУЫРЫП, БАЛТЫРЫ СЫЗДАҒАННЫҢ БӘРІ ДӘРІГЕР ЖАЗЫП БЕРГЕН ДӘРІЛЕРГЕ МҰҚТАЖ. АУДАНДА ДӘРІХАНАЛАР ЖЕТЕРЛІК. ДӘРІГЕР ЖАЗҒАН ЕМ-ДОМ ТҮРЛЕРІНІҢ БІРІН ӨЗІМІЗДЕН ТАПСАҚ, КЕЙ ДӘРІНІ ТАПСЫРЫСПЕН АЛДЫРУҒА ТУРА КЕЛЕДІ. ҚАЛА БЕРДІ БҰЛ ДӘРІ-ДӘРМЕК ҚАЛТАНЫ ҚАҒЫП ТҮСЕТІНІН ҚАЙТЕРСІЗ? ЖАЛПЫ БІЗДЕГІ ДӘРІ ӨНДІРІСІНІҢ ДӘРМЕНІ ҚАНДАЙ? САРАЛАП КӨРЕЛІК.
Қазақстандағы алғашқы фармацевтикалық зауыт Шымкентте 1885 жылы ашылған екен. Одан бері отандық фармацевтиканың тамырына қан жүріп, дами бастағаны кейінгі 20 жылдықта. Оның өзі шетелдік инвесторлардың келуімен байланысты. Ал, отандық өндірушілердің үлесі өткен ғасырдың 90-жылдарында 3% болса, кейінгі жылдары ғана 17%-ға жеткен.
Ел бойынша бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» ЖШС ресми дерегіне сүйенсек, өткен жылы сатып алынған дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымның тізбесі 796,5 млн АҚШ долларын құрайды. Басқарма төрағасы Ерхат Есқалиевтің айтуынша, отандық өндірушілерге баса назар аударылады. Одан кейін, сатып алынған дәрі-дәрмектің үлесінде Еуропа елдері жетекші орынға ие – 24%. Оның ішінде Аустрия, Германия, Польша мен Латвиядан көбірек сатып алынады. Жүргізілген талдау көрсеткендей, ең азы Беларуссиядан жеткізіледі. Елімізге дәрі-дәрмектердің дені осы бес ұйымнан келеді екен.
ЕЛІМІЗДЕГІ ФАРМИНДУСТРИЯ
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдар шығаратын отандық 97 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 34-і дәрілік заттарды өндірумен айналысса, 63-і медициналық мақсаттағы заттарды өндіреді. Елімізде 1046 дәрі-дәрмек және 1320 медициналық бұйым жасалады.
Осы салаға құйылған инвестиция көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 39% артып, 21,3 млрд теңгені құрайды. Мұндай оң динамикаға Жамбыл облысында биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылымизерттеу институты базасында иммунобиологиялық препараттардың шығуы, «Химфарм» АҚ зауытындағы модернизациясы, сонымен қатар «Қарағанды фармацевтикалық кешен» ЖШС жаңа цехтардың ашылуын айтуға болады. Дей тұра импортқа тәуелділіктен арыла алмай келеміз. Мамандар оның бірнеше себептерін айтады. Мәселен, дәрі-дәрмек өндірушілері бір дәрісін нарыққа шығару жұмысын Ұлттық сараптама орталығына өтініш беруден бастайды. Ол жерде қауіпсіздік, сапа мен тиімділік, «пайда-тәуекел» арақатынасын кешенді бағалау, дәрілік заттарға клиникалық зерттеулер жүргізу үшін материалдарды бағалау, реттелетін сапаға сәйкестікке зертханалық сынақтар, фармакологиялық қадағалау деректері арқылы дәрі-дәрмектерге сараптама жасалады. Бұл жұмыстар айтарлықтай уақыт алады.
ДӘРІ-ДӘРМЕК НЕГЕ ҚЫМБАТ?
Қарапайым халық үшін қажет тауардың бірі – дәрідәрмек. Оның төңірегінде шешімін таппай жатқан мәселе де көп. Ең өзектісі – дәріхана сөресіндегі препараттардың бағасының қымбаттығы. Тұрғындарды әбден әуреге салған дәрі-дәрмек бағасына қатысты түйткілдің түйіні тарқамай тұрғанына да талай жылдың жүзі болды. Қазақстан дәрі-дәрмегі қымбат елдердің қатарына кіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, дәрі бағасы Қырғыз, Ресей, Беларусь елдерінен жоғары.
Рас, елімізде фармацевтикалық препараттардың құны жыл өткен сайын қымбаттап келеді. Мәселен, былтыр «Хилак форте» препараты бірден қымбаттап кеткен – бір жыл бұрынғы бағамен салыстырғанда 42,1%-ға. Одан басқа – ацикловир (12,3%), «Эссенциале форте Н» (11,4%), «Но-шпа» (10,1%) сынды дәрі-дәрмектердің бағасы жоғары көтерілген.
Медициналық препараттар нарығында отандық өндіріс көлемі артып келеді десек те, ішкі нарықта баға бәрібір қымбат. Неге? Осы сұраққа жауап іздеп көрелік. Елімізде дәрі-дәрмек өндірісі енді ғана қолға алынып келе жатқандықтан, бұл саланың кемшін тұстары да жоқ емес. Мәселен, дәрілік заттарға қажет шыны құты мен кейбір шикізаттар елімізде шығарылмайды, сол себепті Ресей мен Қытай, тағы басқа шетелдерден тасымалданады. Осы кезде дәрінің бағасы да қымбатқа түседі. Қазіргі таңда отандық дәрі бағасының көтерілуінің бір себебі осы дейді мамандар.
Бізде дәрі таңдауда сауат та аз секілді. Мысалы, басы ауыратын адамның қалтасында бірнеше дәрі жүреді. Біреуін ішіп, ауырғаны басылмаса, екіншісін ішеді, әрі қарай үшіншісі осылай жалғаса береді. Сірә, сорақылық денсаулығына зиян екенін, басын емдеп, басқа ағзасын улап жатқанына да мән бере бермесе керек. Дәрігерге барып емделгеннен гөрі көрші-қолаң, таныс-тамырдың нұсқауымен ем қабылдағанды құп көреді де, кейіннен сан соғып қалып жатады. Мәселен, жылына 1000-нан астам адам дәрілік препараттардан уланады екен. Сондай-ақ, адамдарда арзан дәрілерде сапа жоқ, қымбат дәрілердің қуаты мықты деген түсінік қалыптасқан. Мүмкін осындай сауатсыз талғаудың дәрі бағасына да әсері болса керек.
ОТАНДЫҚ ӨНІМНІҢ ҮЛЕСІ ҚАНДАЙ?
Елімізде 2021 жылы фармацевтикалық компаниялар 198,7 млрд теңгеге өнім шығарса, өткен жылы 162,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Демек, дәрі-дәрмек өндіру 4,5%, фармацевтика саласында өзге де өндіріс 61,1%-ға кеміген. Салада коронавируспен күресуге арналған өнімдерді үлкен көлемде өндіру тоқтатылған. Бұл «Спутник V» вакцинасына қатысты. Мұны Қарағанды фармацевтикалық кешені шығарғаны белгілі. Дәл осы ірі мемлекеттік тапсырыс бойынша Қарағанды облысы 2021 жылы дәрілік заттар өндірісі бойынша үздік үштікке енген болатын. Ол кезде облыста өндірілген өнімнің жалпы көлемі 47,6 млрд теңгеге жетті. Өткен жылы вакцина шығару ісі тоқтағаннан кейін бұл көрсеткіш 2,5 есеге, яғни 19,1 млрд теңгеге дейін төмендеді. Шымкентте 57,6 млрд теңге, Алматы облысының фармацевтикалық кәсіпорындарында 39,5 млрд теңгеге, Алматы қаласында 21,7 млрд теңгеге дәрі-дәрмек өндірілді. Жалпы қазақстандықтар дәрі-дәрмекке 2021 жылы 482 млрд теңге жұмсаса, өткен жылы 527 млрд теңгеге өнім шығарған. Осылайша үздік үштікті өткен жылы жақсы қарқынмен аяқтады.
Дәріханалар желісін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде екі фармацевтикалық зауыт – шымкенттік «Santo» мен алматылық «Nobel» көш бастап тұр.
Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құралжабдықтың 17%-ы ғана отандық өнім. Қалғанын шетелден тасымалдаймыз. Елімізде көптеген препарат шетелден тасымалданады. Өткен жылғы статистикаға сүйенсек, дәрі-дәрмек бойынша импорт көлемінің артқанын байқауға болады. Айталық, былтыр Қазақстан шамамен 1,4 млрд АҚШ доллары сомасына 26,4 мың тоннадан астам дәрі-дәрмек сатып алды.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне теңеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланы дамытуға тапсырма берді. Ішкі нарықтағы отандық дәрілік зат өндірісінің үлесін 17%-дан 50%-ға ұлғайту міндеті тұр. Бұл үдеден шығу үшін Үкімет 2020- 2025 жылдарға арналған фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдады. Осы уақыт ішінде 180 млн доллар тұратын 30 жаңа өндірісті іске қосу жоспары бар. Оның ішінде 297 дәрілік зат және 2348 медициналық бұйым түрлерін шығару ісі жолға қойылмақ. Нәтижесінде, фармацевтикалық сала өндірісінің көлемі 2,5 есе, яғни 92-ден 230 млрд теңгеге дейін, ал экспорт 3 есе, яки 58-ден 174 млн долларға дейін өсетін болады.
Фармацевтика – ең табысты һәм маңызды саланың бірі. Бұл салада жоғары нәтиже көрсетіп, өнімдерді молынан экспорттайтын елдердің ондығына Германия, Швейцария, Бельгия, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Ирландия, Италия, Нидерланд және Испания кіреді.
Қазіргі Қазақстандағы отандық фармацевтиканың үлес көрсеткіші басқа елдермен салыстырғанда төмен болғанымен, алдағы уақытта бұл көрсеткіштердің саны өсіп, өзімізде өндірілетін дәрі-дәрмектер сапасы артады деген үміттеміз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ