» » «Ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме?!»

«Ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме?!»

qarmaqshy-tany.kz Осы тақырыпта «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінде ардагер аналар, үкіметтік емес ұйым мүшелері, басқа да сала қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтті. Қоғамда қай уақытта да кеңінен талқыланатын тақырыптың бала тәрбиесіне бағытталатынын жақсы білеміз. Бұл іс-шара да тәрбиеге арналып, ене мен келін арасындағы, ата-әже мен немере арасындағы қарым-қатынастар ауқымды деңгейде талқыланды.

«Бірде жолда келе жатып, қызының анасына дөрекі сөйлегенінің куәсі болдым. Ол арада бірдеңе айта қою мүмкін емес болатын. Анасы менен ұялып, қызарақтап қалды. Оған қарап жатқан қызы жоқ, қайта өршеленіп бажалақтай түсті. Артынан әлгі апамыз «Кемпір мен шалдың бауырында өскен еді. Еркелігі әлі қалмайды. Туғаным болмаса, сол үлкен кісілер бағып-қақты. Айтқанын істетіп үйренген әбден» деп маған ақталғандай болып көрінді. Осы оқиғадан соң бұл да бір үлкен мәселе екен-ау деген ой келді. Сөйтіп осы іс-шараны ұйымдастыруыма осы жағдай түрткі болды» деп бастады қазақы дәстүрмен жайылған дастарқан басында Бақыткүл Сейіткәрімқызы.
Әрі қарай отырыс аналар мен қыз-келіншектердің қызу ой-пікір айту мен ұсынысына ұласты.
«Тұрмыс құрғанымда жасым жиырмада болды. Жолдасым отыздағы азамат болатын. Өскен-өнген ортаға келін болып түстім. Жар таңдауда жолым болған жанмын. Әжесінің бауырында өскен баланың бірімін. Турасын айтқанда, өзімнің отбасымда он бес жылдың көлемінде ғана үйде болыппын. Қалған кезім сыртта, оқумен, жұмыс істеумен өтіпті. Бірінші баламыз өмірге келгенде апам (енем): «Мынау атасы мен әжесінің баласы. Бірақ аты-жөнін өздеріңе жазыңдар. Біздің кезімізде тұңғыш немерені кемпір-шалдың баласы деп жас келін мен ұлға ұстатпайтын. Жоқ, мен олай етпеймін. Әкең анау, шешең мынау деп айтқызамын. Десе де, сүюін біз сүйеміз. Сырттан «Кімнің баласысың?» деп сұрағандарға атасы мен әжесінің баласы деп руымыздың атын шығарады. Сендерді аға немесе жеңеше деп ататқызбаймыз. Ертең көзіміз кетіп жатса, жанымызға ауырлық болмасын. Өзіміз бар кезімізде «ата, әже» деп қуантсын, алайда баланы екіжақты қылып өсірмейміз. Атасы мен әжесінің баласы болғанымен, иесі өздеріңсіңдер» деп әу баста әңгіменің басын ашықтап айтты» деп сөз бастады аудандық емхананың психологі Әмина Тахирқызы.
– Естеріңізде болса, онда перзентханадан шыққан соң бір аптадан кейін барып баланың тууы туралы куәлігін алатын едік қой. Есімін де ата-әжеміз қойды. Осы сөздерді түсіндіріп айтып тұрса да, жастығым шығар, ұқпаппын. Әлде адам басына түскенде ғана түсінеді ме екен?! Мән бермедім. Кейін келе өзім де келінді болып, немере сүйгенімде барып оның шынайы мағынасын түсініп жатырмын. Отбасылық өмірде отыз жыл ата мен апама құрметпен қарап, келіндік қызметімді адалынан жасадым. Жұбайыма деген көзқарасымда солай қалыптасты. Атамыз бен әжеміз үнемі батасын беріп, ризашылық ететін. Апамның (енемнің) көп тәрбиесін көрдім. Мен сіздерге қызық бір жайтты айтайын. Фейсбуктің ең алғашқы жылдары ашылған уақытында қызықтап кірдік те, біраз адаммен танысып достасып кеттім. Шымкент, Қарағанды, Көкшетау, Павлодардан сондағы танысқан кісілермен әлі күнге етене араласып тұрамыз. Ватцап ашылғанда сол тобымызбен ватцаппен сөйлесетін болдық. Топтың атын «Ғұмырдария» деп қойғанбыз. Сондағымыз – әрқайсымыз ғұмыр жолында кездескендерміз. Достығымыздағылардың көбісі өнерлі адамдар. Әрбір саланың маманы болса да, бірі – ән салады, бірі – ақын, бірі – сөз шебері дегендей. Арамыздағы үлкеніміз – сексен екідегі апамыз. Әр күнге кесте қойып қойғанбыз. Жақында «Түнгі студия» бағдарламасы бойынша талқылау болды. Тақырыбы – ене мен келіннің қарым-қатынасы. Сонда алдын ала келісеміз. Арамыздағы біреуімізге сұрақтар беріледі. Соған жауап беруі тиіс. Сол күнгі сауалдарға жауап беру менің кезегіме түскен екен. Маған «Енеңнен қандай өнеге алдыңыз?» деген сұрақ қойылды. Жаңағыдай айтқанымдай, енемнен көп тәрбие алдым. Жақсылығын көп көрдім, әлі де көріп келемін. Бұл тәжірибеде көрінетін дүние. Оның әрбір өнегесі күнделікті алдымнан шығып тұрады десем болады. Мысалға, дастарқандағы отбасыма «ұнамай тұрған тамақты қалай аламын?» деп ойланып тұрағанымда мұндай ситуациядан апам оп-оңай шығарып жіберетін. Осындайда апамның сөздері есіме түседі. «Ай, мынаны ертең мен ше, бір көже жегім келіп отыр» деп әзілді-шынды қып байқатпай, табақты ауыстырып жібереді. «Не істегенсің, мынадай дәмсіз етіп тамақ істеуші ме еді?» деп айтуға болмайтынын апамнан үйрендім. Келіннің көңіліне қайтіп қарау керек, ренжітпей, келесі жолы мұқият болуды жылы да осындай мейірбан әсермен білдіретін екінші анашымның мен үшін орны әркез ерекше болған. Өзі өмірде болмаса да өнегесі біздерге қызмет етуде. Өмір – бумеранг деген. Қазір сол сөздерді енді келініме айтып отырамын. «Бала сендердікі, өздерің өсіріңдер, тәрбиелеңдер. Көмегімізді қолдан келгенше аямаймыз. Сыйлап жатқандарыңа рақмет. Балдарыңды сүйе беріңдер деп жатырмыз. Өйткені мен үлкен ұлымды сүйіп көрмегенмін. Одан кейінгі қызымды да. Кіші қызымды ғана сүйе алыппын. Баламыз бен келінге тек немеремізді уақытында сүйіп тұрайық деп жатырмыз ғой.
Ене мен келін, ата-әженің немерені бауырға басу тәрбиесінде бірлестік төрайымы Бақыткүл Райымбаеваның да өз айтары бар.
– Адамдардың бәрі пәк періште емес. Бір кемшілік бәріміздің бойымыздан да табылады. Дегенмен де, әлгіндей көзге ұрып тұратын келеңсіз жағдайдың куәсі болған соң, осы іс-шараны ұйымдастыруды жөн деп шештім. «Қалауын тапса, қар жанады» дегендей, көп болып қолға алсақ, нәтижесі болатыны анық. Келгендеріңізге рақмет. Мен отбасының тұңғышымын. Әжемнің қызы болып өскенмін. Әжем қаталдау кісі болды. Оған қоса, немеренің үлкенін қазақта атасы мен әжесінің еншілейтін дәстүрі бар. Бірде еңбектеп жүрген кезімде әкем жұмыстан келеді. Есіктен кірген бойда ойында ештеңе жоқ мені жерден көтеріп, құшақтап сүйеді екен. Соған әжем ашуланып, әкемнің қолынан сүйреп, қорадағы құдықтың ішіне итеріп жіберіпті. Құдық іші белден су екен. Одан бірде еңбектеп келіп нан жайып отырған анамның ұнын шаша берсем керек. Анамның қой-қойына көнбесем керек-ті, қолындағы оқтауымен мені түртіп қалған ғой. Мұны көріп қалған әжем тағы да анама дүрсе қоя беріпті. Иә, немере өз балаңнан ыстық болады деген осы шығар, бәлкім?! Жақсы көруге, еміренуге болады, бірақ өзінің мөлшерімен, орнымен болуы тиіс деген пікірдемін. Әжемдер енді ескінің адамы. Қазір заман да, заң да жаңа. Кімнің баласы болса да, ата-ананы сыйлауы тиіс ұрпағы. Әрбір істеген ісіңнің алдыңнан шығып отыратынын ұмытпасақ игі, – деді ол ұлағатты сөзін арнап.
Шай ішіп, дастарқаннан дәм тата отырып, сырласқанның, сыйласқанның жөні бөлек. Әлбетте тақырып тәрбие тұрғысында болғанда оған кім болсын бей-жай қарай алмайды. Осы тұста сөз тізгінін аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Төлегенқызы алды.
– Тақырып жақсы таңдалған екен. Әр нәрсеге өзі бір себеп болады ғой. Бақыткүл замандасымыз қоғамнан сондай келеңсіз жағдайды көзімен көрген соң басымызды қосып, ортада пікір білдіру, ой айтуды қолайлаған екен. Өте құптарлық. Жанұядағы анасы мен қызының, енесі мен келінінің қатынасы маңызды саналады. Қыз бала ертеңгі босаға аттайтын болашақ келін. Психологиялық тұрғысында да көмектер беріле жатар. Дегенмен, қоғам тарапынан да ықпал ету керек. Адамның білместігін, қателігін бірден ащы тілмен бетіне баспай, өмір көрген аналарымызды қосып алып, дастарқан басы бола ма, іс-шара бола ма, әлде отбасына барып па, қиын-ау деген азаматшаларымызға осындай қолдаулар жасасақ, нұр үстіне нұр болмай ма?! Қалада әйелдер кеңесі осындай тәрбиеге мұқтаж отбасыларды зерттеп жүргенде, бір жанұяның қызының тұрмысқа шығып жатқанынан хабардар болады. Тойға шашуын апарып, жақсы тілегін білдіріп кетеді. Бұған қуанған қыздың ата-анасы мен бірге, құда-құдағай жағы да риза болысыпты. Міне, жылылықтың, мейірімнің жемісі деген. Әйелдер кеңесінің мүшелері сол отбасымен келе-келе достасып, сыйласындай болып кеткен. Аралас-құраласып, бір жанұяны қатарына қосқан. Бұл керемет емес пе?! Сөйтіп бір отбасын жылы қарым-қатынаспен қоғамға тартқан. Барлық адамда жақсы да, жаман да мінез болады. Біз соның қайсысын шығарамыз, соған көп байланысты. Сол себепті де «Өзіңіз қандай болсаңыз, әлем сондай» деген қағидаға қайта ораламыз. Қолдан келгенше бір-бірімізді қолдап, көмегімізді беріп жүруден тартынып қалмайық, – деді ол жиналған қауымды игі іске шақырып.
Осы кезде ауданымызға еріктілердің көшбасшысы ретінде танылып жүрген қоғам белсендісі, медицина саласының қызметкері Әсем Мерекова да араласа кетті.
– Мен де ата мен әженің бауырында болдым. Анамды кешеге дейін жеңгем секілді көрдім. Жалпы өмірден түсінгенім, әке-шешенің батасы болмай, жолыңның болмайтыны. Сегіз жасымда мені әкем ата мен әжемнен ұрлап алып кетіпті. Сегіз жасқа дейін әжем мені арқалап жүрді. Қайда барса да қасынан тастамайтын. Кейде сондай баратын жерден қалып қойғанымда ол келгенше қиғылық салатынмын. Үйге келгенше жылап жататыным әлі есімде. Ерке болдым. Менен кейінгі бауырларым анамызды «мама» деп атаса, мен айта алмайтынмын. «Сізді шақырып жатыр, сізбен сөйлесем дейді...» дегенмен шектелетінмін. Анам деп мойындай алмайтынмын. «Ештен кеш жақсы» дегендей, бүгінде шүкір бәрі қалпына келді. Апалайтын болдым. Ата-анамнан кешірім сұрадым. Олар да махаббатымызды сенен аяп қалған кезіміз жоқ деп жатыр. Бірақ шынымен де, үйде туған, мереке күн болатын болса, менің туған күнім ғана аталып өтілетін. Жаңа киім-кешек болса, алдымен маған сатып әперетін. Базарлық та маған. Бұл жерде мен олардың ата-аналық мейірімін дұрыс қабылдай алмаған екенмін. Түсініп жатқанымдай, әке-шешенің батасынсыз өсіп-өне алмайды екенбіз, – дейді ол сырымен бөлісіп.
Іс-шарада аудандық мәслихаттың депутаты, Жыраулар үйінің қызметкері Айдынбек Скендіров, еңбек ардагері Бақыт Маханова, аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Айнұр Қасымова және басқа да ата-аналар пікірлерін ортаға салды. Жылы қабақты басқосудан ұққанымыз – қанша сәтсіздіктің дәмін татсақ та, адал ниеттен айырылмау барлығымызға парыз!
Отырыс қорытындысында білім саласының ардагері, ардақты ана Арзанкүл Абдуллаева Ақтөбе қаласына республикалық жарысқа қатысуға жол жүргелі тұрған қоғамдық бірлестіктің балаларына тілегін арнап, аналық ақ батасын берді.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
21 желтоқсан 2022 ж. 436 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 374

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 454

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930