Рамазан – жақсылықпен жарысатын ай
Иісі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының әне-міне дегенше алғашқы онкүндігі де өтті. Бұл айда Жаратқанға мойынсұнған жұмыр басты пенделерге сауап жинаудың мүмкіндіктері көп. Яғни мұсылманның бір уақытта ауыз бекітіп, ауызашар уақытын бірге өткізуі, сәресіге тұрып, тарауық намазын жамағатпен оқуы, Қадір түнін қарсы алып, Айт мерекесін бірге атап өтуі, мұқтаж жандарға қайырымды іс жасауы өзара бауырластықты нығайтып, шынайы сүйіспеншілікті арттырады. Рамазан айы басталғалы аудан мешіттері жамағатты рухани жағынан қолдап, түрлі іс-шараларды қолға алуда.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадисінде "Кімде-кім ораза ұстаған жанды ауызашарға шақырып, тамақ беріп аузын аштырса, ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді" деген өсиетін өнеге тұтқан аудандағы "Қармақшы ата" және "Ораз ахун" мешіті алғашқы күннен-ақ ораза ұстаған барша жамағатқа арнап ауызашар беру үрдісін бастады. Сондай-ақ Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы көтерген игі бастаманың бірі – дүкен иелерін Рамазан айын құрметтеуге шақыру. Яғни ішімдік сатудан тыю. Осыған сай, ауданның бас имамы Өміржан Тобжанов ақсақалдармен дүкендерге барып, түсіндірме жұмысын жүргізді. Түсіністік танытқан кәсіпкерлер ішімдік сатпайтынына келісімдерін берді.
– Рамазан – игі істерді мейлінше көптеп жасайтын ай. Себебі, бұл айда жасалған әрбір іс үшін берілер сауап көп. Әрбір мұсылман баласы игілікте теңдесі жоқ бұл күндері Ұлы иесіне жағатын істермен көрінуі тиіс. Енді аудан мешіттері болып қасиетті айда атқаратын жоспарымыз көп. Апта сайын садақа ұйымдастырып, тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көрсету бірінші кезекке қойылған. Одан кейін осы айдың әр он күнінде жамағат арасында Құран оқып жаттаудан сайыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Ораза айт мерекесінде "Ел үлесі – пәтерге" атты жобасы бойынша баспанаға мұқтаж отбасыға үй берсек деген ниетіміз бар. Қазір оған жинақ жүріп жатыр. Мешіт айналасын көгалдандыру секілді жұмыстар кезегімен орындалатын болады, – дейді "Қармақшы ата" мешітінің бас имамы Өміржан Тобжанов.
Рамазан – жақсылық жасап жарысатын, сауап жинап, күнәдан тазаратын ай. Жығылғанды демеп, жылағанды жұбатып, мұқтаждарды мұңынан арылтатын қасиетті мереке. Ендеше рухани жан дүниеңізді көтеріп, Жаратқанның шарапатына бөленгіңіз келсе, сауапты істен құр қалмаңыз. Мүбәрак айда жасаған қайырымды ісіңіз бен ғибадатыңыз еселей түсері хақ.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ