» » «Адалдығы ұнады»

«Адалдығы ұнады»

qarmaqshy-tany.kz Бақыт туралы сұрағанымызда әркім әрқалай айтады. Біреу – денсаулық болса бақыт сол десе, біреу – айналаңда той-думан, қуаныш болып жатса нағыз бақыт сол дейді. Әр адам өзіне керегін іздейтіндей.

Жұбы жарасқан жандар «Адамгершілік қасиеттің басында адалдық тұрады» деуші еді аталарымыз. Адалынан ас жеп, еңбек етуді санаға құйып өткен абыздарымыздың ұрпақ үшін айтқан өсиеттерін ойлап отырсақ, неткен даналық деп толғанасыз. Жақсы қасиет тәрбиемен де, қанмен де беріледі екен ғой қарап отырсақ. Жарының бойындағы адалдық қасиетін бағалаған әкелеріміздің бұл ісі бекерден-бекер емес екен. Өйткені адалдық – пендесін жамандық атаулыдан қорғап, жақсылыққа қарай жетелейді екен-ау. Бақ та, бап та – адалдық тұрған жерге тұрақтап, сәулесін шашады екен-ау!
Сөзіміздің дәлелі – Жалғасбаевтар отбасы. Жақсылық атамыз 1934 жылы туған. 1953 жылы Қызылорда мелиоративтік су шаруашылығы техникумын бітіреді. Одан кейін туған ауылы Ақжарға келіп, еңбек жолын бастайды. Сол кезде «Ақжар МТС» деген мекеме болған. Ауыл тұрғындарының денсаулығына қарау үшін Люба Ким деген кәріс қызы қызметке келеді.
– 1953 жылы Любамен таныстым. Көп ұзамай әскерге кеттім. 1958-дің күзінде борышымды өтеп қайтқаннан кейін екеуміз үйлендік. Оның бойындағы қарапайым да адал мінезі маған қатты ұнап қалды. Өмірде ең керек қасиет те осы адалдық қой. Ақ некемізден 4 ұл, 4 қыз өмірге келді. Қазір олардың өздері немере сүйіп отырған ата мен әже. Апаңмен бірге жүріп ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырдық. Балалардың оқу-біліміне ден қойдық. Оқыған адамның қоғамнан алар орны қанша дегенмен бөлек болады. Шүкір перзенттеріміз үмітімізді ақтап, қызметтерін жасауда. Тоқсанға келген жасымыз бар. Саналы ғұмырымда отбасының берекесін арттырып, еңбек етуді ғана насихаттадым. Жол бастадым, көрсеттім. Отанасымен әй-шай деспедік. Ол да сондай сабырлы, мейірімді жан. Сыйластықта 65 жыл бақытты өмір кешіп келеміз. «Баласы жақсы адамдар ешқашан қартаймайды» деуші ме еді. Балаларыма да әкелік ризалығымды айтқым келеді, – дейді атамыз өмірден көрген-түйгенін жеткізіп.
Қазақ бала санын айтпайды негізі. Бірақ, жақсы болса ұрпағымен марқаяды, қанатын кеңге жаяды. Өркені өседі. Жалғасбаевтар жанұясының ұл-қызынан тараған 26 немере мен 36 шөбере атасы мен әжесінің көз қуанышы бүгінде. Солардың тілеуін тілеп, амандығын Алладан сұрап отырады қос қария. Үйлесімді өмір, мейірім мен махаббат жарасымын тапқан деген осы болар. Атамыз бен әжеміздің кешегі әлпештеп өсірген балалары бүгінде оларды алақандарына салып, әлпештеп отыр.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК

04 ақпан 2023 ж. 421 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 356

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 437

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930