» » Есті жаулаған есер ойын

Есті жаулаған есер ойын

qarmaqshy-tany.kz Жастың бәрін жетегіне еліткен, аса танымал «PLAYSTATION» ойын жәшігін білмейтін жан кемде-кем. «FIFA» мен «UFS» атты ойындар плейстейшн аппаратының абыройын асқақтатып тұр қазір. Оның құмарына қанша ойнаса да қанбайтын, уақытының көп бөлігін осы ойынға арнайтын адамдар пайда болды. Екі дос бас қосса қуана құшақтасып, жағдай сұрасқаннан гөрі ойын залын іздейді. Залға кіргеннен кейін жағдай белгілі. Бір-бірімен сөйлеспейді. Айтса да әңгімесі тек ойын төңірегінде өрбиді.
Бұрын үйдің жанында аталмыш ойын залы болды. Сағат күндізгі 10.00-де ашылады. Содан түнгі сағат 2-3-ке дейін келуші қарасы үзіл­мейді. Арасында мектеп оқушысы да, жа­сы біршамаға жеткен жігіт те бар. Айқай-шу. Ауызына келгенді айтып, жеңгені бөркін аспанға лақтырып, жеңілгені жерді тепкілеп жатқаны. Үстін-үстін, топ-топ боп келіп, кей­бірі кезек күтіп отырғанда оқушының оқитын сабағы, дап-дардай азаматтың үйінде істейтін тірлігі жоқ па дерсің.
Сірә, екі қолға ұстайтын бір күректі бұлар бір джойстикке ауыстырса керек. Мектеп оқушысы үшін асық атып, ләңгі тебуден қызық қандай ойын бар?! Жиырмадан асып, отызда орда бұзғаны алтын уақытын зая кетіргенше нағыз қазақ ер азаматы білуі парыз мал сою, ет қақтау, табақ тартуды үйренсе игі. Адамға қай істе болсын бірінші талап керек. Көк жәшіктің ішіндегі керексіз ойынды үйрену оңай да, қазақы дәстүрді үйрену қиын болғаны ма?
Жастар мен мамандардың көзқарасы қалай? Кім не дейді? Сауал да тастап, төмен­дегідей жауап алдық.
– Компьютерік клубқа барып, ойын ойнауды өз басым жөн санамаймын. Неге десеңіз бұл уақыт пен ақшаны ысырап ету. Ойын қызығына батқан жастың маңызды нәрсеге ынтасы жойылады. Мұның соңы құмар ойын қызығына апаруы бек мүмкін. Денсаулыққа да зиян. Қозғалыс болмайды. Дініміз де құр уақыт өткізетін емес, адамға пайдасы тиер ойын ойнауды құптайды. Электронды құрылғыға көп телміру жүйке жүйені әлсіретіп, қан қысымды көтереді, құлақтың есту қабілетін де нашарлатады, – дейді мектеп психологі Құралай Алданазарова.
– Үнемі жұмыс істегендіктен шаршаймын. Достарыммен демалғым келеді. Ішімдік ішіп, темекі тартпаймыз, мейрамхана мен түнгі клуб есігін мүлде қақпаймыз. Плейстейшннен басқа баратын не қалды, – деді Алмат есімді жасы 20-дан асқан жігіт өкпелеп.
– Ойын құралын сатып алғым-ақ келеді. Қалта көтермей тұрғаны. Күніне бір келемін ойын залына. Жиі ойнағандықтан менімен теңесетін адам болмай тұр қазір, – деп мақ­танды өзін Ринат деп таныстырған жігіт.
– Балам үйленген, бөпесі де бар. Кеш қарайса таппай қаламыз. Сөйтсек әлгі ойынды ойнауға барады екен. Шектеу қойдық. Әкесі де ұрысты. Содан жалға әкеліп, топы­рлаған бала үйге келіп ойнайтынды шығарды. Үлкен кісілерден ұят-ау дегенді де білмей ме? Айқайлайды келіп түннің қақ ортасында. Біріне-бірі жаман сөз де айтады. Немерелеріме зияны тиер деген ниетпен ашуыма келген­де бәрін қуып шықтым үйімнен. Алған жала­қы­сының тең жартысын соған жұмсайды. Қандай амал қолданарымызды білмей отыр­ған жайымыз бар, – деп назын білдірді Айман апа.
Қазір киберспорт деген бар. Жақында ғана елімізде осы ойын түрі спорт қатарына енгізілді. Қан-төгіс ойыннан ерімізді ажырата алмай жатқанда мынау келіп тағы қосылды. Жүлде қорынан қомақты ұтысты көргенде қызығушылықтары қайтадан артты. «Қап!» деп қолымызды артқа бір сермедік. Өкініштісі, сол қазақтың ұлттық ойыны асық, ат спортынан гөрі осы саусақ ойынына көптеп мән берілуі. Қош. Біз ешкімге мін тағып, теріс пікір айтудан аулақпыз. Ол да біреудің жасап отырған кәсібі. Күнкөріс көзі. Ешкімді айқайлап шақырып, қинап кіргізіп отырған жоқ. Плейстейшн залдары көбейіп жатса, оған деген сұраныстың жоғары болғаны.
Түйін: Біздің мақсат – жастарға ой салу. Алтын уақытын ауыз толтырып айтар тірлікке жұм­сауға шақыру. Кітап оқып, ой-өрісін кеңейтсе, мал ұстап, бақша егіп, еңбектің тәтті нанын татса деген ниет. Тек әттегенайлап санымызды соғып, «Жа­сымда ғылым бар деп ескермедім, қолымды мезгілінен кеш сермедім» – деп өкініп жүрмесе болғаны.
Гүлжанат Әмірқызы
05 желтоқсан 2022 ж. 256 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 345

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 427

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930