» » Ұлтын ұлы биіктерге көтерген тұлға

Ұлтын ұлы биіктерге көтерген тұлға


Сыр бойы – талай аңыз бен тарихи оқиғаларға бай өңір. Шашақты найза көтеріп, кеудесін жауға тосып, елін, жерін қорғаған хас батырлар мен толқынды жырлар, тақпақтап келетін назымдарды шығарған ақындар шоғыры өте көп. Бүгінгі сөз еткелі отырған көрнекті қайраткер Темірбек Қараұлы Жүргенов те осы өңірде туған.
Жалағаш өңірінде екі сыныптық түземдік-мектебінің түлектерінің бірі «Іздібай өзегі» бойында жалаңаяқ жүгіріп ойнаған жас бала, кейін Қазақстан мен Орта Азияға аты мәлім болған қазақ елінің өркендеп дамуына елеулі үлес қосқан, қазақ халқының мақтанышы, Сыр түлегі – Темірбек Жүргенов болатын.
Темірбек Қараұлы – осындай ұлы тұлға. Мемлекет қайраткерінің ту­ғанына 125 жыл толуы қарсаңында аудандық білім бөлімі арнайы іс-шара жоспарын бекітті. Іс-шара жоспарының мақсаты Сыр саңлағының еңбектерін кейінгі ұрпаққа насихаттау, білім беру саласындағы еңбегінің маңыздылығын көрсету, кейінгі ұрпақ өкілдеріне кеңінен насихаттау. Барлық білім беру ұйымдарында «Т.Жүргенов туралы эссе жазу байқауы» өтіп, оған аудандағы 29 мектептен оқушылар қатыстырылды. Сондай-ақ, «Темір Нарком Темірбек» атты деректі фильмі оқушыларға көрсетіліп, дөңгелек үстел отырыстары ұйымдастырылды. Одан бөлек, «Ұлт руханиятының жанашыры Т.Жүргенов» тақырыбында тәрбие сағаттары өтіп, зерттеу жұмыстары жүргізілді және ол бейнеролик форматында, фотожинақ ретінде №80 мектеп-гимназиясындағы Т.Жүргенов атындағы музейге қойылды. Қайраткердің шығармашылық мұ­ра­сын жан-жақты дәріптеу, аға алдындағы өскелең ұрпақтың парызын ұғындыру мақсатында «Туған елін жанын беріп сүйеді ер, «Елім» деген ерге басын иеді ел!» тақырыбында айтулы мектеп-гимназиясына ұлт тәуелсіздігі күресінің рухани көсемінің есімін беру, ұрпақ бойында тарихи сананың қалыптасуына өзіндік ықпалын тигізетін мұражайдың ашылу салтанаты облыстық деңгейде аталып өтті.
Т.Жүргеновтің тарихи тұлғасы мен қайраткерлік қарымын танытып, тағылымға толы өнегелі ғұмырын кейінгі ұрпаққа кеңінен таныту межесін жоғары деңгейге көтерген іс-шара «Асыл өнердің алып нары – Темірбек» тақырыбындағы 80 жылдан асқан тарихы бар, қасиетті қара шаңыраққа мемлекет, қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов есімін беруге арналған салтанатты жиынмен басталды. Оған Төретам кенті әкімі Ғ.Елеусінов, Қармақшы ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Ш.Нәукебаева, ата-аналар комитетінің төрағасы С.Аралбаев, әр кірпіші тарихқа тұнған киелі шаңырақтың ажырамас бөлігіне айналған ұстаздардың ұстазы бола білген мектептің бұрынғы басшылары П.Төлемісов, Р.Алиева қонақ ретінде қатысты.
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне көп үлес қосқан Т.Жүргеновтің есімін мектебімізге беру салтанатының лента қию рәсімі мектеп-гимназия директоры Б.Калмахановқа, Темірбек Жүргеновтің туысы Ж.Иманғалиұлына және аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Ш.Нәукебаеваларға тапсырылды. Мектеп түлегі, Байқоңыр қалалық «Жастар» ресурстық орталығының маманы Д.Төлегенов мектеп ұжымына арнаған алғысын жыр шумақтарымен түйіндеп, іс-шара қонақтарын әсем әнімен тербеді.
Т.Жүргенов – реформатор. Оның бір ғасырдан бұрын таратқан ілімі, ре­форматорлық идеялары тек қазақ халқы үшін ғана емес, халықаралық ғы­лыми кеңістікте, әсіресе түркі әле­міндегі гуманитарлық ғылымдарда күні бү­гінге дейін мәнін жоғалтқан жоқ. Осы еңбектері туралы жиналған қауымға жә­дігерлер жинақталған «Темірбек Жүр­генов – қазақ руханиятының жарық жұл­дызы» атты мұражайы таныстырылды.
«Ұлт мақтанышы – Темірбек Жүргенов» тақырыбындағы ғылыми-танымдық конференциясы ауқымды түрде өткізілді. Қоғам қайраткерінің өміршең мұрасын, қайраткерлік күресін, ағартушылық қызметін жас ұрпаққа үлгі етуді көздеген конференцияға Қызылорда қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, «Болашақ» университетінің құрметті профессоры С.Әбдіқадырұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жүргеновтанушы-ғалым Б.Сәбитұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ж.Сейдуллаұлы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры Б.Бердіқожаұлы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиал директорының орынбасары С.Серікбаев онлайн форматта, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, тарих кафедрасының аға оқытушысы философия докторы Д.Омаров оффлайн форматта жасаған баяндамалары ұлтын ұлы биіктерге көтерген ұлы тұлғаның оқу-ағарту, көркем-өнер саласындағы қажырлы жұмысына берілген әділ баға болды деп мақтанышпен айта аламыз. Темірбек Жүргеновтің өз Отанына деген шексіз ықыласы мен кіршіксіз тазалығын насихаттауды мұрат еткен тұғырлы тұлғаның ұрпақтары Т.Жүргенов атындағы қор­дың мүшесі Ә.Жұмағұлов, немересі Ж.Нұржанұлы, Б.Базарбаев, А.Тәуіпбаев, Ә.Шаймағамбетов пен М.Жарыл­қасы­нов­тар аталмыш іс-ша­ра­ның жоғары деңгейде өтуіне үлестерін қосты.
Таудай тұлға тарапынан елі үшін жасалған жұмыстар ұшан-теңіз. Осы жұмыстарды өскелең ұрпаққа ұлықтау, дәріптеу біздің парызымыз. Себебі, асыл азаматтың өнегелі өмірі, еліне деген сүйіспеншілігі бүгінгі ұрпақ үшін Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі болары хақ.
Айгүл ҚОСАНОВА,
аудандық білім бөлімінің
әдіскері
29 наурыз 2022 ж. 3 180 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 043

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031