» » Сақтыққа сақпыз ба?

Сақтыққа сақпыз ба?

Біз өзі кімді алдап жүрміз? Жалпы бұл сауалға жауап іздесек біраз мәселенің басын ашуға болады. Жарайды, көп созбақтамай айтарымызға көшейік. Негізі ер адамдар біледі. Себебі ұзақ жолда көлік тізгіндейтіндердің 80 проценті осы ер кісі.
Көргенімізді айтамыз ғой. Жақында маңызды шаруамен қалаға жолға шықтық. Таксиге немесе танысыңның көлігіне отырсақ алдыңғы орнына таласатын әдетіміз емес пе? Бұл жолы сол орын таласпай-ақ бұйырды. Көп күттірмей көлік іші жолаушыға толықты. Жүргізуші көлігін оталдырмастан бұрын жайғасқандарға қара көзілдірігінің үстімен «түгел отырдық па?» дегендей бір қарап шықты. Менде қарап отырмай белдігімді тағып, ыңғайланып жайғастым. Жүргізушінің сәл желікпесі бар-ау, көлігін оталдырысымен орнынан ытқыта қозғап, тас жолда жылдамдықты басты кеп. Ішінде отырғандардың бірі «жәй айдасаңшы тегі, ішкенімізді аузымыздан шығарасың ба?» деп базынасын айтып қалды. Жүргізуші де саспастан «қорықпаңыз апа, үйренгенбіз ғой» дегеннен әуенінің даусын маған кедергі жасамасын дегендей сәл ашыңқырап қойды. Оның бұл қылығы ешкімге ұнай қоймады. Беліне белдігін тақпаған күйі қатты жүріспен бірінің артына бірі тізбектелген үлкен жүк көлігінің арасынан зулай, қарама-қарсы келіп қалғандардан үлгеріп шығып, зәремізді зәр түбіне жеткізді. Іштей кәлимамызды айтып, Құдайдан аман жеткізгенді тілегеннен басқа үн жоқ. Орта жолға келгенде анадайдан қаумалаған көлікті қарасы жүргізушіге тежегішті еріксіз тежетті. Кәдімгі кинодағыдай үлкен жол апаты орын алған. Жан-жағында МАИ қызметкерлері жұмыс жасап, жолдан көліктерді өткізіп тұр. Әлгі көрініс жүргізушіге қатты әсер етті ме, бағанағы қалпынан әп-сәтте сабасына түсірді. Дереу белдігін тағып, зарлаған әуенінің үнін басты. Әрі қарай көлігінің жылдамдығын азайтып қалаға аман-есен барлығымызды жеткізді. Ой тоба деймін де, бізге сақтықтың тек бір жағдай әсер етпейінше керек болмағаны ма? Сонда өміріміз кімге керек?
Тағы да үйреншікті тірлік. Жолда жол қауіпсіздік қызметкерлерінің көлігін көре қалсақ тежегішті басып, қолымызды белдікке жүгіртіп, мойнымыздан іле-шала асырып жанығып жататынымыз тағы бар. Осыдан кейін «біз кімді алдап жүрміз?» деген сұрақ көкейде сайрайды. Алматыда жүргенімде ары-бері жүру үшін такси қызметіне жүгінгенім бар еді. Көлік жүргізуші қазақ жігіт екен. Әдетім бойынша бірден белдікке қол салып, сақтығым үшін тағып алдым. Әлгі жігіт мақтанғысы келді ме: «Ой тақпай-ақ қойыңыз, мен өзім де тақпаймын. Полиция ұстамайды, шүкір таныстарым бар» деп керіле сөйледі. Мен де қаламынба, таяз ойына сабақ болар деген оймен «Жөн екен, бірақ абайсызда бір жағдай болып қалса таныстарыңыз өміріңізге жауап бермейді ғой. Сақтық әр адамның өзіне керек дедім» түсіндіргендей. Осыдан кейін араға бір күн салып тағы таксиге отырдым. Бұл жолы жүргізуші орыс кісі. Көлік жүргізгені жайлы, иығына белдігін таққан. Содан жол қысқарсын деп әңгімеге тарттым. «Аға, қауіпсіздік белдігі не үшін» дедім төтесінен. Ол да ойымды түсінгендей күлді де: «Адам өмірінің қауіпсіздігі үшін. Қалада жүру қиын, көліктің қарасы көп. Кептеліске тұрып қаламыз» деді қысқа қайырып. Иә, осыдан кейін өмірін жоғары бағалаған, өз қауіпсіздігін ойлаған мына кісінің сөзіне ішің жылымай көрсін. Қоғамдық жерлерде жол қауіпсіздігін сақтамай жол апатынан опық жеп, айыппұл арқалап жүргендер жоқ емес бар. Алысқа бармай-ақ аудандағы жағдайды жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлерінен сұрап білдік.
–  Қазір елді мекендерде, қоғамдық орындар мен көшеде жүргізушілердің жол қауіпсіздік ережелері бойынша белдікті тағуы 30 процент орындалмауда. Себеп үлкен кісілердің бір жерден екінші жерге барарда белдікті тағуды ұмыт қалдыруы. Мұндай жағдайда жасы 60-тан асқан кісі болса бір рет ескерту беріледі. Ал басқаларына ескертусіз 5 АЕК айыппұл салынады. Қазіргі таңда жол апатына тікелей септігін тигізетін жол қозғалысы ережесін өрескел бұзушыларды анықтауда жұмыстар атқарылып жатыр, – дейді АПб-ң жергілікті полиция бөлімшесінің потрульдік полиция тобының қызмет инспекторы, полиция лейтенанты Абылай Мұрсалов.
Иә, өмір – сіздікі. Оны бағалай білу өз қолыңызда. Ал сақтыққа селқос қарамай сақ болу қауіпсіздігімізді талап етпек. Біздікі тек ой салу құрметті оқырман...
Ерсін СӘДУҰЛЫ       
13 шілде 2022 ж. 571 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 377

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 457

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930