Тіршілік тамыры
ЖАЙНА ҮЙІНІҢ ЕРКЕСІ БОЛЫП БОЙЖЕТТІ. ӘКЕ-ШЕШЕСІ, ӨЗІНЕН КӨП ЖАС ҮЛКЕН АҒАСЫ МҰНЫҢ АЙТҚАНЫН ЕКІ ЕТПЕЙТІН. ӘКЕСІ ЖАҚСЫ ҚЫЗМЕТТЕ ЖҰМЫС ЖАСАДЫ, АНАСЫ БАЗАРДА ТҰРАТЫН. ҮЙГЕ ЖАҚСЫ КІРІС КІРЕТІН. ОТБАСЫНДА АЗ ҒАНА ЖАН БОЛҒАНДЫҚТАН БА, ӨЗІ ҚАТАРЛАС БАЛАЛАРҒА ҚАРАҒАНДА ОЙЫНШЫҒЫ ДА, КИІМІ ДЕ КӨП ЕДІ. ӨСЕ КЕЛЕ КӘРІ АТА-АНАСЫНА ҚАРАП, ӨЗІНІҢ КЕШ ТУЫЛҒАНЫНА ҚЫНЖЫЛАТЫН. ҚҰРБЫЛАРЫНЫҢ АНАЛАРЫ ЖАП-ЖАС, БІРГЕ СЫРЛАСАДЫ, ҚЫДЫРАДЫ. ЖАЙНА ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНА ТҮСКЕЛІ ЖИІ АУЫРЫП, ТӨСЕК ТАРТЫП ЖАТЫП ҚАЛА БЕРЕТІН АНАСЫ ҚЫДЫРМАҚ ТҮГІЛІ ДАСТАРҚАНДА ЖАДЫРАП ОТЫРСА СОЛ ДА ҚУАНЫШ.
Студенттік өмірдің қызықты күндерін артқа тастап, Жайна қызыл дипломға үміткер болды. Соңғы мемлекеттік емтихандарын тапсырып жүрген күндердің бірінде ұзақ ауырған анасы қайтыс болды. Бұл кезде әкесі жиі науқастанып қалатынды шығарды. Жайна 5-сынып оқып жүргенде үйленген ағасы келіншегімен жараспай, ақыры ажырасып тынды. Жеңгесі үш жасар қызын өзімен ала кетті. Өмірдің сынағын көтере алмаған ағасы ішкілікке салынды. Оған «әй» дейтін әке-шешенің дәрмені жоқ еді бұл кезде. Жайна ауру әкесімен, туған- туыстарымен бірігіп, анасын ақтық сапарға шығарып салды. Жылап отырған сәтінде ағайындарының мұны аяп, сөз арасында: «Қайтсін, байғұс. Өз анасынан кем қараған жоқ қой», – деген сөзді естіп қалды. Ойланып жатуға мұршасы болған жоқ. Кейін келе бұл ойына жиі орала беретін болды. Әкесінен сыр тартып көріп еді, ештеңе айта қоймады. Ондай әңгімеден қашатын сияқты ма, басқа арнаға бұрып әкетеді. Ағаның түрі анау. Екі күннің бірінде есінен тана ішіп келеді. Бір жақсысы, бұлардың мазасын алмай, бір бұрышқа құлап жата салады. Тек үстінен мүңкіген иістің үйді алып кететіні болмаса.
Жұмыс жасап жүріп, өзін түсінетін, сыпайы, қарапайым жігітпен көңіл жарастырды. Екеуі қол ұстасып, екі жақтың ата-анасының рұқсатын алып, отбасын құрмақ болды. Бұрынғыдай емес, алған емінің арқасында біршама жақсарып қалған әкесі той төрінде отырды. Жайнаның қуанышы көкке бір елі жетпеді. Ағасы да ішімдікті қойып, екінші рет отау құрып үлгерген еді. Бұл жеңгесі алдыңғысындай емес, долы мінезді, шайпау екен. Екі күннің бірінде ұрыс шығарып отырғаны. Жайна көп ұзамай әкесін қолына алды. Бұған түсінігі мол енесі де, күйеуі де қарсы болған жоқ, керісінше қолдау көрсетті.
Уақыт неткен жылдам! Тұңғышы дүниеге келді. Жас шаңырақтың іші қуанышқа кенелді. Осындай бір шуақты күндердің бірінде әкесі Жайнаны жанына шақырып алып сыр ақтарды. Баяғы елден естіген сөзінің жаңсақ емес екенін, яғни Жайнаның туған ата-анасы еместігін жеткізді. Әкесінің қарындасы белгісіз біреуден жүкті болып қалып, оң босағада отырып Жайнаны босанған екен. Содан туысқандар ақылдаса келе Жайнаны бір ғана ұлы бар осы отбасының алуын мақұлдапты. Бұған Жайнаның әке-шешесі де қуана келіскен көрінеді. Жалғыз ұлдан кейін сәби сүймеген ерлі-зайыпты жастары елуге жақындағанда қайтадан балалы болғандай күй кешіп, қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіреді. Соның арқасында болар Жайна да ата-ана қамқорлығынан еш кемдік көрген жоқ. Менің ата-анам басқа кісілер-ау деген ой өңі түгілі түсіне де кірмеген. Әкесінің сөзін мұқият тыңдап отырып, көз жасына ерік берді. «Жоқ, әке, менің сіздерден басқа ешқандай әке-шешем жоқ, болмайды да» деп құшақтай алды. Әкесі мен қызы бірін-бірі құшақтап ұзақ жылады.
Бірнеше күннен кейін бауыры мен бүйрегі қатар істен шыққан әкесі қайтыс болды. Өзі естіген жаңалықтың үстіне қайғы қосылған Жайна дүние төңкеріліп кеткендей, есін әрең жиды. Жимасқа да болмайтын еді. Екіншісіне аяғы ауыр болатын. Күйеуінің демеуімен әкесін ақ жуып, арулап жерледі. Бұл кезде қайта ішкілікке салынып, оған жеңгесі де қосылған ағадан қайран болған жоқ. Тәлтіректеп әрең жетті. Әкесінің жетісін өткізе салысымен ағасынан да қаралы хабар жетті. Үсті-үстіне төпеу деген осы болар. Әкесі мен ағасының қырқын қатар өткізіп, ауылдағы ағасы тұрған үйді әупірімдеп өз атына аударды. Әупірімдеп дейтіні үйге жеңгесі таласты. Келгелі аузынан ұрыс кетпеген, ащы су кеппеген жеңгесымақ үйге келгенде нағыз жанашыр, қамқор бола қалыпты. Жеңгесінің төркінімен сөйлесіп жүріп, мәселені біржақты қылды. Бүгінде қызынан кейін дүние есігін ашқан ұлын құшағына мейірлене басып, тіршіліктің тамырын тереңге жіберіп, жапырағын жайқалтып, ұл-қызына сая болуға бар күш-жігерін жұмсауда. Өмір – күрес. Бүгінгі қиындық – жарқын болашақтың жолындағы уақытша көлеңке. Тек сынып кетпеу керек.
Лаура Бақтыбай