Сыр өңірі этнографиясының қалыптасуы
qarmaqshy-tany.kz ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бас кезіндегі Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойындағы Перовск және Қазалы уезі қазақтарын негізге алып отырмыз. Перовск және Қазалы уезі қазіргі Қызылорда облысының аймағы және «Сыр өңірі» деген шартты атау Сырдың төменгі ағысы бойында орналасқан Қызылорда облысы өңіріне, «Сыр өңірі қазақтары» атауы осы облысты мекендейтін қазақтарға қатысты қолданылады. Сырдарияның төменгі ағысы өңірі Арал теңізінің шығыс, солтүстік шығыс жағалауымен шектеседі.
Қазақ халқының әртүрлі өңірлерде аймақтық ерекшеліктерге қарай қалыптасқан тарихи мәдениеті, ру тайпалық құрамы мен дәстүрлі шаруашылықты жүргізу ерекшеліктері, материалдық және рухани мәдениеті аса күрделі ғылыми зерттеулер қатарына жатады. Осыған байланысты қазақ халқының бір аймақтағы сан ғасырлық тарихы, олардың қоныстану тарихы мен этностық құрамы, саны, тұрмысы, дәстүрлі шаруашылығы, қоғамдық қатынастары, материалдық мәдениеті, соның ішінде баспанасы, тұрмыстық бұйымдары, киім кешектері, тағамдар жүйесі, рухани мәдениеті, яғни отбасылық әдет-ғұрыптары, халықтық білімдер жүйесі, наным-сенімдері, некелесуге, өлікті жөнелтуге қатысты жосын-жоралғылары қамтылады. Осы өңірдің аймақтық ерекшелігін көрсететін байырғы этнографиялық ұғымдар мен категорияларды жинақтап, бір арнаға тоғыстырып жүйелеу, осыған орай жергілікті этнографиялық сөздерді жинау, яғни тіл ерекшеліктері сияқты іргелі тақырыптарды ғылыми тұрғыда зерделеу маңызды шара болып табылады.
Бүгінгі ғылым тарихымызды ұлттық мүдде мен еліміздің ізгілікке, елдікке ұмтылуының үздіксіз процесі, өткені мен бүгінгісінің сабақтасып, астасып халық жадында жаңаруы тұрғысынан қарастыруды талап етеді. Әсіресе жекелеген аймақ қазақтарының этносаяси, этномәдени, этношаруашылық, әлеуметтік демографиялық тенденциялары ғылыми біртұтас зерттеу, яғни қазақ жерінің әр аймағында өмір сүрген қазақтардың аймақтық ерекшеліктерін негізге алып, тарихи этнографияны ғылыми теориялық, ғылыми практикалық игеру отандық этнология ғылымында басты орынға шығып отыр.
Көшпелі шаруашылықтан жартылай отырықшылыққа ауысу кезеңіндегі ірі бетбұрыстар Қазақстанның әр аймағында қалыптасқан шаруашылық дәстүріне қарай әрқилы өтті. Біздің басты мақсатымыз осы тарихи бетбұрыстың Сыр өңірі қазақтарына әсерінің қаншалықты болғандығын анықтау. Біз «Сыр өңірі» деп алып отырған аймақтағы «Сыр өңірі қазақтары» ХVIII ғасыр жазба деректерінде аралдықтар, XIX ғасырдың 1 жартысы мен орта кезіндегі жазба деректерде түркістандықтар, орынборлықтар деген атаулармен кездеседі. Бұл үш категориялық жіктеудің барлығын да назарға алуға болады әрі былайша географиялық классификациялаудың тарихи негізі де бар. «Аралдықтар» атауы Сырдарияның Арал теңізіне құюы, Арал теңізінің Сыр өңіріндегі бірден-бір ірі табиғи су көзі болып, халықтың сол теңіз айналасына шоғырлануымен байланысты. Қазақ даласында жүргізілген Ресей патшасының басқару ережелері Сыр өңірін де қамтып, Сыр қазақтары Орынбор ведомстволығына қарады. Орынбор ведомстволығына қарасты қазақ даласы солтүстігінде Орынбор губерниясымен, батысында Орал казактары әскери жерлерімен және Каспий теңізімен, шығысында Сібір қазақтары облысымен, оңтүстігінде Арал теңізі аймағын алып жатты. Сырдария өзені шекара сызығын қамтып, Түркістан облысымен шектесті.
Біз зерттеп отырған Сыр өңірі Сырдарияның Арал теңізіне құяр тұсы Орынбор даласының орта бөлігін, Сырдарияның төменгі ағысын, Орынбор даласының шығыс бөлігін құрады. Сыр өңірінен өтетін ірі керуен жолдарының Орынборға қарай бағытталуы, Сыр өңірінен басталатын көш жолдарының солтүстік батысқа қарай бағытталуы да зерттеушілердің Сыр қазақтарын «орынборлықтар» категорясына енгізуіне себеп болған. «Түркістандықтар» категориясына енуінің тарихи негізі Сыр өңірінің Түркістанмен шектесіп, қазақ жерінің оңтүстік батысын алып жатқандығымен әрі әкімшілік қайта құрулар кезінде Түркістан облысына, одан кейін Түркістан генерал губернаторлығына қарауына байланысты туындаған.
Қазақ жерін тарихи географиялық классификациялаудағы Маңғыстау өңірі, Сыр өңірі, Сарыарқа, Жетісу сияқты аймақтық бөлініс атауларының қалыптасуы тарихи топонимикалық тұрғыда сол жердегі жер су атауларымен байланысты. Біз зерттеп отырған өңірдің Сыр өңірі атауы бұл жердегі басты су көзі Сырдария өзені болғандығымен ғана байланысты емес, себебі «Сыр өңірі» атауы Сырдария өзенінің өне бойына емес, тек төменгі ағысы бойына қолданылуының тамыры тереңде жатыр, оның үстіне ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі орыс жазба деректерінде «присырдаринские» атауының көп қолданылуы оның тарихи атауымен қатар, осы өңірдің әкімшілік басқаруда Сырдария облысына қарауы да негіз болған. 1867 жылы Түркістан өлкесін басқару Ережесіне орай құрылған Перовск және Қазалы уездері Сырдария облысының құрамына еніп, Түркістан өңірінің солтүстік батысындағы құмды алқапты алып жатты. Перовск және Қазалы уездері Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойында өзеннің екі жақ бетінде орналасты.
«Сырдария» атауының этимологиясына қатысты зерттеулерді ғылыми ізге түсірудегі белгілі ғалым С.Кляшторный мынадай қорытындыға келген: 1) «Яксарт» атауы алғаш рет б.э.д. IV ғасыр оқиғасын баяндайтын жазба деректерде кездесіп, Сырдария өзенінің жоғарғы және орта ағысы бойына қатысты қолданылған, «Jy ṧa – arta» – «таза гауһарлы өзен» этимологиясының жойылуы, жергілікті иран тілінің бірте бірте түркі тілі говорымен ассимиляциялануымен байланысты; 2) «Сыр» атауы – ежелгі сақ тіліндегі өзеннің төменгі ағысы бойына қатысты атауы. Екі мыңжылдықта бұл атау сақталып қана қойған жоқ, сонымен бірге XV XVI ғасырларда орта азиялық екі өзен аралығын Арал өңірі көшпелі өзбек тайпаларының жаулап алуымен өзеннің барлық ағысына таралған. Яғни топонимикалық, ономастикалық жазба деректер «Сыр» атауының осы жерді мекендеген арғы түркілер тіліндегі көне атау екендігін де дәлелдейді.
Сырдарияның төменгі ағысының оң жақ бетін Қарақұм, Арысқұм, Дариялықтақыр құмдары, Телікөл, Шөмішкөл сияқты көптеген майда көлдер, сол жақ алқабын Қызылқұм құмдары мен Әмудария өзенінің оң жақ бетіне дейінгі Мавераннахр алқабы алып жатты. Мавераннахр «екі өзен аралығы» деген сөзді білдіреді. Сырдың құмды алқаптарында, ежелгі қала қоныстарында сақталған арықтар, каналдар, плотина, су қоймасы сияқты суландыру жүйелерінің іздері құмды алқапты өндірісті оазиске айналдыру мақсатында жүргізілген осы өңірді мекен еткен тайпалардың жүздеген жылдарға созылған маңдай терлерінің нәтижесі. Дала тұрғындарының құрғақ құмды алқаппен күресі Сыр өңірінің тарихының басты ерекшелігі болып табылады. Құмды алқаптардағы арық іздері теңдесі жоқ тарихи ескерткіш болып саналады. Бұл өңірді қолдан суландыру жүйесінің қалыптасуы ерте дәуірлерге саятыны сөзсіз, суландыру жүйесінің іске асуымен адам қоғамында отырықшы өмір, ежелгі мәдениет қалыптасты. Ирригация жүйесі дамыған бұл өлкеге ежелден әлемнің алпауыт жаулаушылары – парсы патшасы Кир, Александр Македонский, Шыңғысхан, Темірлан, Азияның көшпелі тайпалары көз тікті. Түркістан, Сыр өңірінің Қытай, Үндістан, Парсы мемлекеттерінің Еуропаға барар жолында, Еуропа мен Азия қақпасында орналасуы себепті бұл жер – ежелден түрлі халықтар мен халықтар мәдениетінің тоғысқан арнасы, халықтар қақтығысы, көшпелілер мен отырықшылар мәдениетінің қатар дамыған өңірі болды.
Географиялық жағынан ежелгі өркениеттердің ошағы Орта Азия оазисінің орталығында орналасуы ежелгі мәдениеттер мен сауданың дамуына қолайлы жағдай тудырды. Б.э.д. VI ғасырда Түркістан өңірін ежелгі парсылар жаулап, Персия монархиясы бұл өңірден өздеріне Зороастризм ілімін қабылдап, олардың мемлекеттік дініне негіз болды. Б.э.д. IV ғасырда Түркістан өлкесіне Македония патшасы Александр Македонский 3 жылға созылған әскери жорығы болып, ол Сырдария өзені аңғарына жеткен. Сыр өлкесінен македондық жаулаушы Үндістанға аттанған. Б.э.д. II ғасырдан бастап б.э.д. VII ғасырға дейінгі аралықта Орталық Азияның көшпелі түркі тайпаларының қоныс аудару процесі болып, жергілікті арии тайпаларының түркілермен этникалық араласу процесі орнады. Түркі тайпаларының Сыр өңірін қамтыған Қыпшақ мемлекеті, Оғыз мемлекеті қалыптасты. Сырдария бассейнінен Ұлы Жібек сауда жолының өтуі қала экономикасының дамуына айтарлықтай әсер етті.
Х ғасырда ислам дінін қабылдаған түркілер араб мәдениетін жергілікті өмірге бейімдеді. ХІІІ ғасырда Шыңғысхан бастаған монғол татар шапқыншылығынан кейін Сырдың төменгі ағысында гүлденген ежелгі түркілердің көптеген қалалары өмір сүруін тоқтатты, мәдени оазистер көшпелілердің мерзімдік жайылымдарына айналды. Сыр өлкесін қамтыған монғол ордаларының негізгі тұрғындары түркілер болды. Түркі жеріне келген монғолдар ислам дінін қабылдады. Монғол монархиясына енген Түркістан өңірі Батыс Еуропа мен Шығыс Азия арасын жалғап жатқан өңір болды. Сыр өңіріне XIV ғасырда Ақсақ Темірдің ықпалы болды. Сыр өңіріндегі түркілер ХV ғасырда қазақ халқының этникалық қалыптасуына қатысты Қазақ хандығының құрамына енді. 1731 жылы Сыр өңірі Кіші жүз қазақтарымен бірге Ресей патшасының қол астына енді. Қоқан, Хиуа хандықтарының Ресей патшалығымен күресі Сыр өңіріне тікелей әсер етті. 1847 жылы Райым бекінісінің негізі қаланды. 1853 жылы Сыр өңірінде Қоқан хандығының бекінісі Ақмешітті Перовский әскері алып, нәтижесінде Перовск форты, одан кейін №1 форт (Қазалы), №2 форт (Қармақшы), Қуаңдария бойындағы Қамысқорғаннан №3 форт негіздері қаланып, Сырдария линиясы қалыптасты. 1861 жылы Жаңақорған бекінісіне рекогносцировка жасалды. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Ақмешіт қаласы Қазақ мемлекетінің астанасы ретінде Қызылорда атауын алды.
Қалыптасу тарихы осындай күрделі, тарих қойнауының бірнеше белестері мен сатысынан өткен өңірдің тарихи этнографиясы да аса күрделі. Яғни Сырдың төменгі ағысы бойы қазақ халқының тарихында маңызды орын алатын аймақ, атап айтқанда бұл өңір ежелгі арийлердің, сақтардың, қаңлылардың, Тұран ойпаты ежелгі түркілердің мемлекеттерінің отаны, Дешті Қыпшақ конфедерациясы, Алтын Орда, Ақ Орда мемлекеттері, одан кейін Қазақ хандығының құрамында болған қазақ жері. Сыр өңірі қазақтарының тарихи этнографиясы сол өңірді мекен еткен ежелгі тайпалардың археоэтнографиясының заңды жалғасы. Сыр өңірі қазақтары осы жердегі атақазақтардың тарихи танымдарын қабылдап, көптеген үрдіс дәстүрлерін қазіргі заман ұрпақтарына сақтап жеткізген, ата дәстүрді жалғастырып отырған ұрпақ болып табылады.
Е.ТОҚТАРОВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері