» » Алаштың асыл азаматы

Алаштың асыл азаматы

qarmaqshy-tany.kz ҚАЗАҚ ХАЛҚЫН РУХАНИ-МӘДЕНИ, ОҚУ-БІЛІМ САЛАСЫН ӘРҚИЛЫ ЗАМАН МЕН САЯСИ ЖҮЙЕ ЖАҒДАЙЫНДА ӨРГЕ СҮЙРЕГЕН ҚАЙРАТКЕРЛЕР БОЛДЫ. «ЕЛІМ, ЖҰРТЫМ» ДЕП ЖАНАЙҚАЙЫМЕН ЖАНЫН ОҚҚА ДА, ОТҚА ДА ҚАРСЫ ТОСҚАН ДА СОЛ КҮРЕСКЕРЛЕР. ЖОҚТЫ БАР ҚЫЛҒАН, БАРДЫ ЗОР ҚЫЛҒАН ЖАСАМПАЗДАР ДА СОЛАР ЕДІ. СОЛ ЖАСАМПАЗДЫҚ, ТУЫНДЫГЕРЛІК ЕҢБЕКТЕРІМЕН ЕСІМДЕРІ ЕЛ ЕСІНДЕ МӘҢГІ ҚАЛҒАН АРЫС ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДА ОРНЫ БӨЛЕК. ТАРИХ ОЛАРҒА, БЕЛГІЛІ АҚЫННЫҢ ОБРАЗДЫ СӨЗІМЕН АЙТҚАНДА, «БІР МЕЗГІЛДЕ ӘРІ АҒАРТУШЫ ӘРІ ЖАРЫҚ ТҮСІРУШІ» МІНДЕТІН ЖҮКТЕДІ. АЛ ОЛАР БҰЛ МИССИЯНЫ КӨБЕДЕН ҚАНДАРЫ, КЕУДЕДЕН ЖАНДАРЫ ШЫҚҚАНША АБЫРОЙМЕН АТҚАРЫП КЕТКЕНДЕРІ БҮГІНДЕ ДАУ-ДАМАЙСЫЗ АҚИҚАТҚА АЙНАЛЫП ОТЫР.

Уақыт ең қатал да әділ сыншы. Ол әсіресе, өнер мен әдебиетте, тарихта десек болар. Тарих ұзақ толғатып туылатын ғасырдың тұлғалары, халқына заман асуында көпір болған ұлы тұлғалар жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі – Темірбек Жүргенов. Сырда туып, Сырда өскен тұлғаның арманы асқақ, мақсаты мен қадамы нақты да нық еді. Жас күнінен темірдей тәртіппен тәрбиені қатар алып, өмір мектебінің сын шақтарын еңселі өткерген нар тұлғалы Жүргенов шығармашылығы кімді болсын қызықтырмай жай қалдыруы мүмкін емес. Ал біз, Сыр ауасын жұтып, топырағында өскен Сыр саңлағы жерлестерінің Темірбек өмірі мен өнерінен өзімізді жырақ ұстауымыз орны толмас қателік болмақ. Алты Алаш деп атқа қонған зиялылар қатарын толтыра ізін жалғаған тұлғаның ұлы істері қаншама. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Темір Нарком» атанған Темірбек Жүргеновтің есімі бүгінде иісі қазаққа таныс. Ол тек қазаққа ғана емес, Орта Азияға ортақ тұлға. Аса көрнекті қоғам қайраткері және қаламы қарымды сыншы. Түйіткілі түпсіз, шырмауы шешеусіз деген мәселенің жай-жапсарын бағамдап қана қоймай, шешіміне шырақ болған ол сол кезеңдегі әйел теңсіздігінің де жауабын іздеген еді. Алаштың асыл азаматы Орта Азия елдерінің оқу ағарту, мәдениет және әдебиет салаларының өкендеуіне өлшеусіз үлес қосып, түбі бір түркі мұрасын түбегейлі зерделеген. Елінің мұңын мұңдаған арда азаматты «Халық жауы» деп тауып, 1937 жылы жалған жала жабылды. Дегенмен, оның жасампаздық еңбегіне солақай саясат тұсау бола алмады. Ел билігін ұстаған билік иесі, өз заманының қадірлі көзіқарақты азаматы Қара Жүргенұлының бел баласы. Дәулетті отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленген Темірбек өз кезеңінен ерекше, тиянақты білім, ұлағатты тәрбие алды. Дәстүрлі халықтық ортада болып, сөз бен саз мәдениетін ана сүтімен сіңіріп, атаның қанымен бойына дарытты. Сонымен қатар, білімге құштар шәкірттің шырағын жағар ұстаздары да осал болмады. Сыр бойына белгілі ағартушы ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлы мен Досмұхаммед Букиннен бірнеше Шығыс тілін меңгеріп, Шығыс мәдениеті мен Еуропа мәдениетінің жауһарларын бойына қатар көмкерді. Осылайша, Жүргенов дүниетанымында шығыстық және еуропалық дүниетаным тоғысым тауып, біртұтас рухани дүниеге айналды. Жас азаматтың ат жалын тартып мінер азаматтық шағы ұлттық бас көтерулер, жаңа серпіліс пен тәуелсіздік, елдік жолындағы нағыз ерлер кезеңіне тұспа-тұс келді. Бұл кезеңде сүрінгенге сүйеу, жығылғанға қолғабыс болған азаматтар Нәзір Төреқұлов, Әліби Жангелдин сынды қайраткерлермен қатар жүріп, қазақтай халқының мәңгілік өшпес шамын жағуда талмай еңбек етіп, батыл қадам жасады. Сауатсыздықты жою мақсатында тер төккен қаламгердің қаламынан туған 7 кітап, 150-ден аса әдебипублицистикалық мақаласы енді ғана белгілі болып келеді. Сол заманның тасасында көлеңкеленіп қалған өткір тілді публицистің әлі де біз білмейтін шығармалары болуы ғажап емес. «Қазақ мұңы», «Еңбекшіл қазақ» газеттерінің тұғырын бекітіп, тамырын нықтау істерінде шығармашылық шырағы мен ұйымдастырушылық қажырымен ерекше атсалысқан елдің көрнекті азаматының ұлты үшін жасаған бағасы өлшеусіз әрі өшпес еңбектерін, мұрасын жай ғана бағамдау жеткіліксіз. Бұл тұлғаның атқарған еңбектері мен ұлағатты істеріне сүйсіну керек. Онымен бүкіл қазақ елі мақтануы тиіс.
«Ғалымның хаты өлмейді,
Жақсының аты өлмейді», – деген сөз құдды осы тұлғаға қаратыла айтылғандай. Неге десеңіз, ғалым болып хат та тастап, жақсы болып ат та тастап кеткен тұлға дегенде, Темірбек еске түспей ме? Тек қана қаламның ұшын ұштамай, көркемөнерді де қатар ұстай білді. Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» атты жарыққа шығуы мұңға айналып, жалыны жарық көрместен сөну алдында тұрған пьессасының шырағын жағып, алғаш драма театры репертуарына енгізді. Осылайша, Темірбек есіміне «Хан Кенені» тірілтті деген атақ та қатар қосылды. Тарихты тану бір жөн, ал оны талдау, әдеби, тарихи сын айту бір бөлек. Сол биіктікке шығып, баспа беттеріне сыни көзқарастағы туындыларын жариялаған қаламгердің «Жерұйық» атты мақаласында өмірі мен шығармашылығы толық анықталмаған, толымсыз Асан Қайғы және оның идеясын алғашқылардың бірі болып толымды әрі тұшымды баға бергенін атап айту керек. Асанның өмір сүру кезеңінің болжамын жасап, дерек ұсынған Жүргенов пікірін кейінгі зерттеулер нақтылап, пікірінің дұрыстығын көрсетті. Өнер басшысының жігерлілігі, қажыр-қайратының күштілігі сондай өзінен бөлек өзгелерге беріліп, қазіргі тілмен айтқанда әр сөзі мотивация, ал өзі сол кезеңнің мотиваторы болған. Сөзі өтімді, тілді де тісті, жігерлі де ісіне берік іскер болған. Есіл ерді «Халық жауы» деген жалған жаламен айыптап, ату жазасына кесіп шоқтығы биік қазақ маңдайына біткен жарық жұлдызының тағдырын қыршынынан қиды. Ату жазасына кесіп, өзін ғана жазалап қоймай, отбасы мен зайыбын «Алжир» түрмесіне жіберіп, жиырма жылдай оларға да азап шектірді. Ер есімін ел есінен өшірмеу үшін оның ардақты әйелі өз міндетін ұмытпай, темір тордан шығып есеңгіреген солғынды кейпіне қарамай, Темірбектей тұлғаның өр рухын өшірмеу, қайта ақтау жолында аянбастан тер төгіп, нәтижелі еңбек етті. Бүгінде Жүргенов атында театр, мектеп, көшелер бар. Елім мен жерім деп жан аяспай жанын құрбан еткен тұлғаның есімі естен ешқашан өшпейді.
С.РЫСБАЕВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері
24 наурыз 2023 ж. 462 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 341

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 424

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930