Құрылысшы – құрметті мамандық
qarmaqshy-tany.kz Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси қайта құруларды жүзеге асырып, бүгінде өркениетті дамуға нарықтық экономика арқылы жетуді көздеп отырған мемлекет. Осы орайда, еліміздің өткен тарихына көз жіберу, жинаған тәжірибеден сабақ алудың маңызы зор. Әсіресе, республикамыздың индустриалдық дамуы мен құрылыс саласының қалыптасуына баса назар аударған абзал. Құрылыс қазір ел экономикасындағы барынша қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі.
Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Мемлекет басшысының қолдауымен тәуелсіздік жылдары елімізде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары көбейді.
Құрылыс – экономиканың негізгі діңгегі де болып келеді. Кейінгі жылдары республика бойынша, оның ішінде біздің қаламызда да құрылыс қарқынды дамуда. Осы ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылар заманға сай білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде өзгелерге үлгі-өнеге болып, қаламыздың әлеуметтік-экономикалық деңгейінің артуына айтарлықтай еңбек сіңіруде. Құрылысшылар өмірге деген белсенді қөзқарастағы жандар болғандықтан, олардың кәсіпқойлығы мен шеберлігінің арқасында жаңа үйлер, мектеп, аурухана, жол салынып жатыр. Соңғы жылдары елімізде құрылыс саласы қарқын алып келеді. Дәл осы мамандық иелерінің арқасында өңіріміз көркейіп, жаңа зәулім үйлер мен биік ғимараттар бой көтерді.
Мемлекеттің, қоғамның ілгері басуын оның құрылыс саласына қарап баға беруге болады. Жылдар ғана емес, ғасырлар бойы адамзатпен бірге жасасып келе жатқан сәулетті нысандар мен еңселі ғимараттар бар.
Ту биікпен таласқан зәулім сарайлардың кірпішін қалап, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға сүбелі үлес қосып жүрген құрылыс саласының мамандарын нағыз еңбек адамы деп атауға болады. Өйткені, құрылысшы мамандығында өнер мен білім, талант пен талғам тоғысады. Сондықтан бұл – бүкіл әлемдегі жасампаз, құрметті де абыройлы кәсіп. Міне, осынау кәсіп арқылы нәсібін тауып, жаңа салынған ғимараттарға қолтаңбасын қалдырған жандар аз емес.
Ел экономикасын дамытуда, оны әртараптандыруда құрылыс саласының маңызы зор. Бұл саланың экономикаға қаншалықты әсер ете алатындығын біз әлемді шарлаған пандемия жағдайына байланысты қалыптасқан дағдарыс тұсында анық байқадық. Енді оны жүйелі дамытудың неғұрлым сенімді жолдары қарастырылып, алға айқын міндеттер қойылып отыр.
Қазақстанның дүниежүзілік экономикадағы интеграциялық үрдістерінде терең және жанжақты ықпалдасуы жағдайында отандық құрылыс компанияларының өркениетті де аса қатаң бәсекелестік күреске дайын болуы өзекті мәселе екені анық және осы ретте колледждерде дайындалып жатқан болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін, құрылысшы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған мамандық екендігін де естен шығармағанымыз жөн.
Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, «Қазақстанның жас азаматтары! Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады» деп, қазіргі заманда техникалық мамандықтарын меңгерудің қажеттілігін нақты айтып өтті. Олай болса, ертеңін ойлар бүгінгі жас түлек мамандық таңдарда қателеспеуі қажет. Мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Мамандық – әрбір адамның болашағы. Әлемге аты әйгілі, ғарышкерлер қаласы атанған Байқоңырда «академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі» білім беру мекемесінде 07320100 «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша студенттер білім алуда. Мақсат – кең іргелі, білімді меңгерген, ынталы, бүгінгі оқушы, ертеңгі бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған білікті маман даярлау. Олай болса, қыстың суығына, жаздың ыстығына қарамай тер төгетін құрылысшылар қашан да құрметке лайық. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында бәсекеге қабілетті, білікті маман дайындауда колледж студенттеріне заман көшінен қалмай егеменді еліміздің көзі ашық, көкірегі ояу азаматы болуларына оқытушылар қауымы да өз үлестерін қосуда.
Осы орайда, өз мамандығының майталманы атанып, туған жерді түлетуге аянбай еңбек ететін білікті де бәсекеге қабілетті маман дайындау – басты міндетіміз деп білеміз.
Шынар НАЗАРОВА,
колледждің «Арнайы пәндер» бірлестігінің жетекшісі