Сенбілік - тазалық таразысы
Күз басталды дегенше тіршіліктің одан бетер қызатыны анық. Өткен сенбіден бастап дүниежүзілік тазалық күніне орай ел сенбілікке шықты. Оған қармақшылықтар да біркісідей атсалысып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Қазанға қарағанның қасығы бөлек болса да азығы бір деген.
Бәрінің илегені бір терінің пұшпағы. Өмір сүрер ортаның тазалығы. Сенбілікке мекеме, кәсіпорын қызметкерлері мен еріктілер белсенді атсалысып, бөлінген аймақ пен көшелерді күл-қоқыстан тазартты.
Таза қауіпсіз орта болмай ісіміз ілгері баспасы анық. Өзіміз қандай орта қалыптастырсақ соған сай өмір сүреміз. Сенбіде дүниежүзілік тазалық күні барша қазақстандықты ауызбіршілікке, тазалыққа үндеді.
Сенбілікке шыққан әрбір бөлім қызметкерлері өздеріне тиесілі аймақтың тазалығын жүргізді. Оны аралау барысында байқадық. Жаз бойы көше бойына шыққан арам шөптерді шауып, арық ішін бос құтылардан арылтты. Жиналған қоқыс-тарды қапқа салып, көліктерге тиеді. Кенттен арнайы 2 Газ-53 жүк көлігі мен 1 күл шығаратын техника жұмылдырылды. Сондай-ақ тазалық күніне барлық ауыл атсалысты. Олар ауылға кіреберіс аркалардың айналасын қоқыстан тазартып, тасжолдың жиегінде жиналған полиэтилен пакеттері мен құты қалдықтарын жинап, өртеді.
Тазалық күнінде облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов арнайы ауданға іс-сапармен келіп, «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты. Жосалы кентіне кіреберіс жолдағы «Қазақ хандығы» аллеясына тал көшетін отырғызды.
Айта кетейік, сенбілік екі ай бойы жалғасын табатын болады. Бір ескертетін жайт, кент көшелеріндегі қоқыстар суретке түсіріліп, басшылық назарына ұсынылады. Тазалыққа бей-жай қарағандарға арнайы шара көріліп, тәртіпке шақырылады.
Ерсін ӘЛІБАЙ