ЕЛБАСЫ СЫР ЖҰРТШЫЛЫҒЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Сыр өңірін Алаштың анасына балаған Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі барша Сыр бойы жұртшылығын Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойымен құттықтаған хаты келіп жетті. Төменде Ақордадан жеткен осы құттықтау лебізді ұсынып отырмыз.
ҚҰРМЕТТІ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР!
Ерте замандардан бері ұлтымыздың ұйытқысы болған Сыр өңірі – қазақ баласы үшін қашан да қадірлі. Қобыз атасы – Қорқыт бабамызға топырақ осы даладан бұйырды. Осы байтақта қазақ жыршылық өнерінің айрықша мектебі қалыптасты.
Шығыс даналығында: «Халықтар қалаларды, ал қалалар мемлекетті құрайды» деген тәмсіл бар. Өркениеттің өлшеуіндей болған әсем қалалардың Сыр бойында болғаны да тегін емес. Әлеуметтік-саяси мақсаттарды жүзеге асыруда сол қалалардың маңызы ерекше болды. Бүгінгі Қызылорданың бағасы да солардан кем емес.
Алмағайып замандарда Сыр өңірі талай ұлт пен ұлысты жат деп жатсынбай, бауырына басты. Сасқанға сая, жабырқағанға пана болды.
Алғашқы өнер-білім ордалары орын тепкен, ұлт зиялылары шоғырланған Қызылорда өңірі бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеген іргелі облысына айналды. Қызылорда қаласы Сырдың сол жақ жағалауына қарай кеңейіп, сәулеті мен дәулеті келіскен шаһарға ұласты. Жаңарған, жасарған Қызылорда – азаттығымыздың айқын көрінісі, ынтымағымыздың жемісі.
Берекелі Сыр жұртшылығына ырысты ынтымақ пен берекелі бақ тілеймін! Екі ғасыр қазақ топырағын тебірентіп, қазақ баласын тербетіп келе жатқан қасиетті жер аман болсын.
Президенті Нұрсұлтан Назарбаев
Астана, Ақорда
28.09.2018.
syr-media.kz