Ауызашар әдептері
qarmaqshy-tany.kz РАМАЗАН АЙЫНДА ИІСІ МҰСЫЛМАН ОРАЗА ТҰТЫП, АУЫЗ БЕКІТЕДІ. ЕНДІ ОСЫ ОРАЗА ЖАЙЫНДА БІРЕР НАСИХАТ АЙТСАҚ. ЖАЛПЫ БҰЛ АУЫЗ БЕКІТІП, ОРАЗА БОЛҒАН ЖАНҒА ТАМАҚТЫ БЫЛАЙ ТҰТЫН, БЫЛАЙ ЖЕУ КЕРЕК ДЕП БҰЙРЫҚ БЕРУ ЕМЕС. ПАЙҒАМБАР СҮННЕТІНЕ САЙ АУЫЗ АШСАҚ ДЕГЕН НИЕТ ҚАНА.
Ауызашарға қатысты тоқталар болсақ, ең бірінші ауыз ашуға асығу. Бұл жерде ескерілетін нәрсе су ішуге, тамақ жеуге асығу емес, күні бойы ұстаған оразасының сыйын алуға асығу деп ұғу керек екенбіз. Яғни, күн ұзаққа ұстаған оразаны бұзып алмай, ауызашарға жеткенше шүкір етіп қуану. Екіншіден, ауызашар уақытында жасалған дұға, бата қайтарылмайды, қабыл болады. Сол сәтті пайдаланып ауызашарға 5-10 минут қалғаннан бастап отбасымыз үшін, Отанымыз үшін өте көп дұға жасауымыз және қажетті нәрселердің бәрін Құдай тағаладан сұрауымыз керек. Үшіншіден, уақыт кірісімен құрмамен немесе сумен ашу. Құрманы 3-5-7 қылып жеу, тақ сан етіп пайдалану сүннет, содан соң суды асықпай, бөліпбөліп ішу қажет. Төртіншіден, ораза ұстаушы пенде тамақ ішудің алдында бес уақыт намаз оқитын болса, онда ақшам намазын оқу жақсы амал болып табылады. Ал егер оқымайтын болса, онда 5-7 минут өткеннен кейін тамақты жеп бастау абзал. Себебі, асқазанға түскен құрма мен су адам ағзасына күні бойы қажет болған қорекке айналып, бойға тарап үлгереді. Бұл асқазанымыздың ауырмауына әсер етеді. Соңғы бесінші әдебі, тамақты аз-аздан жеу асқазанымызға ауыр емес әрі пайдалы тамақтан тамақтаныңыз. Майлы және қою тамақтан гөрі реті келсе, сорпа дұрыс дегендей. Осы орайда, ауызашар беретін кісілердің де құлағына алтын сырға. Ауызашарға адамдарды шақырғанда кешкі уақытқа ет аспай, жеңіл тамақ ұсынсақ, нұр үстіне нұр болатын еді.
Алла оразамызды толық ұстап, сауапты амалдарды көптеп жасауымызды нәсіп етсін.
Қазіргі таңда жағдайымыз жақсарған уақытта ораза бұл байлардың жағдайы төмен кісілерді ораза тұту арқылы аштықтың не екенін өз көздерімен көріп сезеді. Тұрмысы төмен жандарға көмектесудің қажет екенін түсінеді. Сол себепті де осы ай берекелі болады. Момынмұсылман пенделер ауызашар беріп, садақасын осы айда аямайды. Рамазан айы қоғамда бірлікті арттырады. Бір мезетте ауыз бекітіп, бір мезетте ауыз ашу, жамағатпен тарауық намазын оқу, Қадір түнін бірге күту, айт намаздарына бару. Осы орайда, ауданымыздың мешітінде Құранды толық жаттаған қари қатым қылып, тарауық намазын өткізеді.
Айбол ИСЛАМҰЛЫ,
"Ораз ахун" мешітінің имамы