Cіздің көшеңіз — сіздің айнаңыз
qarmaqshy-tany.kz КҮН ЖЫЛЫНҒАЛЫ БЕРІ СЕНБІЛІКТІҢ ЕКІ АЙЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ. МАҚСАТ – ӨМІР СҮРЕР ОРТАНЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ. КЕНТ КЕЛБЕТІ СӘУЛЕТІМЕН ҒАНА ӨЛШЕНБЕЙДІ, ТАЗАЛЫҒЫМЕН ДЕ МАҢЫЗДЫ. ҚАЗАНҒА ҚАРАҒАННЫҢ ҚАСЫҒЫ БӨЛЕК БОЛСА ДА АЗЫҒЫ БІР ДЕГЕН. БӘРІНІҢ ИЛЕГЕНІ БІР ТЕРІНІҢ ПҰШПАҒЫ. ӘЙТПЕСЕ, ДЕМАЛУҒА БЕРГЕН СЕНБІ КҮНДІ СӘТІМЕН ПАЙДАЛАНБАЙ КӨШЕ СЫПЫРЫП НЕ КҮН ТУДЫ ДЕЙСІЗ БАСҚА? ҚЫС БОЙЫ МЫНА СІЗ БЕН БІЗДІҢ КӨШЕГЕ ТАСТАҒАН ҚОҚЫСЫМЫЗДАН АЙНАЛАНЫ АРЫЛТУ.
Жұмыр жерді мекендейтін тіршілік атаулының ішінде Жер-Анаға қиянат жасайтын адам баласынан артық жан иесі жоқ. Күнделікті қажеттілігімізден артылған тұрмыстық қалдықтармен айналамызды шашып әлекпіз. Рас. Бүгінде көшеге тасталған қоқыс мінбердегі мәселеден де асып, үлкен проблемаға айналды. Бізде қалыптасқан бір қасиет бар. Аулам таза болса, көшені тазалайтындар бар ғой. Ахметше айтсақ, «Отбасына келерлік бәле болмаса, жұрт басына келерлік бәлені ойлап, уайымдамаймыз». Ыңғайы келсе өзіміздікі дұрыс болса, өзгенікі күл болмаса, бүл болсын дейміз. Кешегі сенбілікте нақ осы жайды көзбен көрдік. Сол әкімшіліктің бізге бекіткен көшесін тазалауға шықтық әдеттегідей. Алдыңғы аптада ғана жылан жалағандай сыпырып өткен көшеміздің арықтары бос құты мен баланың борбайқабына тағы былғанып жатыр. Одан бөлек баланың жеп тастаған тәтті қытырлақтың пакеті желмен ұшып қуысқа жиналып қалған. Ол қоқысты еңкейіп алудан біз шаршап қалмаймыз. Онсызда кенттің тазалығы үшін үйіміздің шаруашын тастап күрексайманымызды арқалап шықтық. Алайда сенің істеп жатқан жұмысыңды көрген сол көшенің тұрғыны есігінің алдындағы қоқысқа қысылып ұялмай ма деген ой келеді. Айтайын дегеніміз, жалаң қолымызбен әлгі былғанған арықты тазалауға ішіне түстік. Қоқыс теріп жүргенімізде көшенің бір тұрғыны бізге қарап, «әне бір пакет қалып бара жатыр, қолыңызға іле кетіңіз» дегенін қайтесіз. Оған не дейік, жай ұятыңыз білсін дегендей, көзінше қоқысты алдық та кеттік. Әйтпесе, айтысып тұрғаннан бірдеңе өзгереді дейсіз бе? Онсызда өзіне би болып, жұртқа жөн сілтеп жүргендер көп-ақ бұл қоғамда. Ешкім арығы мен есік алдындағы қоқысы үшін налымайды. Қысылып, қымтырылатындар да шамалы. Тек терезесінен сығалап мына топырлағандар көше тазалауға тағы келді ме демесе?
Көпке топырақ шашты демеңіз. Көрген соң айтамыз. Жақында аудан әкімінің көркейту-көгалдандыру, яғни санитарлық тазалыққа байланысты басылымға өкімі шықты. Аудан тұрғындарымен алқалы жиналысы өтті. Онда әрбір көше тазалығын жіті бақылауында ұстайтынын ескертті. Апта сайын кенттің әр аймағын, көшесін, үйдің сыртқы ауласын суретке түсіріп, есебін алып отыруды қатаң жолға қойды. Көшеге қоқыс тастап, бейнебақылауға түсіп қалғандарға еселеп айыппұл салу қарастырылған. Сондықтан сенбілік жалғыз мекеме қызметкерлеріне артылған жұмыс деп қарамай, ауызбіршілік танытқанымыз жөн. Сол көше сыпыруға шыққан жандардың ішінде сіздің де анаңыз, балаңыз немесе жақыныңыз бар екенін ұмытпаңыз. Күн астында жүріп істеген еңбегін бағаласаңыз, тазалыққа бағыныңыз. Сіздің көшеңіз – сіздің айнаңыз. Үйдегі айна сізді әдемі көрсетуі үшін бетін он сүртесіз, рас қой? Сол секілді айналаңыздың тазалығын да қаперде ұстаған абзал.
Ерсін СӘДУҰЛЫ