Тұғыры биік тұлға
Топырағын түртсең сыры ақтарылып, тарихы төгілетін Сыр елінің әрбір халқының көкірегін мақтаныш кернейді. Сырда туып, Сырда өсіп-өну жүздің бірінде бола бермейтін бақ. Туған жерінің топырағын сүйген саңлақтардың Сыр қасиетінен құр қалмасы анық. Сол Сырдың атын танытып, Сыр үшін емес алты Алаш үшін аянбай тер төгіп, тынымсыз еңбек еткен Темірбек Жүргенов жалпы қазақ өнері үшін зор тұлға.
Қай заманда да өмірдің сан қилы сыны мен жұмбақ сырын жүрегімен бағамдап болашағы, келешегі үшін зерек көңілмен болжай батыл қадам жасаған Темірбектей тұлғаның өнері мен өміріне тағзым етпеу қазақ өнерін жүректен тыс қалдырғанмен тең. Өнер үшін өмір сүрген Жүргеновтің есімі тек қазақ үшін емес, иісі түркі жұртына мәлім. Аса көрнекті қоғам қайраткері, қаламы қарымды сыншы, көрнекті сөздің көсемінің меже тұтып, көздеген мақсаты – қазақ деген текті елдің тегінен айырылмауы мен республикада негізгі қолданыс тілі болуы еді. Ол Шығыс пен Батыстың мәдениетін игеріп, тілді де, тісті де, жігерлі де, іскерлігін қолдана жаңа толқынның таудай тұлғасы бола біледі.
Тал бесігінен темір тәртіп пен ұлағатты ұлылықтарды өн бойына сіңіріп өскен қалың көпшілікке белгілі өнер иесі Қара Жүргенұлының бел баласы, әкесінің ізін қуған, саз бен сөз мәдениетін бойына дарытқан Темірбек жойылып, тарих қойнауына қадам басқалы тұрған ұлттық өнердің шын қамқоршысы. Өзінің сыни өлеңдері мен сөз өнерінен қара жаяу еместігін танытып, сол кезеңдегі әйел теңсіздігін де көзден тысқары қалдырмады. Сол кезеңде бүкіл одақ көлеміндегі А.Луначарскийдің рөлі қандай болса, Темірбек Жүргеновтің де қазақ өнерінің өркендеуіне қосқан үлесі де сондай маңызды еді. Мәдениет пен рухани мұраны қалай жан сала қорғаса, саф қазақ тілін де солай қорғаған ұлтжанды ұлт ұланына 1937 жылы 2 тамызда «Халық жауы» деген айып тақты. Оның арты ұзамай осы жылы 15 қыркүйекте қазасымен аяқталды.
«Шыңғыс хан дүниені алды, артында белгі қалған жоқ. Ақсақ Темір дүниені алмаса да, артында Самарқанд, мешіт, медреседей белгі қалды» деп Әлихан Бөкейхан айтқандай, Темірбек Жүргенов те артында өшпес із қалдырды. Қазақтың бақытты өмірі үшін күрескен мемлекет қайраткерінің асқақ арманы бүл күнде жүзеге асты. Халқымыздың «Жақсының аты өшпейді» дегені осы болар.
Гүлсәнім ТӘЖІБАЕВА,
No111 орта мектептің 10 сынып оқушысы,
Алдашбай ахун ауылы
No111 орта мектептің 10 сынып оқушысы,
Алдашбай ахун ауылы