Баталы келін
qarmaqshy-tany.kz Осы оқиғаны естігеніме көп бола қоймады. Мұндайда болады екен-ау деген таңданысымды да жасырмаймын. Өмірде түрлі жағдай болып жатады. Бірақ мұның жөні бір бөлек еді.
Гүлсім келін болып түскелі ене де, ата да дән риза. Әке-шешенің разылығын көрген ұлдың да қуанышы болар, жымың-жымың етіп қояды. Жақсы жермен құда болған бұлардың алаңдаулы көңілдері орнына түскен, жайланған.
Дегенмен, отанасының күпті болғанына бірнеше жыл. Тұңғышы Құмардың әлі бір жаман неменің иісін иіскей алмай жүргені ана жүрегін неге мазаламасын? Келіні Рәзия да іштей тынып, мұңын сыртқа көрсетпеуге бейіл болып алған. Бірақ ананың аты – ана. Қанша сездірмеймін дегенімен келінінің қиналып жүргені оған да оңай тиіп жүрген жоқ. Әсіресе көрші ауылдағы күйеуі қайтыс болған жас келіннің баласында ойы бар екен дегенді ауылдың әйелдерінен естіп, оған да алаңдайтын болды. Көшенің алып-қашпа әңгімесі ме, әлде шындыққа жанасатын нәрсе ме, оған аса мән бермепті. Мүмкін онысы да дұрыс шешім болар.
Рәзия – мектепте мұғалім. Құмар – есепші болып мекеменің бірінде қызмет етеді. Екеуі де қатарының алды болып жоғары білім алған. Елдің бетке ұстар мамандары. Дос-жаран ортасында да қадірі жоғары. Ағайынның арасында да сыйластық орны бар. Тек сол бір шақалаққа қолдарының жетпей жүргені болмаса, қалғанының бәрі өз орнында.
Екі келінін бір шаңырақ астында берекелі етіп ұстап отырған қарашаңыраққа қызығушылар көп-ақ.
Арада жылжып айлар өтіп жатты. Шаңырақтың әрі бұрынғыдан бетер ажарлана берді. Гүлсімнің перзентханадан шыққанына он шақты күн. Әлдиінің мұрны еміс-еміс демалғандай болып пыс-пыс етіп қояды. Онысына мәз-мейрам болған жас ана жанына енесі келгенде ғана күлкісін жиып алып, ығысып орын берді. Қанша дегенмен тәрбие көрген қыз, ене сыйлау дегенде шығарда жаны басқа. Енді байқаған екен апасының жүзі күндегідей емес, солыңқы тартқандай. Қасына асықпай жайланып отырған енесі әр сөзін үзіп-үзіп жеткізді.
Соғыс, аштық, саяси қуғын-сүргін зобалаңын көрген Дәмеш ананың осыған дейін босаңсып, айтар сөзіне қиналғанын осы үйге келін болғалы бірінші рет көріп тұр.
– Айналайын келінжан, бастарың әлі жас. Алланың берері тоқтамасын. Абысыныңның бір балаға зар болып жүргеніне де біршама уақыт болды. Мың жасағырдың пейілі таза, көңілі кіршіксіз. Осы кезге дейін қайынағаңмен әй-шай дескен емес. Бірін- бірі жақсы көріп қосылды. Амал қанша, адам баласы әттеген-айсыз болушы ма еді? Ортасында бір перзенттің болмағаны екеуінің ұнжырғасын түсіріп жүр. Қайтейін, Алланың бермесін тартып ала алмайсың ғой. Сен қарсы болмасаң, осы кішкентайды абысыныңа қисаң қайтеді. Бөтен емессіңдер. Оған сенен артық қарамаса, кем қарамас. Бұл тағдырды қойсаңшы. Ешкім сенен баланы тартып алғалы жатқан жоқ. Ойымды құп көрмесең, саған да реніш жоқ. Тоғыз ай, он күн көтерген сәбиің, – деп әншейінде айтар сөзін іркілмей тіке айтып салатын ененің мына дәрменсіздігі жас келінді де әбіржітіп тастады. Аппақ шашымен алдында қысыла, қымтырыла келген апасының сырын енді ұққандай болған Гүлсім ақжарқын мінезінен айни қоймады. Мұндай ұсынысты күтпеген ол, қапелімде не дерін білмей састы. Бар ойына келгені:
"Балаңызға бір ауыз айтайын апа, шешімді бірге қабылдайық" дедіден әрі аспады.
Енесі де осы сөзді күткендей, күйеуің қарсы бола қоймас, ол ағасына ниеттес қой, деп жүзінде үміт сәулесі маздағандай күйде болды.
Көп ұзамай шілдехана той өтіп, Гүлсім бөбегін абысынның қолына ұстатты. Келін болып келгелі Рәзия әпкесіндей болып кеткен. Қамқорын соғып, ақылын айтып бәйек болып жүргені. Бірі – ас үйдің тіршілігін істесе, бірі – сиыр сауып, кір-қоңыс жуады. Бірі – бақшаның күтімін жасаса, бірі – есіктің алдын тазалап тыным таппайды. Санасу, екіге жарылу деген олардың санасында болып көрмеген. Содан болар елдің аузында абысынды-келіннің татулығы жүретін.
Бірде аяқастынан Құмар мен Рәзия жұмыс бабымен көрші ауылға көшеді. Абысынын туған бауырындай жақсы көрген Гүлсім алғашында жалғызсырап, үйренісе алмайды. Десе де, абысынының балалы болғанын қалап, тілеулес болатын. Осылай екінші рет жүкті болып, тағы перзент сүйеді. Өмірге тағы да балпанақтай ұл бала келеді.
Жүрегінің кеңдігінен болар, екі отбасының ортасында өскен бала жаман болмас, ағасының артынан іні ерді деп, екінші баласын да алты айға толғанында Рәзияның құшағына әкеп салады.
Екі баласының кезек-кезек бетінен сүйген қайнаға мен абысынның көңілдері жаздай жайнап, жүздерінде қуаныштың оты ойнады. Бірінен соң бірі дүниеге келген балалардың пәк күлкісі отбасын махаббатқа бөлеп тастаған еді.
Үшінші мәрте аяғы ауыр болып, маңдайы торсықтай қыз баланы өмірге әкелген Гүлсім: "Абысынымның екі ұлы бар, енді екеуінің соңынан ерген қарындасы болар. Осы қызымызды да қияйық", деп күйеуіне қолқа салған да өзі. Жары да уәж айтпай, мақұл дегендей басын изеген. Сөйтіп олар үшінші перзентін де қайынағасының бауырына салып, батасын алған.
Елдің іші болған соң түрлі әңгімелер тарады. Әртүрлі ащы сөздер де айтылды. Ел болғасын бәрі болады. Бірақ, Гүлсім мұның ешқайсысына мойымады да мән бермеді. Баяғы ақ пейілі мен мейірімді жүрегі сақталып қалды. Оның осы қасиетіне Алла тағы да бес перзент нәсіп етіп, шаңырағын бақытқа бөледі.
Бәрін азамат етіп өсірді. Ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырды. Немере-шөбере сүйді.
Бір ғана жанын жеген өкініші – ер азаматының өмірден ерте өткені. Жары да бауырмал еді. Ағасы дегенде шығарға жаны бөлек болатын. Бір уақыттары тапшылық болып, ел қиналғанда, ағасы қолындағы барымен бөлісіп, шиеттей бала-шағасының аяқтан тұруына көмектесті. Екі ауылдың ортасында, екі ағайындының арасында дорба үзілмеді. Қайбір жылдары ағасы қиналып қалғанда керісінше інісі, өзі не тұтынса, оған да соны ішкізіп-жегізді. Өзі не кисе, оған да соны кигізді. Ағайындының бірлігінің арқасында отбастары тарлық көрмей, балалары да мейірім мен бірлікте өсті. Бауырмалдығы сондай, жұрт қызығатындай-ақ.
Дәмеш ана болса сексенге таяған шағында өмірден өтті. Қашан көрсеңіз де көпті көргендігін білдіртіп, келіндеріне ақ батасын берумен болыпты. Әсіресе, үш бірдей тұлай бойынан жарып шыққан сәбиін абысынының кеудесіне салған Гүлсіміне көңілі ерекше-тін.
Ата-ананың разылығын алу – болашағыңа жол ашады деген қазақ даналығы айна-қатесіз Гүлсім ананың да алдына келді. Ақ жаулықты әженің осындай тағдырын естігенімізде несіне жасырайық, басында сенбедік те. Ол кісінің даналығы мен ақылының алдында бас имеу мүмкін еместей. Келін тәрбиелеудегі үлгісі бір төбе. Бала-шағасының ауызбірлігі, қарашаңырақты ұстаудағы береке – әженің аялы алақанында тербеліп тұрғандай көрінді.
Әжеймен болған сәл уақытта оның ретсіз сөйлеп, бостеке әңгіме айтқанын байқамадық. Сексеннен асқан жасында көрегенділігін көрсетіп, бізге де ақ батасын берді. Өмір өтпелі. Сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да уақыт өз ізін салады. Әйтсе де сол Алланың берген ғұмыр жасын салиқалы өткізгенге не жетсін?! Қорыта келе айтарымыз, адамның тағдыры тек өзіне байланысты екен.
Сәрсенкүл АҚКІСІ