Өнеге мен өнер
– Әпке, мына көйлегіңіз қандай әдемі шықты. Қараңызшы. Түсі – алқызыл. Алдындағы жасыл жапырақты матадан тігілген көйлегіңізден де асып түскен жоқ па? Түймесі де жылтырап, сиса матамен үйлесе кетті. Енді ауылдың қыздары қызыға қарайтын болды. Оларға да тігіп бересіз ғой, иә, – деп тұлымшағы желбіреген Зәуре әпкесінің мойнына асыла кетіп еркеледі. – Саған берген уәдемді орындадым. Сен менің көмекшім емессің бе? Бұл сенің еңбегіңе берілген сый деп түсін. Сен менен де асқан шебер боласың келешекте. Қолөнершілік, ісмерлік пен шеберлік біздің ата-бабамыздан қанмен келе жатқан қасиет. Осыны жадыңда сақта, жаным, – деп әпкесі де сіңлісінің қуанғанына қарап көңілі марқая жөнелді.
Бауырының ақ пейілді сөзін Жаратқан ие қабыл еткендей, Зәуре бой жете келе түрлі бұйым тігіп, ісмерліктің сан қырын игере бастады. Апасының бала кезіндегі сол бір айтқан лебізі оның ой-санасына өшпестей етіп жазылып қалғандай еді.
Қолынан іс келгенімен оны оқу-біліммен бекітпесеңіз, өмірде толыққанды шебер бола алмайсыз. Қай дүние де оқу-тоқумен жетіледі. Мұны жақсы түсінген бойжеткен мектеп бітірісімен, мамандық алуды алдына мақсат етіп қойды.
Мақаламызға арқау етіп отырған Тұрмағамбет ауылындағы No29 орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Зәуре Бекова Қуаңдария ауылының тумасы. Ауылдың қарапайым қызы 1985 жылы Қарағанды облысына қарасты Сарань қаласына бет бұрады. Сондағы Абай атындағы педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, «Қызмет көрсету, еңбек пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алады. Арнаулы біліммен тоқтап қалмай, білімін тағы да жетілдіру үшін 2014 жылы «Болашақ» университетінің «Кәсіптік оқыту» мамандығына оқып, жоғары білімді маман атанады. Сөйтіп еңбектегі ізденісін һәм көкжиегін одан сайын кеңейте түседі. Бірінші санатты ұстаз 1985 жылдан бері білім саласында аянбай жұмыс істеп, өнерлі шәкірттерін сан салалы технология пәнінің сырына баулып, тер төгіп келеді.
Әрбір адам үшін мамандық таңдау маңызды саналса, Зәуре Байтұрғанқызы үшін де солай болғаны анық. Бұл ретте оның өз айтар ойы бар.
– Осы мамандықты таңдауыма себепші болған алдымен өзімнің әкем. Табиғатында қыз баласы негізі әкесіне жақын келеді ғой. Әкем шебер кісі болатын. Тұрмысқа керекті заттарды, әсіресе ау тоқып, ат әбзелдерін жасап, ер соғатын. Тігіншілік те келетін қолынан. Оның тіккен мәсісін кешеге дейін тұтынып келген адамдар бар. Сондай ісмер еді. Өзіммен үзеңгілес әпкем де әкеміздің бойынан табылған қолөнерден құралақан емес-ті. Кәсіби тігінші болып ауылда жұмыс істеді. 5-6 сыныптан бастап сол кісінің тігін машинесінің жанынан шықпай, айналшықтап жүретінмін. Сол уақыттарда әпкем тіккен көйлектерінің түймесін қадатып, тесігін торлатып қоятын маған. Өзіме де көйлектер тігіп беретін. Бала күнімізде дайын көйлек сатып алмайтын едік, ауылда көбінесе қолдан тігілген киім киетінбіз. Не нәрсені де қолдан жасап алып, пайдаланатынбыз. Менің де мектепті бітіргесін осы мамандықты таңдауыма бірден-бір себепкер болған осы кісілер, – дейді Зәуре Бекова сөзін әріден бастап.
Мектеп, сабақ, оқушылар. Күнделікті жұмыс процесіндегі жүріп отыратын құндылықтар. Мектебіңнің атын жақсы жағынан шығарып, сабағыңа жауапкершілікпен қарау – ұстаздың басты ұстанымы. Шәкірт жүрегіне жол таба білу де кәсіби маманның алдына қойған негізгі мақсатының бірі. Үздіксіз еңбек пен ізденістің арқасында ұстаз-қолөнершінің осы кезге дейін жеткен жетістігі аз емес. Мысалы, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Технология пәні мұғалімдерінің кәсіби құзіретін дамыту» тақырыбындағы панорамалық сабақтар байқауында ІІІ орынмен марапатталса, білікті еңбегі үшін республикалық «Эврика» білім беру орталығының алғыс хатына ие болған. Сонымен қатар, республикалық «Жас өркен» порталының ұйымдастырумен өткен байқауда да жұмысы жоғары бағаланып, алғыс хатпен мадақталады. Одан бөлек, халықаралық көркем еңбек пәнінен ұстаздар арасында өткен олимпиадада І дәрежелі дипломға ие болса, республикалық ғылыми әдістемелік «Ұстаз тілегі» сайтында «Қазақтың ұлттық киімі. Этностиль» тақырыбында оқу әдістемелік материалы жарияланып, әдістеме ретінде ұсынылады. Ал ұстаздың өзі тәрбиелеген оқушыларының жетістігін айтар болсақ, «Алтын қазына» атты сәндік қолданбалы көрме байқауында оқушысы Динара Айбекқызы жүлделі ІІІ орынды қанжығасына байлаған. Республикалық «Эврика» білім беру орталығының «Алтын күз» көркемсурет байқауында шәкірті Жібек Қабылқызы І дәрежелі диплом иеленген. Тағы бір оқушысы Гүлсая Жанкелдинқызы мен Қарақат Разаққызы сертификат жеңіп алған. Ұлағатты ұстаз халқымыз үшін ұлттық құндылық саналатын ата-баба мұрасын жас жеткіншектерге насихаттауда да зор үлесін қосып жүр. Жас мамандарға, мектеп білімгерлеріне білгенін үйретіп, ұзақ жылғы жиған-түйген тәжірибесін тарқатудан шаршаған емес. Соның бір дәлелі – «Ата-баба мұрасын сақтаймыз және дамытамыз» тақырыбындағы аудандық шығармашылық байқауында оқушысы Жібек Қабылқызын қатыстырып, ІІІ орыннан көрінсе, 1-4 сынып оқушылары арасында «Табиғат сырлары» тақырыбында өткен аудандық байқауда да тәлім алушысы Айдана Ұланбек жүлдегер атанды. 7-9 сынып оқушылары арасында «Отбасы – бақыт мекені» тақырыбындағы аудандық сурет байқауында 7 сынып оқушысы Арай Оңғарқызы алғыс хатпен марапатталса, «Қалдық заттарға екінші өмір сыйла» атты байқауда 7 сынып оқушысы Аруназ Айтжанова да жүлде салды. Мектепте жыл көлемінде пән апталығы, түрлі сайыс, шеберлік сыныбы, сурет байқауы, тағы басқа да жоспарлы жұмыстар мен іс-шаралар өткізіліп тұрады. Одан басқа аудандық, облыстық, республикалық көркемсурет және қолөнер байқауларына Зәуре Бекованың оқушылары белсенділікпен қатысып, бақтарын сынауда.
– Осы салада еңбек еткеніме 37 жыл болды. Ұзақ жылдар жас ұрпаққа білім берумен, оларды қолөнерге баулумен айналысып келемін. Барлық баланың қабылдауы бірдей емес. Басқа пәндер сияқты бұл пәннің де қиындығы бар. Өнер үйренуде балаға шыдамдылық, қызығушылық, қиял ұшқырлығы, төзім қажет. Әуелі қабілет, ынта, бейімі болуы керек. Ата-бабасынан өнер берілген балалар көр- сеткеніңді тез игеріп кетеді. Ондай шәкірттер қиындық туғызбайды. Ондай оқушылар бар, әрине. Мұғалімнің көңілі алдындағы шәкірті өзінің үйреткенін қайталап, жасап беріп жатса, оны әрі қарай жалғастырып әкетсе, мерейің өседі, қуанасың. Қазір оған мүмкіншілік көп. Ғаламтор арқылы сабағымызға керекті барлық мәліметті ала аламыз. Оқушылар да оны қолдана алады. Менің жолымды жалғастырып жатқан шәкірттерімді мақтаныш етемін. Олардың қатарында Динара Айбекқызы Астана қаласындағы «Тұран» университетінің «Дизайнер» мамандығы бойынша ІІІ курс студенті болса, Перизат Мүсілімова Алматы технологиялар университетінің «Кәсіптік білім» бөлімінің түлегі. Өзімнің қызым Гүлфайруз Ильясова да осы жоғары оқу орнын бітіріп, қазіргі таңда колледжде оқытушы болып қызмет етуде. Ұстаз еңбегі шәкіртінің жеткен жетістігі арқылы өлшенеді. Сондықтан да біз, көркем еңбек пәнінің мұғалімдері – еліміздің ертеңі талапты да талантты шәкірттер тәрбиелеуде, оларға білім-білігімізді үйретуде ешқашан жалықпаймыз. Халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан сан ғасырлық ұлттық өнерін насихаттаудан ешқашан ерінбейміз, – дейді ұлағатты ұстаз.
Зәуре Байтұрғанқызы жұбайы Ұнарбекпен бірге сүйріктей ұл-қыз өсірген берекелі жанұя иелері. Балаларының барлығы да мектепті озатқа бітіріп, грантпен оқуға түскен. Ақгүл – «Болашақ» университетін аяқтап, Қызылордада No212 орта мектепте биология пәнінің мұғалімі болса, Гүлфайруз – «Болашақ» университетінен кейін ғылым жолын таңдап, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен «Робототехника» бөлімі бойынша магистратураны тәмамдаған. Мағжан – Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде 4 курс студенті, запастағы офицер. Ал, Асылжан – Семейдегі Әлихан Бөкейханов атындағы университеттің «Стандарттау, сертификаттау» бөлімін аяқтап, бүгінде Алматы технологиялық университетінің магистранты.
Мінекей, өнеге дарыған отбасынан шыққан жас өрендер осылайша ата-анасының, мектебінің берген тәлім-тәрбиесін ақтап, сенімінен шығуда. Мұндайда қалайша оларға, жарайсыздар, деп айтпасқа!
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК