Мектептегі «методика»
Бірде жұмыстан қайтып келе жатқан бетім еді. Кешқұрым уақыт болатын. Төте жолды бойлап келе жатсам, артымнан біреу екпіндеп жүгіріп келе жатты. Мән бере қоймадым. Себебі құлақта құлаққап бар. Жаныма жеткенде барып:
– Сәлеметсіз бе?!
– Сәлемет бол.
– Музыка тыңдап келе жатырсыз ба?
– Иә. Ал сен неге жүгіріп келе жатырсың?
– Сабақтан қайтып келе жатқанмын. Апай мектепте қонасың деді, қонбаймын.
– Неге қонасың деді? Сабақты дұрыс оқи алмадың ба?
– Жоо-ооқ (намыстанып тұрғаны белгілі).
– Қорыққан соң жүгірдің бе?
– Осыбір жерде тұрамын. Үйге асығып келе жатқанмын.
– Жарайды ендеше. Сау бол!
Әңгіме қысқа қайрылды. Бұдан баланың қорыққандығы аңғарылды. Әйтпесе бар екпінімен жүгіріп, қараңғы көшеде кісі көргеніне қуанып кетеді ме? Көбісінің қараңғылықтан қорқатыны белгілі ғой. Өзіміз де бала болдық. Қараңғыдан қорықтық. Осы әңгімеден соң ұзақ ойда қалдым. Бізде білім беру жүйесі жаңарды дейміз, басқа дейміз. Бірақ баланы қорқытып, «мектепте қонасың» деп айтуды қоятын кез келген шығар. Білімді қорқыту арқылы беруге болады ма? Бұл қаншалықты дұрыс?
Мектеп табалдырығында оқып жүргенімізде түсінбеген оқушыны сабақтан соң алып қалып оқытатын мұғалімдер де болатын. Қазір мүлде басқа ғой. Жеке, топтық жұмыс пен сабақ барысындағы түрлі әдіс-тәсілдермен балаға меңгертуге болады.
Қазір мектептегі жүйе жаңашылдықты көздейді, заманауилыққа үйретеді. Мектеп мұғалімі өз қызметін шығармашылық бағытта ұйымдастыра білуі үшін, ең алдымен, өз қызметінің мәнін түсіне алуы тиіс. Оның қызметінің негізгі мәні – баланы оқыту, тәрбиелеу, дамыту ғана емес, сол үрдістерді басқаруды шығармашылықпен ұйымдастыра білу. Өйткені, мұғалім еңбегінің бүгінгі нәтижесі қандай болса, елдің, қоғамның ертеңі, болашағы сондай болмақ.
Мұғалім – тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын қалап жатқан маман. Өйткені, ел болашағының кілті – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Жас ұрпақтың тағдыры олардың бойына білім мен ізгілік нұрын себуші – ұстаздың қолында. Сол себепті балаға білім беруде қорқытып, үркітумен емес, қабілетіне қарай түрлі әдіс-тәсілдерді қолданған жөн-ау.
Түйін Қазіргі заман – білімділердің заманы. Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу. Ал сол білімді болу бүгінгі күннің трендіне айналып келеді. Себебі білімі кемел жұрт бәрінен озады. «Ұрпағы – білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, бәсекеге қабілетті, дамыған сапалы, экономикалы, заман талабына сай озық технологиялармен жұмыс істеу мұғалімнің міндеті.
А.ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ