PS ойыны опа бермес
qarmaqshy-tany.kz КҮНІ КЕШЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІГЕ БІР ТАНЫСЫМ «ҚЫРЫҚҚА КЕЛСЕ ДЕ ПЛЕЙСТЕЙШН ДЕП ЗАР ИЛЕЙТІНДЕРГЕ ТАҢҒАЛАТЫН ТЕК МЕН ҒАНА МА? ТАЛАЙЛАР ЕСЕЮДІҢ ОРНЫНА ЕСІРІП ЖҮР» ДЕП ПОСТ САЛДЫ. БЫЛАЙ АЙТҚАНДА ДҰРЫС АЙТТЫ, ДҰРЫС АЙТҚАНДА ДӨП АЙТТЫ. НАҒЫЗ БҮГІНГІ КҮННІҢ ЕСТІ ЖАУЛАҒАН ЕСІР ОЙЫН ЕКЕНІН БІР СӨЗБЕН ТҮСІНДІРДІ. ЖАЛПЫ БҰЛ ОЙЫНҒА МЕНІҢ ДЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫМ ШАМАЛЫ. ОЙНАМАДЫМ ДЕМЕЙМІН, КӨРДІМ. ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫМДЫ СЫНАП БАҚТЫМ. ЖОҚ. ӨЗГЕЛЕР СЕКІЛДІ ЕСІМ КЕТІП ЫНТЫҚПАДЫМ. НЕГЕ ДЕЙСІЗ ҒОЙ? СЕБЕБІ ҚОҒАМҒА ӘКЕЛЕР ПАЙДАСЫН КӨРМЕДІМ.
Мен бұл жерде жұрттың ойын залын ашып, пайда көріп, нәпақа тауып отырғанын көре алмай немесе жолына кесе көлденең тұрып, кәсібіне кедергі болайын деген ойым жоқ. Қазіргі таңда есті адамның санасын есіртіп жібергенін айтпақпыз.
Содан әлгі танысымның постына осы ойынды ойнайтындар жақтап пікір қалдырыпты. Заманның көшінен қалмау да керек шығар. Қазір киберспорттың дәурені жүріп тұр ғой. Шетелде бұл ойынды кәдімгі спорт түріне енгізген. Күні-түн демей, сағаттап ақша тігіп ойнайды. Батысқа еліктеген қазекем мұны пайда табудың жолы ретінде әкелді. Осы ойынды ойнау үшін түнімен кезекке тұратын жастар көп. Жас дейміз-ау. Қазір жас талғамайтын болды. Қырыққа келген небір қызметтегі ағаларымызда жүр. Біз үйдегі баланы телефоннан шығара алмай жүргеніміз былай тұрсын, жеңгелеріміз күйеуін үйге қондыра алмай немесе шақыра алмай әлек. Қаладағы туысқанымыздың үйіне барып, ағамызды я болмаса сол үйдің баласын сұрасақ, достарына қосылып плейстейшн ойнауға кетті дейді. Қазіргі басты проблема осы. Екі адамның басы қосылса болды, қуана әлгі ойын залын іздеп кетеді. Бір-бірімен емен-жарқын жағдай сұрасып, әңгімелеспейді. Айналасында не болып жатқанынан да бейхабар. Міне қоғамның басты дерті. Қазір есі кірген бала қолына күрек алып жұмыс істеп емес, телефон, джойстик ұстап өсіп жатыр. Қан төгіс, ұрып соғу секілді ойындармен санасын толтырып, соны өзгелерге қайталауда.
Жақында әлеуметтік желіде бір бейнекөріністі байқадық. Телефонға кіріп кеткен баласын анасы шығара алмай әлек. Содан не істеді дейсіз ғой? Баласының қолынан әлгі құрылғыны тартып алды. Ашуға булыққан бала ойыннан үзіп жібердің деп шешесіне «телефонды бер, бермесең өлтіремін» деп қол көтеруге дейін барды. Міне, тәрбиені қайдан алып жатыр. Одан бөлек Петропавлдағы оқыс жағдай. 15 жастағы оқушы мектепте бетіне маска киіп қатарластарын балтамен жарақаттау сынды қылмыстық іс-әрекеттің түп тамыры осындай ойынды ойнап көруден басталады дегенге сенбей көріңіз. Сананы жаулаған компьютерлік ойын үлкендердің туысқа, досқа, үйіндегі жарына деген қарым-қатынасын алшақтатуда. Уақыттың қадірін жоғалтуда. Онсызда ағайынмен арамыз алыстаған заманда жығылғанның үстіне жұдырық болды. Бұл жайында талай да айттық. Айтыла береді де. Ойлағанымыз – қазақтың қамы, қоғамның жайы. Балам болашағым деген халықпыз. Онсызда балақтан тартқан батпанымыз аздай, енді құмар ойын жарға жықпасын.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ