» » Музей – халық мұрасының қарашаңырағы

Музей – халық мұрасының қарашаңырағы

qarmaqshy-tany.kz Музей алғашында бағалы бұйымдар мен заттар, мәдени жәдігерлерді сақтайтын қазыналық қор ретінде қалыптасқан. Оның қалыптасуына көне замандардағы коллекция жинау негіз болды. Тарихта Ежелгі Рим шешені Марк Туллий Цицерон: «коллекцияны – шашыранды заттарды бір топқа біріктіру» деп түсіндірген. Яғни қарап отырсақ музей қорындағы экспонаттардың жиынтынғы коллекциялар болып табылады. Оны жинақтау негізінде Еуропада 16-18 ғасырларда тарихи музейлер пайда бола бастаған. Музейлердің қалыптасуы ұлттық сана-сезімді оятуға, мәдени-саяси идеяларды (ой-сезімді) насихаттауға көмектесті.
Музей (грек тілінде musem – муза сарайы) – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме.
Музей заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Музей ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді.
Музей ісі – қоғамдағы өзгерістермен, қоғам дамуымен тығыз байланысты ерекше сала. Ол ғылымның, мәдениеттің, білімнің қалыптасуына тікелей әсер ететін ғылыми рухани мекеме.
Жалпы аудандық тарихи-өлкетану музейінің тарихи материалдары ауданның қалыптасу және даму тарихы, даңқты істері, өндірістік және мәдени өсуі туралы мәліметтерден тұрады.
2015 жылы аудандық тарихи-өлкетану музейі мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны болып құрылып, 2019 жылдан бастап мәдениет ұйымдарын оңтайландыру негізінде облыстық тарихи- өлкетану музейіне қосылып, филиал ретінде қызмет атқаруда.
Бүгінде музей қорында бес мыңнан астам экспонат бар. Ал музей экспозициясында музей қорындағы экспонаттан өлке тарихына қатысты археологиялық көне тарихи ескерткіштер мен архитектуралық ескерткіштер, ұлттық салт-дәстүрлерімізге қатысты этнографиялық, тарихи тұлғаларға қатысты ҰОС, тыл ардагерлері, қоғам қайраткерлері, Қазақ КСР-не еңбегі сіңген мұғалімдері, Қазақстанның көрнекті жазушылары, ауданымыздың мақтанышына айналған ғалымдар, мәдениет, өнер, спорт саласының майталмандары туралы рухани және материалдық мәліметтер кезең-кезеңмен жүйелі түрде кездеседі.
Сонымен қатар, музей жәдігерлерінің ішіндегі Сақ кезеңдерімен мерзімделетін әртүрлі көлемдегі бірнеше құмыралар, азық-түлік сақтауға арналған жүз жылдық тари­­хы бар кебеже, Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласында басына снайпердің оғы тиген 18 жасар Мырзахмет Досқалбаевтың оқ тескен каскасы және тағы да басқа түрлі деректі құжаттар музейдің тарих шырақшысы, ұрпақтан-ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін маңызы зор тарихи орын екенін дәлелдейді.
Сондай-ақ, жәдігерлердің арасында ХІХ-ХХ ғасырға тән сандық, жез көзелер мен самаурын, ат әбзелдері мен бес қару, түкті және тақыр кілемдер, түскиіз, ағаштан жасалған кәде-сыйлық бұйымдар, тарихи мәні бар картиналар мен нумизматика коллекцияларын ерекше атауға болады.
Музей көне тарих пен бүгінімізді жадымызға сақтап отыратын, көпсалалы жәдігерлердің иесі болып табылғандықтан, адамзат баласының өмірінде заттық және рухани мәдениетті сақтаушы, насихаттаушы бірден-бір орын болғандықтан көшпелі көрмелер, музейлік мерекелер, ардагерлермен кездесу, қайырымдылық іс-шаралар, әртүрлі көпшілік мәдени шараларды өткізіп тұрады. Ал көшпелі көрмеге келер болсақ, зергерлік бұйымдар, нумизматика, қолөнер шеберлері мен суретшілердің туындылары, тәуелсіздік, ҰОС жеңіс күндеріне арналған көшпелі көрмелер көрсетеді.
Музейдің ғылыми-ағартушылық қызметі әртүрлі қарым-қатынас арналарын қалыптастырудан, барлық деңгейдегі білім беретін оқу орындарымен бірлесіп экскурсия сабақтарын, лекциялар, дәрістер, дәстүрлі кездесулер, пікірталас отырыстарын өткізіп тұрады.
Музей қашанда өз заманына қызмет етуге тиісті. Музей экспозициясына жаңаша көзқарас қалыптастырып, оның қорын, халқымыздың әлі де болса талай жерде көміліп жатқан тарихын тірілтіп, ел арасындағы қас шеберлердің қолөнер туындыларын жинақтап, өз дәрежесінде ел игілігіне пайдалану музей қызметінің басты мақсаты болып қала береді.
Әзірбек ІЛИЯСБЕКҰЛЫ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
10 ақпан 2023 ж. 302 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 355

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 436

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930