Жұбы жарасқан жандар
qarmaqshy-tany.kz Бақыт туралы сұрағанымызда әркім әрқалай айтады. Біреу – денсаулық болса бақыт сол десе, біреу – айналаңда той-думан, қуаныш болып жатса нағыз бақыт сол дейді. Әр адам өзіне керегін іздейтіндей.
Бірде әжім басқан бетін білеуленіп тарамыс тартқан қолымен бетін сипап отырған әжесінен немересі: «Әже сіз сондай қартайып кеткенсіз. Бетіңіздегі терең қатпарлы әжімдерге қараңызшы. Қанша майласаңыз да жазылмайтын шығар» депті. Сонда қария: «Айналайын, ақ ботам, бұл әжім әжеңнің бір ғұмыры. Мен осылай туыла салды деймісің? Мен де сендей бала болғанмын. Сұлу бойжеткен болғанмын. Талай жігіттің жүрегіне от тастаған сымбатым да болған» десе, әжесінің сөзін зер салып тыңдап отырған немересі: «Сонда сіз де бала болғансыз ба?» деп таңырқай қараған ғой. Сол секілді жас ұрпақ ойлағандай, ата-әжелеріміз кәрі боп туыла салған жоқ. Олардың да балалық, жастық шағы болды. Жігіттік-бойжеткен кездері болды. Ал енді біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз ұрпақ өрбітіп, бақыт кілтін отбасынан тапқан жандар. Жұбы жарасқан ерлі-зайыптылардың жастармен бөлісер қандай сыры бар екен?
«Адалдығы ұнады»
Жұбы жарасқан жандар «Адамгершілік қасиеттің басында адалдық тұрады» деуші еді аталарымыз. Адалынан ас жеп, еңбек етуді санаға құйып өткен абыздарымыздың ұрпақ үшін айтқан өсиеттерін ойлап отырсақ, неткен даналық деп толғанасыз. Жақсы қасиет тәрбиемен де, қанмен де беріледі екен ғой қарап отырсақ. Жарының бойындағы адалдық қасиетін бағалаған әкелеріміздің бұл ісі бекерден-бекер емес екен. Өйткені адалдық – пендесін жамандық атаулыдан қорғап, жақсылыққа қарай жетелейді екен-ау. Бақ та, бап та – адалдық тұрған жерге тұрақтап, сәулесін шашады екен-ау!
Сөзіміздің дәлелі – Жалғасбаевтар отбасы. Жақсылық атамыз 1934 жылы туған. 1953 жылы Қызылорда мелиоративтік су шаруашылығы техникумын бітіреді. Одан кейін туған ауылы Ақжарға келіп, еңбек жолын бастайды. Сол кезде «Ақжар МТС» деген мекеме болған. Ауыл тұрғындарының денсаулығына қарау үшін Люба Ким деген кәріс қызы қызметке келеді.
– 1953 жылы Любамен таныстым. Көп ұзамай әскерге кеттім. 1958-дің күзінде борышымды өтеп қайтқаннан кейін екеуміз үйлендік. Оның бойындағы қарапайым да адал мінезі маған қатты ұнап қалды. Өмірде ең керек қасиет те осы адалдық қой. Ақ некемізден 4 ұл, 4 қыз өмірге келді. Қазір олардың өздері немере сүйіп отырған ата мен әже. Апаңмен бірге жүріп ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырдық. Балалардың оқу-біліміне ден қойдық. Оқыған адамның қоғамнан алар орны қанша дегенмен бөлек болады. Шүкір перзенттеріміз үмітімізді ақтап, қызметтерін жасауда. Тоқсанға келген жасымыз бар. Саналы ғұмырымда отбасының берекесін арттырып, еңбек етуді ғана насихаттадым. Жол бастадым, көрсеттім. Отанасымен әй-шай деспедік. Ол да сондай сабырлы, мейірімді жан. Сыйластықта 65 жыл бақытты өмір кешіп келеміз. «Баласы жақсы адамдар ешқашан қартаймайды» деуші ме еді. Балаларыма да әкелік ризалығымды айтқым келеді, – дейді атамыз өмірден көрген-түйгенін жеткізіп.
Қазақ бала санын айтпайды негізі. Бірақ, жақсы болса ұрпағымен марқаяды, қанатын кеңге жаяды. Өркені өседі. Жалғасбаевтар жанұясының ұл-қызынан тараған 26 немере мен 36 шөбере атасы мен әжесінің көз қуанышы бүгінде. Солардың тілеуін тілеп, амандығын Алладан сұрап отырады қос қария. Үйлесімді өмір, мейірім мен махаббат жарасымын тапқан деген осы болар. Атамыз бен әжеміздің кешегі әлпештеп өсірген балалары бүгінде оларды алақандарына салып, әлпештеп отыр.
60 жыл бірге
Бір қарағанда 60 жыл бір адамның өмірі іспетті. Иә, Сәметовтер отбасының алып бәйтерегі, асқар тауы Тұрабай көкеміз бен осы әулеттің отанасы Тыныштық Аманбалаеваның түтін түтеткендеріне де асқаралы алпыс жыл болады екен. 4 ұл, 4 қызды дүниеге әкелген салиқалы отбасында әке мен ананың орны қашан да биік. 1964 жылы шаңырақ көтерген ерлі-зайыптылар жанұя жарасымын айналасына паш етіп келеді. Бүгінде отағасы 88 жасқа таяса, отанасы сексеннің сеңгірінен асқан.
– Қазақтың салтымен жанұя құрдық. Ұнатпаса адам үйленбейді ғой. Көкелерің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген азамат. Бригадир, механик, техникалық көлік жөндеу орталығының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Мен ауылда поштада газет тасымалдаушы болдым. Ерім сырттың жұмысымен жүретіндіктен көбінесе бала тәрбиесімен өзім айналыстым. Балалардың сегізі де мектепте жақсы оқыды. Тұрекең зейнетке шыққасын Ақжар ауылдық ардагерлер кеңесінде ұзақ жылдар төрағалық етті. Елдің ішіндегі түйіткілді мәселелердің шешімін табуына атсалысты. Сексенге келгенше осы жұмысты абыроймен істей білді, – дейді Тыныштық анамыз еріне деген сыйластығын білдіріп.
Көпбалалы отбасының балалары да сайдың тасындай өз істеріне мығым. Өмірден орындарын тапқан. Оның ішінде ата-анаға деген құрмет- қошеметінде шек жоқ. 20 немере мен 24 шөбере өсіп-өнген бақытты шаңырақта бірлік пен береке басты ұстанымы.
– Әкеміз талапшыл, қатал адам. Жалпы ер адамға қатал мінез де керек. Біз сол әкеміздің бер- ген тәрбиесінің арқасында дұрыс жолмен жүріп, адалдықпен өстік. Жастайымыздан еңбекке, бір-бірімізге қамқор болуға баулыды. Өзі уақытында техникум бітірген адам. Мамандығы – механик. Өте білімді. Ауылда елдің бәрі құрметтеп, төрден орын береді. Ұл-қыздарының да білімді болуларына септігін тигізді. Ата-анамыздың ұрысқан, балағаттаған кезін көрген емеспіз. Жалпы нағашымызда осал емес. Елге белгілі өсіп-өнген Мұнарбаевтар отбасы, – дейді Асқар Тұрабайұлы әкешешеге деген құрметпен.
Пысықтығына қызыққан
Ана бір ән бар еді ғой. «Басталады махаббат мектептегі партадан» деп келетін. Бұл кісілердің де бір-біріне деген балалық махаббаты бастауыш сыныпта оқып жүргенде басталғанға ұқсайды. Ағамыздың көзіне сыныптастары ішінен тұлымшағы желбіреген дөңгелек жүзді, кіп-кішкентай, томпақ қыздың пысықтығы түскен. Сабақты озат оқитын ақ бантикті қыз баланың зеректігі де назарынан тыс қалмапты. Бұл – Сақтапберген ағамыз бен Бақыткүл жеңгеміздің ең бір керемет, ең бір ұмытылмастай сақталып қалған бала шақтағы ғажап естелігі.
– Майлыөзекте Бақыткүлмен бір сыныпта оқыдық. Мінезі – жайдары. Артық сөзі жоқ. Сабағын жақсы оқитын. Математиканы шемішкіше шағады. Басқа қыздарға қарағанда бойы кішкентай келген. Соған қарамастан пысық. Бермесіңді тартып алатындай-ақ. Пысық мінезіне қызықтым. Мен кейіннен оқуымды басқа мектепте жалғастырдым. Отбасындағы жалғыз бала болған соң әскерге бармадым. Орта мектепті бітірген соң көлік жүргізуші болып еңбек еттім. Мектепте еңбектен сабақ бердім. Дипломым болмады. Қолымнан ұсталық келетін болған соң, жұмысқа қабылдаған. 1986 жылы сөз салдым. Ол мұғалім болып істейтін. Математикадан сабақ беретін. Қарсы болмай, ұсынысымды қабыл алды. Ортақ келісіммен шаңырақ көтердік. Қолдан ұзатып берді. Құда түстік. Биыл отбасын құрғанымызға 37 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында бірліктің, татулықтың арқасында көптеген сыннан сүрінбей өттік. Қиындықты да бірге еңсердік, – дейді Т.Көмекбаев ауылының тұрғыны Сақтапберген Төлегенұлы.
«Жақсы әйел ерінің басын төрге сүйрейді» дегендей, Бақыткүл Қаһарманқызы жарының педагог болуына тікелей ықпал еткен. Жұбайы да әйелінің сеніміне қарсы келмей, жоғары оқу орнынан тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып шығады. Осылайша, 25 жыл жас ұрпаққа тәрбие мен білім беріп, зейнеткерлік демалысқа шыққан ағамыздың жан-жарына деген құрметі ерекше. Ардагерлердің қол жеткен табыстары аз емес. 39 жылдық мұғалімдік еңбек өтілінде апай республикалық, облыстық дәрежедегі марапаттарға ие болса, ағамыз ауыл тарихын айшықтайтын мұражай ұйымдастырса, шығармашылық бағытта «Ауылдың иісі», «Қызылқұмның жерұйығы», «Ғұмырымның алтын белесі» және «Құтты болсын» атты кітаптары оқырманнан жоғары бағасын алған. Отбасындағы 5 баланың барлығы білікті мамандар. Ел дамуына дәрігер, педагог, археолог, геолог ретінде үлестерін қосуда. «Біздің отбасының ұстанатын басты қағидасы – еңбекқорлық, қарапайымдылық, шыншылдық. Ағайын-досқа адалдық пен қамқорлық» дейді ерлі-зайыптылар.
«Жақсы әйел ерінің басын төрге сүйрейді» дегендей, Бақыткүл Қаһарманқызы жарының педагог болуына тікелей ықпал еткен. Жұбайы да әйелінің сеніміне қарсы келмей, жоғары оқу орнынан тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып шығады. Осылайша, 25 жыл жас ұрпаққа тәрбие мен білім беріп, зейнеткерлік демалысқа шыққан ағамыздың жан-жарына деген құрметі ерекше. Ардагерлердің қол жеткен табыстары аз емес. 39 жылдық мұғалімдік еңбек өтілінде апай республикалық, облыстық дәрежедегі марапаттарға ие болса, ағамыз ауыл тарихын айшықтайтын мұражай ұйымдастырса, шығармашылық бағытта «Ауылдың иісі», «Қызылқұмның жерұйығы», «Ғұмырымның алтын белесі» және «Құтты болсын» атты кітаптары оқырманнан жоғары бағасын алған. Отбасындағы 5 баланың барлығы білікті мамандар. Ел дамуына дәрігер, педагог, археолог, геолог ретінде үлестерін қосуда. «Біздің отбасының ұстанатын басты қағидасы – еңбекқорлық, қарапайымдылық, шыншылдық. Ағайын-досқа адалдық пен қамқорлық» дейді ерлі-зайыптылар.
Жар таңдауда жаңылмады
Айта беретін мамандық таңдау мен жар таңдау мәселесі адам бар жерде ешқашан күн тәртібінен түспейді-ау. Өміріміздің басты тетігі саналатын осы екі таңдау да маңызды саналады. Сондай жар таңдау мен мамандық таңдаудан қателеспеген жанның бірі – Бахытбек Пірмаханов.
Ол 1960 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Болашақ жары Күлпаршын Төлепбайқызына бір көргеннен сезімі оянады. Бірақ отбасылық өмірдің жай нәрсе емес екенін білген екеуі асығыс қадам жасамай, сабырлық танытады. Күлпаршын әпкеміз де сымбатына сәні келіскен қыз. Дегенмен, Алла бұйрығы болар, арада біршама уақыт өткен соң екі жас отау құрып, керегесін кеңге жаяды.
– Жолдасыммен 1980 жылы таныстым. Онда 19 жаста екенмін. Жол бойында жұмыс істейтінмін. Ол да жол бойында еңбек етті. Сол кезден бастап достасып, киноға бірге барып жүрдік. Ол уақытта жігіттер қыздарды киноға шақыратын еді. Арадағы достығымыз екі жылға жалғасты. Ағаң 1982 жылы әскер қатарына шақырылса, мен Өскеменге оқуға түсіп, жан-жаққа кеттік. Содан 1985 жылы оқуымды бітіріп аудандық электр торабына жұмысқа тұрдым. Ол да әскерден борышын өтеп келіп, қайтадан темір жол стансасында кезекші болып орналасты. Қайтадан достығымыз жарасып, аяғы махаббатқа ұласты. 1987 жылы отбасын құрдық. Құдайға шүкір қазір 4 бала тәрбиелеп, барлығы жоғары білімді маман. Үлкен қызым Гүлмира тұрмыс құрып, Астана қаласында Қорғаныс министрлігінің ансамблінде жұмыс істеуде. Екінші балам Динара Алматыда Абылайхан атындағы халықаралық университетін бітіріп, одан әрі Варшава қаласынан магистрлік бітірді. Бүгінде Астанада «Казмедиа» корпорациясында диктор-журналист мамандығымен еңбек етуде. Мөлдіріміз Алматыда Азаматтық авиация академиясын бітіріп, Кореяның Сеул қаласында оқуын жалғастыруда. Кенжеміз Сымбат Санкт-Петербург университетін бітіріп, осы университеттің магистрлігін жалғастыруда. Үлкен қызымыздан 2 немере сүйіп отырмыз, – дейді отанасы.
Ал отағасы болса, жарының мейірімділігі мен әркез ашық та адал мінезін жақсы көретінін тиек етеді.
– Отасқанымызға биыл 35 жыл. Осы жылдар арасында бір-бірімізге түсіністікпен қарап, балаларымызға жақсы тәрбие бере білдік. Оларға үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуде біреудің ала жібін аттамауды, жаман іске ешқашан бармауды санасына сіңіріп өсірдік. Темір жол саласында еңбек еткеніме 40 жылдан асыпты. Мен түздің жұмысын атқарсам, жарым отбасының ұйытқысын келтіріп, берекемізді кіргізіп отырады, – дейді жарын жазбай таныған Бахытбек ағамыз.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК