Жұрттың алаңына не себеп?
qarmaqshy-tany.kz Өткен аптада, ашығы мерекеден кейінгі демалыста, кешкі сағат жетілерде бір-біріне қатарлас екі көршімнің көшеден шыққан алаң дауысына «не болды екен?» дегендей, елеңдей сыртқа беттедім. «Тез келіңіздерші, үйде газ жоқ» дегеннен мәселесін түсіндім. Екі үйге ортақ қойылған көшедегі газ реттегіш жәшігінде ақау шығып, үйге газ келуі тоқтап қалыпты. «109 телефоны көтермей әрең алды. Қазір барады дегеніне көп болды. Күтіп отырмыз» деп базынасын айтып жатыр.
Ауданға көгілдір отын келгенде елмен бірге шаттанып қуанған едік. Бірақ оның да өз әуселесі бар екен. Әлгі жағдай араға үш күн салып өз үйімізде де орын алды. Кешкілік күн жарықта іргелес көршім телефонға қоңырау шалып, «Газ жоқ, сөніп қалыпты» деп шошынды. Жағдайды түсініп үйге жетісімен көшедегі әлгі жәшікте орнатылған редуктордың батырмасын басып, маманынан көргенімізді жасап амалдадық. Оған да көнер емес. Керісінше иіс шығып маңайды басты. Дереу газ келу жолын жауып, 109 нөміріне хабарластық. Шақыруды алған олар сақтық шарасын түсіндіріп, сәл күте тұруды өтінді. Көшеде үймелеген бізді газдың мамандары деді ме арғы көрші, тіпті келесі көшенің тұрғыны «Үйімізде газ жоқ, кішкентай балаларымыз ауырып жатыр, бұл не болды» десіп жатыр жан-жақтан. От жағудан босап, көгілдір отынның рақатын көреміз бе дегенде орын алып жатқан түсініксіз жайт оларға да оңай соқсын ба? Біз де жағдайды түсіндіріп, сабырға шақырғандай болдық. Көп ұзамай газ мамандары да жетті. Мұндай тосын жайға дайын болмаған біздер мәселенің мән жайын білмекке сұрағымызды жаудырып, көргенімізді түсіндіріп әлекпіз. Дереу жұмыстарына кіріскен олар орын алған мәселені түсіндіріп, сабырға шақырды. Білуімізше, бұл жағдай бір жарым апта бұрын басталыпты.
– Осы тұрғанда газдың өшіп қалуы кентте жиілеп тұр. Шақыртулар көп. Үлгер генімізше қызмет көрсетіп жатырмыз. Көп жағдайда көгілдір отынның келу жолы қатып қалуда. Оған құбылмалы ауа райының әсері тиіп жатыр. Мәселен кешегі уақыттарда күндіз күн жылынып кетті. Ондай да құбыр бойында газбен қосарлана су жүреді. Күн жылыда құбырда жүрген су кешкілік аязбен қатып қалып, жолын бітеп тастап жатыр. Газ реттегіш жәшіктің ішіндегі редукторға су жиналып мұз болып қатып қалуда. Қазір газ реттегіш бөлшекті шешіп алып ішін ыстық сумен тазартамыз. Оны кептіргішпен кептіреміз. Міне, осының бәрі жоқ дегенде жарты сағатқа жуық уақытты алуда, – дейді қызмет көрсетуші маман Дәурен.
Айтқандай-ақ, редукторда мұз қатыпты. Оны ыстық суға ерітіп, кептіргішпен толық мұздан тазартты. Барлық қоңырау шалғандарға осыны да ескертіп жатыр. Сыртқа шығып әлгі бөлшекті қайта салды. Газ жүретін жолда су қалып қойған жоқ па екен дегендей барынша ашып, ауасын шығарып тексеріп те алды. Қорқынышты әрине. Иісі қолқаны алады. Жұмыс сәтінде қоңырау шалушыларда дамыл жоқ. Бірімен сөйлесіп болса, артынша екеншісі, үшіншісі осылай. Телефонның арғы жағынан айқайлағандардың дауысы анық естіліп жатыр. «Қанша күтеміз, болсаңыздаршы. Үйіміз суып барады» дегендердің бірнешеуі хабарласып тастады. Осының бәріне сабырмен жауап берген мамандар келесі мекен-жайға жылжып жатыр. Бір байқағаным тұрғындардың шыдамы таусылған. Таусылмай ше? Осындайда кейбіреулердің білмей жатып тон пішуі өзге тұрғынның жүйкесіне әсер етуде. «Телефонды әдейі көтермейді немесе келгісі келсе ғана келеді» деген сияқты қаңқу сөздер көп айтылуда. Ал олардың жұмысын көзбен көргендерге мүлдем олай емес.
– Аптаның басында күн жылып кешке аяз болған күні екі жүзден аса үйден шақырту түсті. Түнгі сағат бірге дейін үздіксіз жұмыс істедік. Кей үйлерде жұмысына қарай орташа уақытпен жарты сағаттан аса бөгелеміз. Ал мұз қатып қалғандар болса бір жарым сағат уақыт жұмсаймыз. Себебі жер астындағы құбырдан бастап ұстасқан мұзды жібітеміз. Бойындағы су шыққанша құбырды ашып аламыз. Ал жұмысы жеңілдерді он-он бес минутта бітіреміз. Осындай кедергілер бізді көп ұстайды. Тұрғындардың келмейсіңдер деп ренжитіні сол. Жұмыста ауысым бойынша қызмет істейміз. Екі слесарь маман түнгі ауысымға қалып, азанғы жетіге дейін қызмет көрсетеді, – дейді олар.
Қызметін орындап, әр үйдің газын қосып беріп жүрген жігіттерге қарап бір ауық демалу, шаршау дегенді байқамадық. Күннің суық аязына шыдап, құбырдан шыққан газдың иісіне амалсыз демалып жұмыстарын мінсіз істеуде. Осылардың қасында бір жарым сағат бізде жүріп қалай тоңғанымызды байқамадық. Үстімізде жылы киім, аяқта қыстық етік болса да табаннан өткен сыз ертесіне қалпақтай ұшырды. Шамалы жүргенге әлден осындай күйге түстік, ал олар болса күндіз-түні суыққа қарамай қызметтерін тоқтаусыз орындауда.
Газдың бұл мәселесі қашанға дейін созылмақ деген сауалмен «Қызылорда газ тарату жүйесі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның Жосалы кенті бойынша газ шаруашылығының директоры Ержан Мұсаевтан бір-екі ауыз сұрадық.
– Бұл жағдай былтыр да орын алды. Ол кезде Қалқай ишан, Нақыпов, Сейітжан ақын көшелерінің құбырынан су шықты. Оның бәріне үлгердік. Биыл ол жақ тыныш. Газ қалыпты берілуде.
Бұл жаңадан ашылған газ желісі болғаннан кейін бас тапқыда мұндай мәселелер болып тұрады. Осыдан кейін апаттық жағдайлар азаяды. Қазір орын алып жатқан кедергілер күннің жылып, артынша суып кетуіне байланысты болып отыр. Күндіз жылы ауамен құбыр бойында су жүріп, түнде аязбен редукторларда қатып қалуда. Мұндай жағдай болмас үшін күн бірыңғай жылып немесе аяз болу керек. Осы жағдаймен 16 маманымыз тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Ал енді 109 байланыс желісіне келсек, кейбір «Билайн» желісі тіркелмегеннен кейін қоңырау бармауда. Ондай кезде «Актив», «Алтел» немесе «Теле2» байланыс желісімен қоңырау шалуды ескерткім келеді. Басшылыққа да байланыстағы кемшіліктерді айтып жатырмыз. Сол үшін Жосалы кенті тұрғындарын сабырға келулерін сұраймыз. Алдағы уа қытта газ мәселесінің күрмеуі шешілетін болады, – дейді ол.
Ерсін СӘДУҰЛЫ