ҚАЖЫЛЫҚ САПАР: құлшылық пен бизнес
qarmaqshy-tany.kz 2010 ЖЫЛДЫҢ КҮЗІ БОЛАТЫН. АЛМАТЫ БАҒЫТЫНАН КЕЛЕТІН ЖҮЙРІК ПОЙЫЗДЫ АҒАЙЫН-ТУЫСПЕН АСЫҒА КҮТІП ТҰРМЫЗ. БҰЛАЙ ЖИЫЛУЫМЫЗДЫҢ БАСТЫ СЕБЕБІ – АТАМЫЗДЫҢ ҚАЖЫЛЫҚ САПАРДАН КҮТІП АЛУ ЕДІ. СОНДА МОЙНЫНА КАМЕРА АСЫНЫП, БЛОКНОТ ҚОЛТЫҚТАҒАН АҒАЙЛАР ДА ЖҮРДІ. МЕШІТТЕН БІР ТОП ЖАМАҒАТ ТА КЕЛДІ. БІР МЕЗЕТТЕ КІЛЕМ ТӨСЕП ЖАҢАҒЫ ОТАРБАДАН АППАҚ ҰЗЫН КИІМДЕ АТАМЫЗДЫ ТҮСІРІП АЛДЫ. СОДАН АМАН-ЕСЕН ҚҰЛШЫЛЫҚ ӨТЕП КЕЛГЕН СОҢ ЖАҚЫН-ЖУЫҚТЫҢ БАСЫН ҚОСЫП ШҮКІРШІЛІК АСЫ МЕН ҚҰРАН БАҒЫШТАЛДЫ. МЕН КӨРГЕН ҚАЖЫЛЫҚ ПАРЫЗДЫ ӨТЕУДІҢ АЛҒАШҚЫ КӨРІНІСІ ОСЫ КЕЗДЕ БОЛЫП ЕДІ.
Иә, бұрындары Меккеге барып келді дегенді бірен-саран адамнан ғана естіп, көретінбіз. Ал қазір әлеуметтік желіде екінің бірі барып жүргенін аңғарамыз. Тіпті мақтан қуып, жарысып жүргендей көрінеді бір қарағанда. Себебі әр әнші мен блогердің жанынан бір елі қалмай сурет пен бейнеге түсіріп жүретін мобилографты көп көреміз. Әлбетте қажылық міндетін атқарғаны өз алдына әңгіме. Бірақ соның бәрін жасырын жасауға болмас па еді? Өйткені құлшылық Алла мен пенденің арасында ғана болатын екеуара дүние ғой. Оны үшінші бір адамның көргені, жарияға жар салғаны қалай? Қажылық сапарын өтеп келген соң да мұны істеуге болады. Бірінші кезекте, мақтаныш емес, құлшылық, жауапкершілігі мол парыздың міндеті тұрғаны ләзім.
Рас, бүгінде қажылық сапарға баруға мүмкіндік көп. Тек қалтаңызда ақшаңыз болса болғаны. Туристік агенттіктің де түр-түрі көп. Тіпті жаныңызда барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп жүретін «гид»-тің қызметі де бар.
ҚҰНДЫЛЫҒЫ БАСЫМ ҚҰЛШЫЛЫҚ
Бірде осындай қасиетті мекенге аттанған бір жастың жазбасын оқып біраз ойға қалдым. Қатардан қалмай қажылыққа барған әлгі жан Меккеге білімсіз келгенін айтып, келесі жолы мықты дайындықпен келетінін жа- зыпты. «Қағбаны көргенде не тілерімді білмедім. Себебі қатты қысылдым. Турист секілді барып келгендей бол- дым. Өзгелер құлшылық қылып жатқанда, мен оны қалай дұрыс жасау керек деген оймен бас қатырдым. Осылайша мұнда өзгелер құлшылық қылып жатқанда, дайындықпен келмегеніме қатты өкіндім» дейді ол.
Бүгінде елімізде діни рәсімдерді орындауда ешбір кедергі жоқ. Айталық, қасиетті Мекке мен Мәдинаға қажылыққа баруға еркін жол ашылды. 1991 жылы алғаш рет Қазақстаннан қажылыққа небәрі 21 адам аттанған. Ал қазірде бұл мекенге баратындар мыңдап саналады. Қажылық турасында қаперде болатын бірнеше мәселе бар. Біріншіден, қажыға баратын жандарды жаппай сауаттандыру, яғни парызының дұрыс орындалуына ықпал ету. Екіншіден, қажылықты табыс көзіне айналдырмау, керісінше, сауапқа кенелуді көздеу.
Қажылық – теңдессіз сауапқа кенелетін сапар. Сондықтан, бұған аса жауапкершілікпен, қырағылықпен қарауымыз керек. Иман жолына түсе алмай жүрген қаншама адам қажылықтан кейін жаңа өмір бастайды. Мінезі түзеліп, иманы кемелденеді. Біз осыған мән беруге тиіспіз. Қажылық табыс табу емес, ол – сауапқа бөлену. Осы жағын көбірек ойлаған дұрыс. Мынаны жақсылап ұғынған жөн. Қажылық – сән салтанатымен серуендеу, қызықтап қыдыру емес, жауапкершілігі жоғары парыздың бірі. Сол себепті қажылық адамды төзімділік пен сабырлыққа, шүкіршілік пен шыдамдылыққа, ізгілікке шақыратын, кішіпейілділікке тәрбиелейтін теңдесі жоқ құлшылық рәсімі.
ҚАЖЫЛЫҚТЫ АЛАЯҚТЫҚҚА АЙНАЛДЫРҒАН БА?
Заман ағымына байланысты онлайн дүкендердің саны артып, әуе мен теміржол билеттерін де әп сәтте интернет арқылы алу мүмкіндігі пайда болды. Артық уақыт жұмсамай, бос шығындалмайтын іс кім-кімге болсын тиімді тәсілге айналды. Дей тұра қоғамдағы адамның бәрі бірдей сауатты емес. Тіпті бәрін шемішкедей шағатын жанның өзі алаяқтардың құрбаны болып жатыр. Алаяқтың да алуан-алуан түрі бар. Талай алаяқтықты еститін едік. Туристік фирмалар демалысқа жібермей қойды, билетін қайтармай қойды деген сынды әңгімені көп естідік. Әйтсе де қажылыққа аттанамын, 5 парыздың бірін атқарамын, қасиетті қағбаны көремін деген мүміндерді алдаған компаниялар да шығып жатыр. Рас, соңғы уақытта қажылық сапарға баратын турагенттікке алданып, сан соғып қалғандардың жайы желдей есіп тұр. Қажылыққа жібереміз деп елді алдап-соққанның да сірә бұл алғашқысы емес.
Осыдан бірер күн бұрын Алматыдан жік шықты. Қажылыққа барамыз деген талай адамды сан соқтырған Kausar Travel компаниясының алаяқтық әрекеті әшкере болды. Мұндағы алданғандарға желідегі жарнама жалау болған. Танымал әншілер мен отандық блогерлердің сөзіне иланған жұрт аталмыш компания арқылы қасиетті мекенге барамыз деп жолдама сатып алған.
Компания иесі қажылыққа баруға ниет еткен адамның әрқайсысынан кемі мың доллар алған. Алайда қаңтар айында кетуге тиісті азаматтар Мекке мен Мәдинаны көре алған жоқ. Алматыдан шыққан 57 адамды туристік фирма Мәдина қаласындағы жатақханаға тастап, ізім-қайым жоғалған. Ондағы жұрттың жайына бас қатырмаған соң қажылар өздері жатын орын мен тамаққа қосымша қаражат шығарып, қайтар билеттің шығынын да өз мойнына алған. Жат елде тіл білмейтін 57 адамның жағдайын сол жақта жүрген қазақтар естіп, өзге турфирма өкілдері көмекке келген. Олар Мәдинадан екі-үш күнге қонақүй жалдап, ары қарай Меккеге сапарын ұйымдастырады. Тіпті қасиетті Қағба маңынан бес күнге жатын орын алып берген. Ал елге оралатын уақыт таяғанда турфирма басшысы қайтар билет дайындап жатырмын деп, тағы да хабар-ошарсыз кеткен. Қош. Бір топ адам қажылық сапарын өтеп, әупірімдеп елге оралды. Ал енді барамын деп отырған жандардың жай-күйін кім білсін? Олардың бірі – ата-анасына, енді бірі – жақын жуығына деп бес бірдей жолдама алған.
Өткен жылы конкурс негізінде 4000 қажылық орындарын 14 туристік компания алған. Жоғарыда біз сөз еткен туристік компания мұның тізімінде жоқ. Сол себепті қасиетті мекенге қажылық сапарға барамын десеңіз, ресми бекітілген туристік фирмаға жүгінген жөн.
Қазір бәрінің қолында телефон. Ақтарып қарайтыны да жұлдыздар мен танымал адамның блогтары. Ондағы көрінген әдемі өмірге қызығып, «менде неге ондай емес» деп күйзеліске ұшырап жүргендер көп. Әлеуметтік желідегі өмір – шынайы өмірдің белгілі бір бөлігі ғана. Мұнда түрлі қиындықтар мен түсініспеушілікті көбі жүктей бермейді. Ондағы жарнаманы да анықтап қарамаса қажетті-қажетсізін айыру қиын. Түйін Қағбаның кереметі мен құлшылықтың қасиетін тек сонда көзбен көріп, табан тіреп жатқан жандар ғана айта алады. Бұл әрбір пенденің арманы. «Кез келген амал ниетке байланысты» деген сөзді жиі айтып та, естіп те жүрміз. Бірақ сол сөздің мағынасына бір сәт мән беріп көрдік пе? Жоқ әлде естіген күйі ескерусіз қалдырдық па екен? Адам баласы қасиетті мекенге қадам жасағандағы негізгі ниет Құдайдың разылығы болса, онда ол міндетті түрде жетеді, әрі оның қажылығы қабыл болары сөзсіз. Ал сауапты сапарды саяхатқа айналдырып, шариғаттың шартын ұстамай, шалалық танытар болса, оның шаруасы Аллаға аян. Сондықтан да, бағытыңыздың бақытқа жеткізгенін қаласаңыз, амалыңыздың адал атқарылғанын тілесеңіз, ниетті түзейік, адалынан болайық!
Ақнұр САҒЫНТАЙ