Әлеуметтік дәріхана ашылды
Маусым мен шілде. Қай дәріхананың алдына барсаңыз да ұзын-сонар кезек. Кейбір дәріханалар есігіне бірнеше дәрінің жоқ екенін жазып ескертпе қойған. Парацетамол мен аспиринге зар болған жұрт сол бір уақытта дертіне шипа болар дәріге зәру еді. Ауданымызда анықталмаса да өзге өңірлерде осы тапшылықты пайдаланып, дәрі бағасын бірнеше есеге шарықтатып жібергендер кездесті.
Басшылардың бастамасымен барлық өңірде дәрі-дәрмекке мониторинг жүргізіліп, оның нәтижесінде дәрі-дәрмек бағасының тұрақсыздығы байқалды. Сол уақыттан бері қалалар мен аудандардан әлеуметтік дәріхана ашу жоспарланған еді. Мемлекеттің басты байлығы – халық. Елдің саулығы, әл-ауқатының жақсы болуы, білім алуға, еңбек етуге, демалуға барынша мүмкіндік алуы сол мемлекет саясатының басты бағыты болып табылатыны рас. Дамушы 50 мемлекеттің қатарына қосылған еліміз ұлт саулығына байланысты ұтымды жұмыстарды жүргізіп келеді.
Жуырда кент орталығынан «Аптечка» деп аталатын шағын ғана әлеуметтік көтерме бағадағы дәріхана ашылып, жергілікті тұрғындарды қолжетімді, яғни арзан әрі сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге кірісті. «Технодом» ғимаратының бірінші қабатында орналасқан дәріханаға бардық.
– Мұндағы тауардың бағасы арзан бағамен сатылады екен. Дәрі-дәрмекті сатып алуға жағдайы келмейтін әлеуметтік аз қамтылған халыққа арналған. Халыққа осындай қолдау көздеп отырмыз. Баға орташа бағадан айтарлықтай төмен болады. Себебі бізге тікелей қоймадан жеткізіледі. Cағат 9.00-ден 21.00-ге дейін үзіліссіз, демалыссыз жұмыс істейміз, – дейді «Аптечка Кз» ЖШС өкілі, әлеуметтік дәріхананың меңгерушісі, фармацевт Айнұр Палуаниязова.
Мұндағы дәрі-дәрмектің бағасы нарықтағы бағадан 15-20 процентке арзанырақ.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ