Уақыт тудырған қажеттілік
qarmaqshy-tany.kz ЖАҚЫНДА АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫ, АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ КІТАПХАНА МЕН ОБЛЫСТЫҚ ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АУДАНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ОҚЫТУШЫСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН «ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – УАҚЫТ ТУДЫРҒАН ҚАЖЕТТІЛІК» АТТЫ ТАҚЫРЫПТА АҚПАРАТТЫҚ САҒАТ ӨТТІ.
Аудандық кітапханада қоғам белсенділері, тіл жанашырлары, мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту курсында білімін жетілдіріп жатқан тыңдаушылар мен кітапханашылар қатысқан мазмұнды іс-шараға мемлекеттік тіл оқытушысы Гүлжанат Дүзенова модераторлық етті. Орталық кітапхана мамандарының тақырыпқа сай әзірленген кітап көрмесі таныстырылып, экраннан арнайы дайындалған бейнебаян көрсетілді.
Латын әліпбиіне көшу үрдісі және маңыздылығы талқыланған басқосуда қатысушылар өз ойларын ортаға салды.
«Латын графикасына өту туралы шешім қашан қабылданды?, Қазақстан латын графикасына қашан өтпек?, Латын графикасының қазіргі талқыланып жатқан нұсқасы қандай?, Ересектердің жаңа әліпбиді үйренуіне қандай жағдай жасалады? Латын графикасы не үшін керек?» деген сұрақтар төңірегінде Шегебай Құндақбаев, Гүлжауһар Раева, Дәурен Ержанов, Әмина Кетебаева, Ләйлә Сыздықова, Гүлжамал Жанәділова, Шара Нақыпова, Жансая Бегман, Алтынай Мешітбаевалар пікір білдірді.
Тіл болашағы – ел болашағы. Қазіргі Қазақстанның әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігі оның мемлекеттік тілі мен жазуының дамуымен де тығыз байланысты. Осындай көптеген жағдайлар, күнделікті өмірдің өзі, жаңа технологиялар заманы қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің қажеттілігін алға тартты. Қазақ жазуының латын әріптеріне көшірілуі – жас ұрпақтың оқу-білім және ғылым жолындағы ізденістеріне де жол ашады. Қазақ тіл білімінің, әліпбиінің негізін салған бірегей ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деген болатын.
Басқосуға жиналған қоғам белсенділерінің пікірі латынға көшуді қолдайтындықтарын аңғартты. Латынға көшуге дайындық күн тәртібінен түспеу қажет. Сонда бізге оны тез меңгеру қиынға соқпайды. Уақыт жоғалтпай дұрыс шешім қабылданады деген сенімде.
Гүлжанат ӨМІРҚЫЗЫ,
аудандағы мемлекеттік тіл оқытушысы